«Жүз естігеннен бір көрген» демекші, шалғайда жатқан екі мектеп оқушылары бір-бірімен кездеспекке уәделескен-ді. Сөйтіп, жақында баянауылдық оқушылар 300 шақырымнан аса жол жүріп, Ақкөл ауылына келді. Олармен бірге Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу-тәрбие кешенінің директоры Қайриден Мұзафаров, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Нескен Мәлікова, көркемөнерпаздар жетекшісі Бақыт Қырықбаев, «Жас қалам» үйірмесінің жетекшісі Гүлсім Ақаева, мұғалімдер Әсем Ілиясова, Шынар Садықова келіп, оқушылардың қуанышын бөлісті.

Бұған дейін Ақкөл орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ардақ Бозғоеваның ұйымдастыруымен қаламгер Мұхтар Әуезовтің шығармашылығына арналған апталық ұйымдастырылған болатын. Оқушылар жазушының өмірі мен шығармашылығын оқып, «Көксерек» туындысы бойынша шығарма жазды, сурет салды. Баянауылдық қонақтар келген күні апталық қорытындысы шығарылды, сурет және қолөнер көрмесі ұйымдастырылды.

Кездесуде Ақкөл ауылының әкімі Бақтияр Ақтаев, мектеп директоры Рамазан Тұрымтаев, Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу-тәрбие кешенінің директоры Қайриден Мұзафаров, Жазушылар одағының мүшесі Ақын Алақанұлы, ардагер ұстаз Нескен Мәлікова, Ақкөл ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы Мақсұт Естаев, Шідерті негізгі мектебінің директоры Бауыржан Оразалыұлы сөз сөйлеп, аталмыш шараның өтуіне ұйытқы болған «Сарыарқа самалы» газетінің редакциясына ризашылық білдірді. Келген қонақтарға аналар атынан Үміт Жиеншинова шашу шашты. Шығармашылықтарымен жетістікке жеткен Д.Қанатова, З.Сәрсембаева, Н.Ешниязова, А.Абсаттарова, т.б. «Сарыарқа самалы» газетінің арнайы дипломдарымен марапатталды.

Ақкөлдік оқушылар бұл күні бар өнерін ортаға салды, «Еркеназ», «Шаттық» топтары би биледі, М.Әуезовтің «Көксерек» туындысынан сахналық қойылым көрсетті. Баянауылдықтар да қонақкәде жасады. Белгілі өнерпаз Бақыт Қырықбаев ән шырқаса, оқушылар Қ.Садық, А.Шалабаева, Б.Қияш, М.Айтжанов, «Ақ арай» би тобы сахна төрінде өз өнерлерін көрсетті. Бұл күні оқушылар ақкөлдік саятшы Елдос Асылғазымен жүздесті. Саятшы жігіт кездесуге «Ақсоран» атты бүркітімен келіп, қазақтың тамаша бір дәстүрі-аңшылық, құсбегілік туралы әңгімеледі, күй тартып берді.

Баянауылдық қонақтар Ақкөлдегі хазірет Исабек ишан мұражайын аралап, киелі мекеннің тарихымен танысты, ауыл ортасындағы «Жайылма жазирасы» саябағына көшеттер отырғызды. Екі мектептің оқушылары үстел теннисі мен дойбыдан жолдастық кездесу ұйымдастырды. Сапар соңында қонақтар Исабек ишан кесенесіне барып тәу етті. Алдағы қыркүйекте екі мектеп арасында тағы да бір үлкен шара ұйымдастырылмақ. Енді ақкөлдік оқушылар Теңдік ауылына барып, сол жердің тарихымен танысып, «Айналайын» қосымшасы арқылы әдеби-мәдени достықты одан әрі жалғастырмақ. Бұл жоба аймағымыздың басқа мектептерінде де бастау алды.

Ақкөл мен Теңдік арасы,
Қазақтың дархан даласы.
Біріне бірі дос, бауыр,
Алаштың әрбір баласы.

Ұйқысын беріп, қайғы алған,
Ұлт үшін айтқан айбарлы ән.
«Айналайыннан» айналдым,
Алтын көпірге айналған!

 

Сая МОЛДАЙЫП
Ақкөл ауылы, Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz