Қазір осы бағытта жұмыстар өңірлерде де жүргізілуде. Мәселен, Шарбақты ауданының Александровка ауылында шағын өлкетану музейінде ауылдың тарихына, мәдениетіне қатысты көп дүние топтастырылған. Александровка ауылындағы өлкетану музейі осы ауылды 25 жыл басқарған зейнеткер, Шарбақты ауданының Құрметті азаматы Құсайын Букаевтың бастамасымен ашылған. Мұнда талай жылдан бері осы елді мекенде өмір сүрген және бар өмірлерін осы ауылдық округті көркейтуге арнаған адамдар туралы мәліметтер көп. Сондай-ақ, олардың ұстаған заттары мен киген киімдері бүгінде бұл музейдің құнды жәдігеріне айналған.

Музейдің ішіне ене қалсаңыз, сонау 19-шы ғасырдың соңы мен 20-шы ғасырдың басына өзіңіз сапар шеккендей боласыз. Өткеннен сыр шертетін неше түрлі көне тұрмыстық заттарды көруге болады. Музейге осы Александровка ауылдық округіне қарасты тағы бірнеше елді мекенде тұрған адамдар туралы мәліметтер мен олар тұтынған құнды заттар қойылған.

- Бұл - 1905 жылы патша үкіметінің көпестері салған үй. 2008 жылға дейін есік-терезелері қирап, бос жатқан еді. Содан кейін пайдаға жарату керек деген ой келді. Ауыл тұрғындарымен ақылдаса келе, күрделі жөндеуден өткізіп, өлкетану музейін құруды жөн деп таптық. Ауылдастарымыз да жұдырықтай жұмылып, толтыруға атсалысты. Музейде осы ауылдан соғысқа аттанған жерлестеріміз туралы мол мағлұмат табуға болады. Олардың ұстаған заттарын, киімдерін және құжаттары мен наградаларын үй-үйді аралап жүріп жинағанбыз. Мысалы, Ұлы Отан соғысының ардагері Жәлел Хамитов деген кісінің соғыс алаңына киген ұзын қоныш былғары етігі бар. Оны кейінірек балалары үй шаруасына киіп жүрген жерінен сұрап алдым, - дейді Құсайын Титайұлы.

Ауылдық өлкетану музейінің меңгерушісі Раиса Золотареваның сөзінше, құнды тарихи жәдігерлер үш залға бөлініп сақталған. Біріншісі - «Ауыл тарихы», екіншісі – «Әскери даңқ» және үшіншісі «Өлкетану» залы. «Ауыл тарихы» залында «Емхана», «Балабақша», «Мектеп», «Акимат» деп аталатын қабырғалар безендірілген. Мұнда сақталған ең құнды әрі көне жәдігерлердің бірі – 1783 жылға тиесілі қазан. Музейге ауыл тұрғыны Борис Прудников әкеліп тапсырған. Сондай-ақ, ерте заманда қазақ аналары қолданған аспалы бесік, сүйектен ойып жасаған шүмек, ағаш үтік, одан кейінірек пайда болған шойын үтік, ескі диірмен, 1960 жылдары қыз балалар киген мектеп формалары бар.

Бұдан басқа киіз үйдің ағаштары, ескі музыкалық аспаптар және шопандардан қалған ер-тұрман, жүген, ноқта сынды ат-әбзелдер бұйымы, ағаштан жасалған табақтар мен құмыралар ата-бабаларымыздың көшпенді өмір тіршілігін көз алдыңызға елестетеді. «Әскери даңқ» залында осы ауылдан соғысқа аттанған адамдар туралы суреттер мен құжаттар және олардың марапаттары мен медальдары қойылған.

- Бұл музейде балалар мен жастарға патриоттық тәрбие беру бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде. Әртүрлі мерекелерге, атаулы күндерге орай экскурсиялар, көрмелер, тақырыптық кештер, лекциялар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, интернационалист жауынгерлермен және соғыс ардагерлерінің туыстарымен кездесу кештері өткізіледі. Музейдің іс-шараларына ауылдағы мектеп оқушылары мен «Балапан» сәбилер бақшасының тәрбиеленушілері жиі келіп тұрады. Сонымен қатар, жақында «Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлестеріміздің шежіресі» кітабына материалдар жинау бойынша жұмыстар жүргіздік. Біз ауыл кітапханасы, мәдениет үйі, орта мектеп, ардагерлер кеңесі сынды мекемелермен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Сондай-ақ, облыстық музейлер ұйым-дастырған шараларға да жиі қатысып тұрамыз, - дейді музей меңгерушісі Раиса Золотарева.

 

Тілеуберді САХАБА

Александровка ауылы, Шарбақты ауданы.

saryarka-samaly.kz