Баянауыл аудандық әкімдігінің ұйым-дастыруымен өткен әдеби шара таутұлғаның кіндік қаны тамған қасиетті өңір Баяна-уылда қорытындыланды. Сөз аламанында бағы жанып, мерейі үстем болғандарды марапаттау үшін қазылар алқасының төрағасы, ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Ғалым Жайлыбай өңірімізге арнайы келді.

- 1998 жылы қазақтың жезкиік ақыны - Кәкімбек Салықов хабарласып, Қаныштың атындағы қор құратыны туралы айтты. Жәрдем беруімді өтінді. Қуана келісіп, қолымнан келгенше көмектестім. Бұл еліміздегі Қаныштың есімін ұлықтаудағы алғашқы қадамдардың бірі еді. Қасиетті Баян жері бәрімізге де ыстық. Бір кездері Әбіш Кекілбаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза-Әлімен бірге талай мәрте осы топыраққа табанымыз тиіп, алдымыздағы ағалардың Баянауыл туралы әсерлі әңгі- мелерін естідік. Ілгеріде жас ақын-жазушы-лардың форумы тұңғыш рет Баянауылда ұйымдастырылды. Осының барлығы да Баян жерінің қазақ руханиятының алтын бесігі екендігін айқындап тұрғандай. Қазақтың Қанышына өлең арнау - кез келген ақын үшін жоғары мәртебе, үлкен жауапкершілік дер едім, - деді Ғалым Жайлыбай.

Қазылар алқасының мүшесі, ақын, халықа-ралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Арман Қанидың айтуынша, Қ.Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толуына орай ұйымдастырылған жыр мүшәйрасына еліміздің әр өңірінен 30-дан астам туынды келіп түсті. Қазылар алқасының шешімімен республикалық жыр мүшәйрасының бас жүлдесі қарағандылық ақын Жәнібек Әлиманға бұйырды. Ал жүлделі I орынды Нұр-Сұлтан қаласынан келген Олжас Қасым иеленді. Қарағанды облысы, Балқаш қаласының ақыны Айдын Байыс пен түркістандық Мұқағали Кенжетайұлы II орынды қанжығасына байлады. Ал жүлделі III орын үш ақынға бұйырды. Олар - шығысқазақстандық Серікжан Қажытай, баянауылдық ақындар Жоламан Әйткен мен Мұсабек Сейсенбекұлы. Сонымен қатар облыстық «Найзатас» әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналының арнайы жүлдесіне Екібастұз қаласының үміткері, ақын Рауан Қайдаров лайықты деп танылды. Ал аудандық «Баянтау» газетінің арнайы жүлдесі Аққулы ауданының ақыны Бақберген Дариғаұлына берілді.

Осылайша, қазақтан шыққан тұңғыш ака- демиктің өнегелі өмірін жырына арқау еткен ақындардың өнер бәйгесі өз мәресіне жетті.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz