Әзербайжан астанасы Бакуда өтіп жатқан IV Ислам ынтымақтастығы ойындарында өнер көрсетіп жатқан павлодарлық боксшылардың аяқ алысы жақсы. Біздің өңірден аттанған Қуан Қуатов пен Илья Очкин жарыстың жартылай финалына өтті. Демек, қоржында кем дегенде қола жүлде бар. Біздің жігіттердің мұнымен тоқтап қалмасы анық. Олардың көздегені – бас жүлде, әрине.

69 келіде бақ сынап жатқан И.Очкин ширек финалда пәкіс-тандық Аршад Хуссаинды айқын басымдықпен ұтты. Енді ол жартылай финалда әзербайжандық Тамерлан Абдуллаевқа қарсы жекпе-жек өткізбек. Ал Қуан Қуатов түркіменстандық Зуфар Сапарбаевты тізерлетті. Тіпті, қарсыласын нокдаунға да түсірді. Ол енді өзбекстандық Алиер Нұралиевтің тамырын басып көрмек.

Илья мен Қуаннан бөлек, отандастарымыз Сұлтан Зәуірбек (60 келі), Азат Махметов (52 келі) және Тұрсынбай Құлахмет (75 келі) те жартылай финалға өтті.

Боксшыларымыз кеше кешкілік жартылай финалдық жекпе-жектерін өткізді.


Фархат ӘМІРЕНОВ

saryarka-samaly.kz