Көрші елдің Сауда-өнеркәсіп палатасының конгресс-орталығында өткен кездесуде Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Ресейдің әлеуетті инвесторларына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенімізді білдірді. Бұл ретте біздің аймақта шетелдік кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер беру, кеңселер ұсыну, жұмысшыларға әлеуметтік қызметтер көрсету сынды мүмкіндіктердің барын айтты. Одан бөлек, мемлекеттік қолдаудың бірыңғай кепілдендірілген шаралары бар. Мәселен, инвесторларға екі жылға қайтарымсыз негізде кеңселер беріледі. Инвесторлар жұмысқа алатын қызметкерлердің отбасы мүшелерін жұмыспен, оқу орындарымен қамту да қиындық тудырмайды.

Сонымен қатар, аймақ басшысы өңірдің сыртқы сауда көлемінің 40 пайыздан астамы Ресей Федерациясына тиесілі екенін атап көрсетті. Мәселен, 2018 жылы Павлодар мен Ресей облыстары арасындағы тауар айналымы 1,8 млрд. АҚШ долларын құраған. Бұл 2017 жылдың көрсеткішінен 25 пайызға жоғары. Аталмыш көрсеткішті одан әрі арттыру үшін Болат Бақауов ресейлік бизнес өкілдерін Павлодар облысында кәсіп ашуға шақырды.

– Біздің өңір тоғыз жолдың торабында орналасқан. Дәлірек айтсақ, жолдардың негізгі күретамыры саналатын Оңтүстік Сібір және Орталық Сібір темір жол желілерінде орын тепкен. Павлодар облысы арқылы республикалық маңызы бар жолдар өтеді. Әуе және өзен қатынасы оң жолға қойылған. Облыс географиялық тұрғыдан да тиімді орналасқан.

Павлодар облысынан 500 шақы-рымдық аралықта Қазақстан мен Ресейдің ірі қалалары бар. Аймақта су мен пайдалы қазбалалар қоры жеткілікті. Сондай-ақ, қазақстандық ферроқорытпаның 65,2 пайызы, бензиннің 46,3 пайызы, глинозем мен өңделмеген алюминийдің 99,6 пайызы біздің облыста өндіріледі. Елімізде өндірілетін көмірдің 60 пайызы да біздің өңірге тиесілі, – деді Б.Бақауов.

Мәскеудегі бизнес-форумға «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының басшысы Бауыржан Сартбаев та қатысты.

– Біздің компания әлеуетті елдердің тізімін жасады. Біз үшін Ресей Федерациясымен байланыс орнату - маңызды бағыттың бірі. Ресейлік инвесторларды көбінесе Қазақстандағы саяси тұрақтылық, кәсіпкерлік қызметті реттейтін заңнамалық база, салықтық жеңіл-діктер және инфрақұрылымның дамуы қызықтырады. Бүгінде ресейлік инвес-торлармен жалпы құны 4,8 млрд. АҚШ долларын құрайтын жобалар бойынша жұмыс жүргізілуде, – деді Б.Сартбаев.

Сонымен қатар, бұл күні облыс әкімі Болат Бақауов Ресейдің Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Дмитрий Курочкинмен кездесті. Қос тарап әріптестік байланыс орнатудың тиімді тетіктерін талқылады.

- Біздің палата мен оның филиалдарына түрлі жобаға қаржы құюға дайын кәсіпкерлер жиі келеді. Бірақ инвесторлардың бәрі бірдей көршілес елдегі облыстардың мүмкіндіктері туралы біле бермейді. Қазіргі таңда біздің Қазақстандағы өкілдігіміз жоқ, десе де «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Бұл ретте бізге Қазақстанмен тікелей байланыс орнату маңызды, - деді Д.Курочкин.

Форум аясында екіжақты бірнеше келісімге қол қою жоспарланған. Сондай-ақ, аймақ басшысы бірқатар ресейлік бизнес өкілдерімен келіссөздер жүргізбек.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі.

saryarka-samaly.kz