2011 жылы ашылған «Әлихан» шаруа қожалығы 180 гектарға картоп, 40 гектарға сәбіз салды. Шаруа қожалығының басшысы Қуатбек Қисамиевтің айтуынша, биылғы көрсеткіш көңіл көншітерлік. Атап айтқанда, әр гектардан 300 центнер картоп және 400 центнер сәбіз жиналды.

- Өнімді өз өңірімізден бөлек, Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен қалалары, Түркістан облысы тұтынушылары алды. Картоптың келісін 90 теңгеден, сәбіздің келісін 80 теңгеден саттық. Өнімнің қалған бөлігін көкөніс қоймасында сақтап, кейін сатылымға шығарамыз, - дейді Қ.Қисамиев.

Бұған дейін аталмыш шаруашылықта 1,5 мың тонна көкөніс сақтауға арналған шағын ғана қойма болатын. Таяуда 4 мың тонна картоп пен сәбіз сақтайтын тағы бір қойманың құрылысы аяқталды. Демек, жаңа жұмыс орындары ашылады. Қазірдің өзінде «Әлихан» шаруа қожалығында 12 адам тұрақты түрде жұмыс істейді. Көктем, күз кездерінде қосымша 40-қа жуық адамды қызметке алады.

- Жыл сайын өнім көлемі артып келеді. Себебі суармалы алқапты тұрақты түрде ұлғайтып, көкөніс өсіруде Қ.Сәтбаев атындағы каналдың суын пайдаланамыз. Егер суару әдісі қолданылмаса, мол өнім алуымыз екіталай. Биылдан бастап аталмыш канал аумағындағы жерді суару жұмысы мықтап қолға алынды. Осыны ескеріп, келесі жылы алқапты тағы 70 гектарға арттыруды жоспарлап отырмыз, - дейді шаруашылық басшысы.

Айта кетелік, Қ.Сәтбаев атындағы су арнасы – аймағымыздың басты «артериясы». Жалпы ұзындығы 270 шақырым болатын оның 80 шақырымы Ақсу, қалған 190 шақырымы Екібастұз қаласына қарасты ауылдық аймақтар бойынан өтеді. Осы жылы облыс аумағында 30 мың гектар суармалы алқапты айналымға енгізу жоспарланған-ды. Осы мақсатта облыс әкімі Болат Бақауов жауапты басшыларға су арнасының сол және оң жақ жағалауларындағы 5 шақырым аумақта суармалы технологияны қолдануға болатын жер көлемін анықтап, игеруді тапсырды. Қазіргі уақытта бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарылуда.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

Ақсу қаласының ауылдық аймағы.

saryarka-samaly.kz