Жиынға өңірдегі жоғары оқу орындарындағы тарих кафед-раларының оқытушылары мен студенттері қатысып, ғалымдар туралы өз зерттеулерін ортаға салды. Қазақ тарихының зерттелуіне және ғылыми айналымға енуіне Ертіс-Баян өңірінен түлеп ұшқан тарихшылардың қосқан үлесі қомақты. Олардың бір парасы әлемдік деңгейде танымал. Мысалы, қазақ даласында архео- логия ғылымының негізін салған Әлкей Марғұлан болса, көрнекті тарихшы ғалым Ермұхан Бекмаханов - Қазақ КСР тарихы- ның алғашқы авторларының бірі. Сонымен қатар, Баянауыл ауданы- ның тумасы, академик Серікбай Бейсенбаев - республикалық партия мектебі директорының орынбасары болып, ондаған шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Міне, осы секілді мысалдарды көптеп келтіруге болады. Олардың жазып қалдырған ғылыми мұраларының барлығы - ұрпақтан-ұрпаққа жететін аса құнды еңбектер.

- Баршаңызға белгілі, 1943 жылы Қазақ КСР тарихын жазу қолға алынған болатын. Соның 14-ші тарауын өзіміздің жерлесіміз, белгілі тарихшы, ғалым Ермұхан Бекмаханов жазған. Ғалым өзінің еңбегіне «Қазақстан – отар ел» деген тақырып қойған екен. Соғыс кезінде, яғни Сталин саясатының дүркіреп тұрған шағында Қазақ КСР тарихының бір тарауын ұлттық мүдде тұрғысында жазып, тақырыбын да солай айқайлатып қоюдың өзі үлкен ерлік еді. Ол жоғары оқу орнын бітіріп келген соң, ауылдық мектепке мұғалім болып барады. Соның өзінде ол 800 беттен тұратын зерттеу жазды. Ермұхан Бекмаханов қанша қудаланып жүрсе де, тарихи ізденістерін тоқтатқан жоқ. Кенесары Қасымұлы туралы зерт-теуін де өте құнды еңбек деуге болады, - деді тарих ғылымдарының кандидаты Зәмзәгүл Сабданбекова.

С.Торайғыров атындағы ПМУ профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Зият Әйткеновтің сөзінше, Серікбай Бейсенбаев балалық шағынан бастап қиындықты көп көрген. Ата-анасынан ерте айы-рылып, туысқандарының қолында тәрбиеленген. Ол Украинаның Харьков қаласындағы советтік сауда институтын бітіріп, әр салада жауапты қызмет атқарған. Қазақстанның геологиясы мен жер қыртысының терең қойнауларын кешенді зерттеу жолында тер төккен. Қазақ КСР-і, КСРО Мемлекеттік және Қ.И.Сәтбаев атындағы сыйлықтарының лауреаты. «Ленин», «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет» ордендерімен, медальдармен марапатталған. Алматыда «Динамо» шахмат клубын ашып, кейін сол клубтың директоры болды. Кітапханада өткен «Павлодарлық ғалымдардың отандық тарихты зерттеуге қосқан үлестері» атты дөңгелек үстелде Қаныш Сәтбаев, Әбікей Сәтбаев, Қалижан Бекқожин туралы да мол мағлұмат айтылды.

Жергілікті ғалымдар аталған тұлғалардың еңбектері алдағы уақытта кеңінен насихатталып, бүгінгі ұрпақ оларды тереңірек тани түсуі тиіс деген байламға келді.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz