Қазақстандық жауынгерлерден құралған батальон тәжік-ауған шекарасын қорғауға ұзақ уақыт бойы қатысты. Бұл аумақты қылмыскерлер халықаралық есірткі және қару-жарақ тасымалын іске асыруға пайдаланған болатын. Бастапқыда біздің сарбаздарымыз қарулы топтардың шабылуына да ұшырады. Әсіресе, 1995 жылғы Пшихавр шатқалында болған ұрыста 17 қазақстандық көз жұмып, көптеген батыр ұлдарымыз жараланған болатын. Одан кейін де бейбітшілік орнату мақсатында біздің жігіттер сол шекарада қырағылықпен көзге түсіп, міндеттерін абыроймен өтеген болатын. Бүгінде сол аумақта әскери парызын атқарып келгендер арамызда жүр. Халық арасында зор құрметке ие. Десе де, олар қазір денсаулықтарының нашарлауына байланысты, тағы да басқа себептерге орай әлеуметтік қорғауға мұқтаж. Бұған дейін тәжік-ауған шекарасында болған әскерилер ешқандай әлеуметтік көмек, жеңілдіктер алмай келген болатын. Бірақ олардың кезінде өз әскери борышына адалдық танытып, отансүйгіштіктің жарқын үлгісін көрсеткенін бүгінгі жас ұрпақ бағалауға, мақтан етуге тиіс. Бұл істер ең алдымен мемлекеттің кешегі сарбаздарға «ардагер» мәртебесін беруден басталады.

Сан мәрте айтылған ұсыныс қабылданып, мәселелер жақын уақытта түбегейлі шешілетінге ұқсайды.

Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов Премьер-Министр А.Маминге 2019 жылдың 23 қыркүйегінде тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік қимылдар мен әскери қақтығыстарына қатысқан отандастарымызға «Ардагер» мәртебесін беру туралы хат жолдаған болатын. Аталмыш хатқа еліміздің Қарулы күштерінің бас штабы жауабын берді. Бұл туралы «Ақ жол» партиясының баспасөз қызметі хабарлады.

Жалпы, 1992-2001 жылдар кезеңіндегі тәжік-ауған шекарасын қауіпсіздікпен қамтамасыз етуге арналған бұл әскери қимылдарға Қазақстаннан он мыңға жуық жауынгер қатысты. Олардың алдыңғы буын офицерлерінің алды бүгінде алпыстан асса, ең жасы қырық бесте екен.

Мысалы, 1995 жылдың 7 сәуірінде, Пшихавр шатқалында Тәжікстан шекарасын қару-жарақ пен есірткі дәлізіне айналдырмақшы болған, мұздай қаруланған лаңкестермен болған кескілескен шайқаста 17 қазақ сарбазы қаза болып, 30-дан аса жауынгер ауыр жарақат алған.

«Бүгінде Қазақстан – бітімгершілік дайындыққа баса назар аудара отырып, БҰҰ миссиясы аясында оның географиясын кеңейтуге мүдделі ел. Ағымдағы жылдың өткен айында біздің еліміз 170 бітімгер дайындады. Ертең әлем елдеріндегі бейбіт өмірді қолдау үшін отқа түсетін біздің бітімгер сарбаздарымыз да ескерусіз қалмай ма? «Ерім» деген ел болмаса, «Елім» деген ер қайдан шығады?!» - деп жазды депутат өз хатында.

Депутат әлеуметтік әділдікті орнату мақсатында мемлекет тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтаудағы ерен ерліктерін бағалай отырып, өсіп келе жатқан жас буынды тәрбиелеудегі маңыздылығын ескере отырып, тәжік-ауған шекарасындағы ұрыстарға қатысқан жауынгерлерге тиісті құрмет көрсетілуін сұраған болатын.

Жуырда депутаттық хаттың жауабы келді. Еліміздің Қарулы күштерінің бас штабы осы мәселе жөніндегі өтінішті қарағанын, 2018 жылғы 28 ақпанда «Ардагерлер ұйымдары көтеретін мәселелерді шешу жөніндегі ұсыныстарды дайындау жөнінде» Заң жобасы жұмыс тобының құрылғанын және «Қазақстан Республикасы кейбір заңнамалық актілеріне жеке санаттағы азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы әзірленгенін жеткізді. Онда 1992-2001 жылдары Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде ТМД-ның сыртқы шекарасын қорғауды күшейтуге қатысқан әскери қызметшілерге «Ардагер» мәртебесін беру туралы нормасы енгізілгенін атап өтті.

Тәжік-ауған шекарасында қақтығысқа қатысқан, сол жерде әскери борышын өтеп келген павлодарлық азаматтар да баршылық. Олардың ерлік жолы туралы жергілікті баспасөзде жиі жарияланып тұрады. Кешегі сарбаздар мектептерде патриоттық сабақтар өткізуге қатысуда. Өткен жылы тәжік-ауған қақтығысындағы құрбандарға тағзым ретінде Павлодар қаласында ескерткіш ашылған. Биіктігі 3 метр монументті жергілікті мүсінші Игорь Исаков жасаған болатын.

Кешегі сын сағатта ерліктің үлгісін көрсеткен батырларымызға қандай құрмет танытсақ та артық емес. Бұл келешегін ойлаған елдің қасиетті міндеті деп ұғуымыз керек.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ

saryarka-samaly.kz