Облыс әкімі Болат Бақауовтың төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте жер қойнауын пайдалану мәселелері сөз болды. Бүгінде аймағымыз бойынша 69 кен орнын игеру бойынша 52 кәсіпорынмен келісімшарт жасалған. Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қабылжан Сәтиевтің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар өңірдің инвестициялық ахуалына оң әсер етеді.

- Облыста қатты пайдалы қазбаларды өндіруге 23 келісімшарт жасалды. Оның 8-і көмір өндірісіне, қалғаны түсті металлургияға қатысты. Бұл ретте, жер ресурстарын пайдаланушылардың көбі Екібастұз қаласының ауылдық аймағында, Баянауыл және Май аудандарында шоғырланған. Аталған келісімшарттардың нәтижесінде қосымша инвестициялар тартылып, жаңа жұмыс орындары ашылады, - деді Қ.Сәтиев.

Биыл еліміздің Индустрия және инфра- құрылымдық даму министрлігі «Бірінші келген бірінші алады» қағидаты бойынша оңтайландырылған тәртіппен Павлодар облысының аумағында жер қойнауын пайдалануға 16 лицензия берген. Оның басым бөлігі - қымбат металдар өндіретін орындар.

Сондай-ақ, Қ.Сәтиев өткен жылы қатты пайдалы қазбаларды өндіруші кәсіпорындар 52,5 млрд. теңге көлемінде салық төлегенін атап өтті. Бұл – жоспарланған көлемнен 30 пайызға артық көрсеткіш. Салықтық түсімдердің негізгі бөлігі Бозшакөл кен байыту комбинатына тиесілі.

Бұдан бөлек, жиын барысында облыста әлі игерілмей жатқан 63 кен орны бар екені белгілі болды. Соның ішінде Екібастұз қаласының ауылдық аймағы мен Баянауыл ауданында түрлі кен мен көмір қоры бар 12 кен орны тіркелген. Облыс әкімі Болат Бақауов игерілмей жатқан кен орындарына қатысты ақпараттарды инвесторларға арналған сайттарға орналастыруды тапсырды.

 

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz