Салтанатты шара барысында кеш иесінің айтулы ғұлама, әулие, философ, ақын Мәшһүр Жүсіп Көпеев туралы жазған 5 томдық кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Әдеби шараға облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов, республикалық «Жұлдыз» журналының бас редакторы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғалым Жайлыбай, Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының директоры, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Арман Қани, сондай-ақ басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.

Әдеби шара барысында аталған басқарма басшысы Ернұр Дәуенов абыз ақсақалға ұзақ ғұмыр тілеп, облыс әкімі Болат Бақауовтың арнайы құттықтау хатын тапсырды. Кеш иесінің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Ақынның қаламынан бұған дейін «Жыр жиһазы», Сұлтанмахмұт Торайғыров жайлы «Жалынды демократ» атты кітабы дүниеге келген еді. Ал бүгін Мәшһүр Жүсіп Көпеев туралы «Мәшһүр», «Жүсіп», «Көпеев», «Ғұлама», «Адам» атты бес кітабы оқырман назарына ұсынылды. Елге белгілі ақын, «Абай» сыйлығының иегері Ғ.Жайлыбай ардагер ұстаздың қаламгерлік қырына тоқталып өтті.

- Мен Баянауыл топырағынан шыққан ұлы перзенттердің рухына бас иемін. Осы өңірдің тумасы Жаяу Мұсаға арнаған «Ақсиса» атты поэма жаздым. Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақтың белгілі қаламгері Жұмабай Шаштайұлымен бірге Баянауылға жол түсті. Сол сапарда Зекебай Солтанбайұлын алғаш рет көрдім. Ағамызбен жөн сұраса келе шығармаларымен де таныса бастадым. Әсіресе, З.Солтанбайұлының Мәшһүр Жүсіп туралы еңбектері ерекше назарымды аударды. Мәшһүр Жүсіп - қазақтың кесек тұлғаларының бірі. Әулие туралы кітап жазу былай тұрсын, оның еңбектерін түсініп оқу үшін де үлкен дайындық керек. Ал Зекебай ағамыздың ғұламаға арналған 5 томдық эпопеясы - қазақ әдебиетінің олжасы, - деді Ғалым Жайлыбай.

Зекебай Солтанбайұлы Баянауылдағы Егіндібұлақ орта мектебін ұзақ жылдар бойы басқарды. Жаңашыл басшы аудан бойынша оқушыларды политехникалық еңбекке баулу ісін бірінші болып қолға алды. Осынау білім ошағында оқып шыққан Әди Әлкебаев, Төлеутай Молдабеков, Баян Тілеубаев, Жұмажан Пәруов, Әнуарбек Кісентаев, Жексенбай Әбсалимов сияқты шәкірттері облыс, республика көлемінде жауапты лауазымды қызметтер атқарып, ұстаз сенімін ақтай білді. Сондай-ақ, Егіндібұлақ мектебінің түлектері - Асығат Тұрғанбеков, Таңат Ахатов сынды Зекебай Солтанбаевтың шәкірттері әдебиетші, ақын болса, Үсен Жұмагелдин - сәулетші, қолөнер шебері, Сәрсенбай Садығазин өнер адамы атанды. Егіндібұлақ мектебінен Зекебай Солтанбайұлы басшылық еткен жылдары жеті бірдей Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздіктері шықты. Бойындағы асыл қасиеттерімен көпке үлгі бола білген ақсақал бүгінде ел арасында ерекше сый-құрметке ие. Тоқсанға жасы таяған шағында Зекебай Солтанбайұлы өңіріміздің бетке ұстар ақылшы абызы, ел тұтқасына айналды. Ұлағатты ұстаз, ардагер, Қазақстан Республикасы ағарту ісінің үздік қызметкері, Ы.Алтынсарин медалінің иегері З.Солтанбаевтың жүріп келе жатқан жолы жас ұрпаққа өнеге.

Зекебай Солтанбаев өзінің ұстаздық еңбек жолын өнермен, әдебиетпен өзектес өре білді. Зекебай ағаның сазгерлік қыры да көпке мәлім. Сазгердің «Егіндібұлақ вальсі», «Баян гүлдері», «Әкеме», «Бауырыма», «Баян деген...» сынды жүрек тебірентерлік сазды әндері жұртшылық сүйіп тыңдайтын әуенге айналды. Кеш барысында ақынның әні мен сөзіне жазылған шығармаларды жергілікті өнерпаздар нақышына келтіре орындап, көшіліктің көңілін серпілтіп тастады.

Әдеби-рухани шара соңында Зекебай Солтанбайұлы көпшілік қауымға ақ көңілден алғысын білдіріп, жас ұстаздарға білімді, білікті, адал ұрпақ тәрбиелеу туралы өсиет айтты.

Сондай-ақ кешке жиналғандар ардагердің кітаптары мен мерзімді басылымдарға жарияланған дүниелерінен жасақталған көрмені тамашалады.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz