С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада танымал коллекционер Наум Шафер мен ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі радио және тележурналист Ғалия Балтабайдың жеке кітапханасының тұсаукесері өтті. Шараға қос тұлғаның жақындары мен замандастары, қаламгер әріптестері және студент жастар қатысты.

Аймағымызда алғаш болып электронды кітап шығарған Ғалия Құсайынқызының бұл еңбегі де аталмыш кітапхананың алтын қорында сақтаулы. Ғ.Балтабайдың жеке кітапханасындағы кітаптар саны 200-ден асады. Сондай-ақ өзі құрастырып, 2010 жылы басылып шыққан «Тағдырларды біріктірген Қазақстан» кітабы бұған дейін облыстық кітапханада болмаған екен.

- Менің кітапқа деген құмарлығым 4-сыныпта басталды. Кітапты білте шамның жарығымен отырып оқитын едік. Таңертең мектепке барып, түстен кейін үй тірлігімен жүріп, түннің бір уағында әдеби кітаптарды оқуға кірісетінбіз. Сол кезде анамыз керосин мен білте шамды үнемдеу үшін бізді ұйқыға жатқызатын еді. Анам ұйықтады-ау дегенде ұрланып тұрып, білте шаммен таң атқанша кітап оқитынбыз. Ал қазіргі балаларға қанша оқы десек те оқыта алмайтынымыз жанымызға батады. 1966 жылы мектепті бітіргеннен кейін Алматыға кеттім. Сол кезден бастап кітап жинадым. Пәтерден-пәтерге көшіп жүрген кезімізде де өзге заттарымыз қалса да, кітаптарды тастамайтын едік. Жаңа кітаптар шықты-ау дегенде «аңдып» жүріп сатып алатынбыз. Бұл кітаптардың барлығын біз оқыдық, ендігі арманым, осы жинақтардағы құнды естеліктер мен тарихи дүниелерді біздің жастар оқыса, елінің өткені мен бүгінін білсе деймін, - дейді Ғалия Құсайынқызы.

Ал Наум Шаферді бұқара бірегей грампластинкалардың бай коллекциясын және сирек кітаптар жинауы арқылы жақсы таниды. Кітапхананың алтын қорына тапсырған 173 кітап-журналдың арасында орыс әдебиетінің тарихы, әдебиеттану, жазушылар мен ақындардың шығарма-лары, анықтамалар мен энциклопедиялық сөздіктер бар. Бұдан бөлек, жеке кітапха- наның ашылуына келгендерді ерекше қызықтырған жәдігердің бірі - 1864 жылы жарық көрген «Настольный словарь для справок по всем отраслям знания» кітабы мен 1899 жылы шыққан «Будильний» журналы.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz