Бұл деректерді алға тартқан облыс әкімі Болат Бақауов Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында осы тақырыпқа қатысты арнайы жазба жариялады. Мұнда аймақ басшысы еліміздің өзге өңірлері тұрғындарын облысымызға қоныс аударуға шақырды.

- Ағымдағы жылы аймағымызға қоныстанғандардың жартысынан көбі – көпбалалы отбасылар. Қазір әрбір отбасының жеке баспанасы бар. Көшіп келген еңбекке жарамды адамдардың бәрі тұрақты жұмыспен қамтылды. Олардың балаларына балабақша мен мектептерден орын берілді. Бұл ретте, Павлодар облысындағы білім беру деңгейінің жоғары екенін көпшілік жақсы біледі, - дейді облыс әкімі жазбасында.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Қазақстанда жұмыс күші көп өңірлердің барын тілге тиек етті.

- Ол жақта жұмыс табу қиын. Ал біздің облыста 25 000 бос жұмыс орны бар. Оның 10 000-ы – тұрақты жұмыс орны. Аймақта ірі өндірістік кәсіпорындар бар. Шағын және орта бизнес қанат жаюда. Агроөнеркәсіп кешені де қарқынды даму үстінде. Осы орайда, «Nurly Ertis» бағдарламасы аясында әрбір тұрғынды баспанамен, медициналық көмекпен, тұрақты жұмыспен, олардың балаларын білім беру ұйымдарымен қамтамасыз ететінімізді еске салғым келеді, - деді Б.Бақауов.

Сондай-ақ, облыс әкімі бұл ақпаратты кеңінен таратып, Instagram желісінің қолданушыларынан Павлодар облысына көшіп келуге ниетті таныстары мен туыстарын белгілеуді сұраған. Айта кету керек, жоғарыда аталған бағдарлама облыс басшы-лығының бастамасымен қолға алынғаны белгілі.

 

Өз тілшіміз.

saryarka-samaly.kz