- Марал Ерболатқызы, биыл тұмаудың алғашқы белгілері қандай болады деп күтілуде? Тұрғындар аталмыш дертке шалдыққанын қалай аңғарады?

- Тұмау жыл сайын әртүрлі белгі береді. Бірақ бұл ауруды вирустық инфекциядан ажырата білген жөн. Бұған салқын тию, құрғақ жөтел, көздің жасаурағанын, мұрынның бітелуін жатқызамыз. Ал тұмау кезінде адамдардың дене температурасы 39-40 градусқа дейін көтеріледі. Аталмыш ауруға шалдыққандарда алғашқы күннен-ақ осы белгі пайда болады. Жоғары температура 4-5 күнге дейін сақталады. Бір түсіп, қайта көтерілуі мүмкін. Әу баста тамақ ауруы, мұрын қуысының қабынуы байқалмайды. Бұлшық ет пен буын сырқырайды. Сондықтан адам бойында әлсіздік, бас ауруы пайда болса, дене қызуы көтерілсе, дәрігер қарауына баруы тиіс.

- Тұмауға балалар жиі шалдыға ма?

- Менің қабылдауымда тұмауға шалдыққандар әзірше кездескен жоқ. Бірақ жоғарыда айтқандай, вирустық инфекцияны осы дертпен шатастырып алған ата-аналар болды. Үйге шақырту түскен кезде құрғақ жөтел пайда болып, салқын тигізіп алған балалардың денсаулығын бақыладым. Күздің қара суығы енді басталды ғой. Тұмау енді өрши түседі.

- Одан қалай сақтанған жөн? Науқастар қалай емделуі керек?

- Қазан айынан бастап тұмауға қарсы екпе жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындар бұл вакцинадан бас тартпауы керек. Бұдан бөлек, бөлмені желдету, халық көп жиналатын орындарға бармау, дұрыс тамақтану сынды әрекеттерді орындау қажет. Тұмауды жұқтырған адамды емдеу ісімен тек қана дәрігер айналысуы тиіс. Өйткені өздігінен емделудің салдары бронхит, пневмония, гайморит, синусит және басқа да көптеген аурудың пайда болуына әкелуі мүмкін. Бұл ретте лоқсу, дененің бөртуі, тамақ ішуге деген тәбеттің жоғалуы ең қауіпті белгілерге жатады. Дене қызуын түсіру үшін сұйықты көп ішу қажет. Ағзада сұйықтық аз болса, дене температурасы түспейді. Осындай қағидаларды есте сақтаған жөн.

- Әңгімеңізге рақмет!

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz