Еркін күрестен өткен дәстүрлі турнир осымен 15-інші рет өз байрағын көтерді. Оған Павлодар облысымен қоса еліміздің өзге де өңірлерінен жалпы саны 300-ден астам спортшы қатысты.

Амантай Аймағамбетов - саналы өмірін еркін күреске арнаған азамат. Оның боз кілемде жеткен жетістігі мен дарынды шәкірттер дайындаудағы еселі еңбегі мемлекет тарапынан да елеусіз қалған жоқ. Оған 1963 жылы еркін күрестен КСРО спорт шебері атағы берілді. 2001 жылы Қазақстан Республикасы Туризм және спорт жөніндегі агенттігі дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін Құрмет белгісімен марапаттады. Амантай Сапарғалиұлы Қазақ КСР республикалық санаттағы төрешісі. Павлодар қаласының спорт ардагерлері кеңесінің жетекшісі. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Дәстүрлі турнирге Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарымен қатар Павлодар өңірінің спортшылары қатысты.

- Амантай Сапарғалиұлы - өңірдегі еркін күрсетің дамуына айрықша үлес қосқан азамат. Ол біздің аймақта қазақ жігіттерінің арасында алғаш болып КСРО спорт шебері атағын алды. Мен Амантай Аймағамбетовтей азаматқа шәкірт болғаным үшін қуанамын, - деді Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Оразалы Мұхаметәлинов.

Турнирде ұлдар 10 салмақ дәрежесінде бақ сынады. Ал қыздар арасындағы күресте 7 салмақ дәрежесі бойынша мықтылар анықталды. Дәстүрлі турнирге Амантай Аймағамбетовтің үзеңгілес замандас-тары, спорт ардагерлері мен шәкірттері қатысты.

Спорттық шараның өтуіне облыстық туризм және спортты дамыту басқармасы, Павлодар қалалық дене шынықтыру мен спорт бөлімі ұйытқы болды. Дәстүрлі турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде А.Аймағамбетов «Nur Otan» партиясының жергілікті филиалы төрағасының орынбасары И.Теренченконың Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, Амантай Сапарғалиұлының шәкірттері, кәсіпкерлер Дәурен мен Мұхит Сәдуақасовтар да ұстаздарына сый-сыяпат көрсетті.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz