Шараны облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті бірлесіп ұйымдастырған. Диктант мәтінін осы оқу орын жанындағы «Филология және журналистика» кафедрасының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Баян Қожахметова оқыды. Студенттердің жазғанын тексеріп, қорытынды шығаратын қазылар алқасының төрағасы, филология ғылымдарының докторы Айман Зейнулинаның сөзінше, латынша диктант жазу ПМУ-де бұған дейін де бірнеше рет ұйымдастырылған.

- Латын қарпін меңгеру – бүгінгі заманның талабы. Сондықтан, жаңа әліпбидің Үкімет бекіткен соңғы нұсқасы бойынша оқу, жазуды жастарға үйрете беруіміз керек. Қазіргі күні біз студенттер арасында «Латынша жазайық» акцияларын жиі ұйымдастырып тұрамыз. Екінші бір мәселе, алдымен осыны оқытатын мұғалімдерді дайындау. Біздің кафедраның үш оқытушысы жақында Нұр-Сұлтан қаласындағы А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтында арнайы курстан өтіп, сертификат алып келді, - дейді Айман Файзуллақызы.

Жалпы, осы жолғы диктантқа бірінші рет қатысқан студенттер де болды. Кейбір жастардың айтуынша, латын графикасының бұл нұсқасын меңгеруге ешқандай кедергі жоқ.

- Латын графикасы бойынша диктант жазуға бұған дейін де бірнеше рет қатысқанмын. Басында қиындықтар болды. Дегенмен, меңгеруге ниеті барлар үшін үйренуге тұрарлық. Ол үшін бір мәтінді бірнеше рет қайталап жазу қажет. Міне, сонда бірден есте сақталады екен, - дейді Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледжінің студенті Айнұр Темірова.

Жақында осы диктанттың қорытындысы анықталып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Османованың сөзінше, өткен жылғы республика деңгейінде өткен ашық диктантқа біздің облыстан 80 мыңнан астам адам қатысқан. Демек, қазақстандықтардың жаңа әліпбиді оқуды және жазуды меңгеруге деген құлшыныстары жоғары. Мұндай шаралар алдағы уақытта да көптеп ұйымдастырылатын болады.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz