Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыс әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары Алмас Батанов және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Сәдібеков күзгі жиын-терім науқанының қорытындысын мәлім етті. Облысымызда астық, картоп жинау науқаны толығымен аяқталған. Көкөніс жинау мәреге таяп келеді.

Нәтижеге келер болсақ, аймақ шаруа-лары 790 мың тонна шамасында астық жинаған. Өнімділігі орташа есеппен алғанда гектарынан 10,5 центнерді құрады. Бұл - өткен жылға қарағанда сәл төмендеу көрсеткіш.

- Үстіміздегі жылдың жаз айларында ауа райы қолайсыздау болғанын ескерсек, 10,5 центнердің өзін оң бағалауға болады. Диқандар жаңа технологиялардың, ерекше күтім жасағанның нәтижесінде осындай жақсы көрсеткішке қол жеткіздік, - дейді облыс әкімінің орынбасары А.Батанов. Сондай-ақ, Алмас Сұлтанұлы биыл облысымыз бойынша егістік алқаптарының көлемі 1 млн. 100 мың гектарды құра-ғанын атап өтті. Бұл - өткен жылдан 87,3 мың гектарға, яғни 8,6 пайызға артық көрсеткіш.

Әзірге облыс шаруалары жиналған астықты сатуға асығып жатқан жоқ. Өнімді тазалап, кептіріп, сақтаудың қамына кіріскен. Бұл ретте, аймағымыздағы элеваторлар 330 мың тонна астық қабылдайды деп жоспарланған. Әзірге оның 8 пайызы аталмыш астық қабылдау орындарына жеткізілді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Н.Сәдібеков «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» астықтың бағасын тоннасына 70-76 мың теңге аралығында бекіткенін мәлімдеді. Бұл – шаруалар үшін қолайлы ұсыныс. Әрине, бидайды сатып алар алдында оның сапасы ескеріледі. Дегенмен, павлодарлық астық ел нарығында, тіпті шетелде болсын жақсы бағаланатыны жасырын емес. Осы жайттарды ескере келе, мамандар алдағы уақытта ұн, нан бағасы тұрақты болады деп болжап отыр.

Облысымызда картоп 18 мың гектар алқапқа отырғызылған болатын. Ол да толығымен жиналды. Жалпы түсім 542,0 мың тоннаны құрады. Орташа өнімділік - гектарынан 304 центнер. Былтыр бұл көрсеткіш 278 центнер шамасында болған еді.

- Қазір картоптың келісі егістіктен 45-55 теңге аралығында босатылуда. Әлеуметтік дүкендерде 60 теңге шамасында болуы тиіс. Аталған сауда орындары бағаны одан асырмауы тиіс, - деді Н.Сәдібеков.

Әзірге көкөніс жинау жұмыстары жалғасуда. Бұл өнімдердің 90 пайызы қоймаларға жеткізілген. Ал мал азығына келер болсақ, көрсеткіш көңілге қонымды. Биыл шаруалар 1,5 жылдың қорын әзірлеп үлгерген. Алғашында аймақ бойынша 911,5 мың тонна шөп, 201,6 мың тонна пішендеме, 118,7 мың тонна сүрлем дайындау жоспарланған болатын. Іс жүзінде бұл жоспар 47 пайызға артық орындалды. Нәтижесінде 1341 тонна мал азығы дайындалды. Оның 965 мың тоннасы қыстақтарға жеткізілген.

А.Батановтың айтуынша, бүгінде облысымызда 75 мың гектар суармалы алқап бар. Алдағы уақытта оның көлемін 100 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Жалпы, аймағымызда ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамып келеді. Инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.

Биыл 530-дан астам шаруашылыққа 4,5 млрд. теңге шамасында инвестициялық субсидия берілген. Жобалар әлі де бар көрінеді. Сондықтан облысымызға 6 млрд. теңге көлемінде қосымша қолдау қаржысы қажет. Жыл соңына дейін 4 тауарлы сүт фермасы іске қосылмақ.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz