Павлодар қаласына қарасты Павлодар ауылының аумағында көшет салуға аймақ басшысы Болат Бақауов, облыстық және қалалық әкімдіктер қызметкерлері, «Nur Otan» партиясының, «Жасыл ел» еңбек жасағының өкілдері, барлығы 500-ден астам адам қатысты.

Жалпы аумағы 5 гектар болатын жерге 35 мың қарағай көшеті отырғызылды. Мамандардың айтуынша, Павлодар ауылы мен Павлодар мұнай-химия зауытының аралығы таңдалып алынуы тегін емес.

Осы аймақта өндірістік орындар орналасқандықтан, ауаны тазартып, экологиялық жағдайды жақсарту үшін жасыл желектің жайқалғаны маңызды. Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурс-тары басқармасы басшысының орынбасары Марат Қалиасқаров көшеттер отырғызылатын аумақ алдын ала дайындалып, бірнеше күн бойы суарылғанын айтты.

Мұнда «Ертіс орманы» резерватының тәлімбағында өскен екі жылдық қарағайлар егілді. Олардың өсіп-өнуін жергілікті әкімдік пен орман күзетшілері бақылайтын болады. Ал орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары көктемде көшеттерді түгендеп, есепке алмақ.

- Бүгін әкімдік қызметкерлері, қоғам белсенділері, журналис-термен бірге қарағай көшеттерін отырғыздық. Демек, бұдан былай бұл көшеттерді күтіп, баптау – бәрімізге ортақ міндет. Осы орайда Павлодар ауылы әкімдігінің қызметкерлеріне осы аумаққа қараусыз жүрген малдардың кіріп кетпеуін, ал мамандарға көшеттердің уақытылы суарылуын бақылауды тапсырамын. Өзім де жиі келіп, жақсы күтім жасалуын қадағалайтын боламын, - деді Б.Бақауов.

Айта кетелік, бұл күні «Қазақстан алюминийі» АҚ аумағында да 35 мың көшет отырғызылды. Жалпы, облыс аумағында ағаш отырғызу акциясы бірінші рет қолға алынып отырған жоқ.

Осыдан екі апта бұрын ел көлемінде экологиялық сағат бастау алғаны белгілі. Осы шара аясында облыс орталығы мен оған іргелес жатқан ауылдарда 15 мың көшет отырғызылды. Аймақ басшысы Болат Жұмабекұлының бұл көрсет-кішті арттыруға қатысты тапсырмасына сәйкес, бүгін тағы 70 мың көшет егілді. Демек, облыстың орман қоры айтарлықтай көбейді. Сонымен қатар, бұл экологиялық мәселенің шешілуіне әсер етері сөзсіз.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz