«Торайғыров оқуларына» жергілікті ғалымдар мен жас зерттеушілерден бөлек, еліміздің әр өңірінен және Канада мен Германиядан келген меймандар қатысты. Сондай-ақ, аталмыш шараны өңірдегі жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары онлайн түрде тамашалауға мүмкіндік алды.

Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек Нухұлы ақынның шығармашылығы мен өмірін бұдан да кең көлемде насихаттап, кейінгі ұрпаққа танытудың 5 жолын ұсынды.

- Сұлтанмахмұт атамыздың өмірінің зерттелмеген тұстары өте көп. Осыны ескере отырып 5 ұсыныс айтқым келеді. Бірінші - магист- ранттар мен докторанттарға болашақ ұрпаққа алыптарымызды насихаттау үшін дайын ғылыми тақырып ретінде ұсыну және зерттеу. Екінші - 2020 жылдың 20 мамырында Сұлтанмахмұттың өмірден өткеніне 1 ғасыр толады. Осыған орай, үлкен ас беріп, ақиық ақынды еске алсақ. Үшіншіден, Нұр-Сұлтан қаласынан ақынға көше берудің жолын қарастырсақ. Төртіншіден, ол келесі жылы ұлы Абайдың 175 жылдығы аясында ақынның елінде Сұлтанмахмұт біраз жылдар еңбек еткенін алға тартып, Шығыс өңіріне экспедиция ұйымдастыруды қолға алсақ. Соңғысы, Сұлтанмахмұттың ауылы – Торайғыр ауылын кез келген туриске көрсететін көрікті мекен етуге болады деп ойлаймын. Сол Сұлтекеңнің кесенесінің жанында біздің Марғұлан орталығы үлкен қазба жұмыстарын жасап жатқаны белгілі. Осыған байланысты Торайғыров университетімен бірігіп, екі университет бағдарлама құрып, соны іске асырсақ, - деді А.Нухұлы.

Шара барысында «Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына 125 жыл» мерейтойлық медалімен ПМУ қызметкерлері және Баянауыл ұлттық табиғи паркінің бас инспекторы Алтынбек Құрманов пен Сұлтанмахмұт Торайғыров мұражайының меңгерушісі Жанар Әубәкірова марапатталды.

Айта кететін қуанышты жайт, бұдан былай С.Торайғыров атындағы ПМУ Торайғыров университеті болып аталады.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

Суреттер С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің баспасөз орталығынан алынды.

saryarka-samaly.kz