Екібастұз өңіріндегі Ақкөл-Жайылма атырабында кіндік қаны тамған өнер иесінің 150 жылдық мерейтойы былтыр кең көлемде аталып өтілген еді. Әйгілі әнші 1946 жылы Ақтоғай ауданында қайтыс болды. Бүгінде Естай Беркімбайұлы жерленген елді мекен ақынның атымен аталады. Игі шараға қатысушылар алдымен Естай ауылындағы әншінің зиратына барып, құран бағыштады.

Бұдан соң аудан орталығындағы өнер мектебінің алдында орнатылған Естай ескерткіш-бюстінің ашылу салтанаты болды.

– Өткен жылы әйгілі жерлесіміздің 150 жылдық мерейтойы аясында Ақтоғай ауданында ауқымды шаралар атқарылды. Естай кесенесінің алдына кеспе тас төселіп, зиратқа апаратын жаңа жол салынды. Сондай-ақ, жас ақындар айтысы ұйымдастырылды. Айтыс барысында ақындар Естай жерленген ауданда ескерткіштің жоқтығын бірнеше рет жырына арқау етті. Осыдан соң, ескерткіш-бюст орнатуды қолға алдық, - деді Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов.

Қ.Арыновтың сөзінше, Ақтоғай ауданының өнер мектебіне Естайдың атын беру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде облыстық ономастика комиссиясы аталған бастаманы бірауыздан қолдады. Енді оны республикалық комиссия мақұлдауы қажет.

Ескерткіш-бюстің ашылу салтанатына Естай Беркімбайұлының ұрпақтары да қатысты. Олардың қатарында жуырда ғана 90 жасқа толған әншінің немересі Зекен апа Жанәбілқызы бар.

– Әкем Жанәбіл соғысқа аттанғанда біз тым жас едік. Сіңлім Сарыторғай екеуіміз Естай атаның бауырында өсіп, адам болдық. Естай - біздің атамыз ғана емес, халықтың ұлы. Бойына дарыған өнерінің арқасында алты Алашқа танылған атамыздың есімін ұлықтаған облыс әкімі Болат Бақауов бастаған барша азаматтарға алғыс айтамын, - деді Зекен апа Жанәбілқызы.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуеновтің сөзінше, бүгінге дейін Павлодар облысы бойынша 13 көше мен бір елді мекенге Естай Беркімбайұлының аты берілген. Сондай-ақ, Павлодар қаласының негізгі мәдениет ордасы – қалалық мәдениет сарайы әйгілі әншінің атымен аталады. Өткен жылы аймақ басшысы Болат Бақауовтың қолдауымен Екібастұз қаласындағы музыка мектебіне Естайдың есімі берілді.

Сондай-ақ, басқарма басшысы келер жылы Павлодар қаласында Естай Беркімбайұлына еңселі ескерткіш орнатылатынын айтып, халықтан сүйінші сұрады.

Мәдени шараның ашылу салтанатына Естайдың атын ұлықтауға атсалысып жүрген ардақты азаматтар Әбілхақ Түгелбаев пен Мұхит Омаров, әншінің туыстары мен ұрпақтары қатысты. Атап айтсақ, әншінің үлкен немересі Зекен ападан бөлек, Естайдың екінші немересі Сарыторғай ападан туған Шәмшия Жағыпарова да қуанышты сәттің куәсі болды. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Сарыторғай апа Ертіс ауданының Қосағаш ауылында тұрады. Ал Шәмшия Жағыпарова Кенжекөл ауылындағы балалар музыка мектебіне басшылық етеді.

Павлодар облысының Құрметті азаматы, ілгеріде Ақтоғай ауданында басшылық қызметте болған, қашан да Естайға қатысты бастамалардың басы-қасынан табылатын Әбілхақ Түгелбаев өнер иесінің 150 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде аталып өтілгенін айтты.

– Былтыр Түркияда халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының ұйытқы болуымен Естай бабамыздың 150 жылдығына арналған ауқымды шара өтті. Ол жақтағы ағайынның Естайдың өнеріне деген ыстық ықыласын көріп марқайып қалдық. Естайдың өнерімен-ақ қазақтың атын күллі әлемге таныта аламыз, – дейді Әбілхақ Түгелбаев.

Ескерткіш-бюстің авторы – белгілі сәулетші Бота Машрапов. Өкініштісі, өнер иесі осы жазда өмірден өтті. Сәулетшінің жобасын өзге әріптестері аяқтаған. Ескерткіш-бюстің биіктігі – 2 метр 28 сантиметр. Жобаның жалпы құны 4,5 млн. теңгені құрайды. Әншінің домбыра ұстап тұрған бейнесі гранит тастан қашалып жасалған.

– Естай атамызды ұлықтау есім беріп, ескерткіш қоюмен шектелмесе екен деймін. Осы орайда, Павлодар қаласында Естай әндерінің республикалық фестивалі ұйымдастырылып тұратын. Аталған фестиваль екі мәрте өткізілді. Одан кейін тоқтап қалды. Осы шараны қайта жандандырса, нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ, соңғы жылдары Естай туралы тың деректер табылды, жаңа мақалалар жарияланды. Бұл ретте, Естайға қатысты дүниелердің басын қосып, энциклопедия шығарған дұрыс болар еді, – деді Естайдың ұрпағы, журналист Фархат Әміренов.

Салтанатты шара барысында Ақтоғайдың «Қара нары» атанған айтыскер ақын Бейсенбі Мұқажанов жырдан шашу шашты. Жергілікті өнерпаздар Естай әндерін нақышына келтіре орындады.

 

Алпысбай ХОНЖ

Суретті түсірген – Бауыржан Бәкібаев.

saryarka-samaly.kz