Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында өткен «Жастық шақ» атты дирижерлердің шеру–фестивалін тамашалауға жиналған жерлестеріміз әуелі Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі ұсынған «Алғашқы кәсіби домбырашы» атты көрмені тамашалады. Мұнда Рүстембек Омаровтың фотосуреттері мен құжаттары, сондай-ақ жеке заттары қойылған. Айтулы шараны домбырашының жалғыз қызы Қарлығаш Омарова арнайы келіп тамашалады.

Дирижерлер шеру-фестивалінің шымыл-дығын облыстық Иса Байзақов атындағы филармониясының Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі дәулескер күйшінің авторлық жалғыз туындысы «Жастық шақ» күйімен ашты. Оның көркемдік жетекшісі әрі бас дирижеры - ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Талғат Кәрімов.

Алтай мен Атырау, Шығыс пен Батыс, Ертiс пен Едiл, Арқа мен Алатаудың өнерпаздары бас қосқан өнер кешінде Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі Владимир Кончев пен халықаралық байқаулардың лауреаты Добрыня Сатин салтанатты «Алтай» сюитасын тарту етті.

- Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі бізге барынша қолдау көрсетті. Олардың Алтай халқының мәдениетімен танысуға деген қызығушылығы бізді ерекше тәнті етті. Біз икили, амыргы, топшур, комыс тәрізді Алтай мәдениетін танытатын ұлттық аспаптарда ойнаудың құпиясымен бөлістік. Алдағы уақытта екі ел арасындағы шығармашылық байланыс арта түсетініне сенімім зор, - дейді Владимир Кончев.

Айтулы шарада көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, делебесін қоздырған жаңа туындының тұсауы кесілді. Ол - Моңғолия Республикасынан арнайы келген Чинбат Орхонбаатордың орындауындағы «Бүркітші қыз» шығармасы. Өнер иесі сиырдың мүйізінен жасалған моңғол халқының үрмелі аспабы - эвэр-бурээмен, Р.Омаров атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен өнер көрсетті.

- Бұл шығармамды мен қазақтан шыққан алғашқы бүркітші қыз, менің жерлесім Айшолпан Нұрғайыпқызына арнағам. Алғаш рет үлкен сахнада ел назарына ұсынылды. Қазақ қызына арналған тырнақалды туындымның Қазақ жерінде тұсауы кесілуінің өзін жақсылыққа балап тұрмын. Осы фестивальге шақырту алған кезде бірден келістім. Кейіннен Рүстембек Омаровтың шығармашылығымен танысып, оны зерттей бастағанда өнер иесінің қайталанбас талантына тәнті болдым. Қазақ елінің мәдениетін әлемге әйгілеген жанның бірі болғанына көзім жетті, - дейді Халықаралық фестивальдар мен конкурстардың лауреаты, «Күміс ағаш» сыйлығының иегері, Моңғолияның 2012 жылғы үздік музыканты Чинбат.

Р.Омаров негізін қаласқан және ғұмырының соңына дейін өнер көрсеткен қарашаңырағы - Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің бұл кеште өнер көрсетпеуі мүмкін емес еді. Аталмыш оркестрдің дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанас Бекентұров Кетбұғаның «Ақсақ құланы» мен Құрманғазының «Адай» күйін ел назарына ұсынды. Ал қостанайлық дирижер Назымбек Молдахметов Ермұрат Үсеновтің «Шақшақ Жәнібек» туындысын тарту етті.

Сонымен қатар, фестиваль барысында Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті әзірлеген Р.Омаров туралы деректі фильм де көрермен назарына ұсынылды.

Халықаралық дирижерлер шеру-фестиваліне қатысушыларды облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов арнайы құттықтап, кәдесыйлар табыс етті.


Жанас БЕКЕНТҰРОВ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің дирижері:

- Рүстембек аға туралы таңды таңға жалғап айтуға болады. Ол кісінің қазақ өнеріне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Құрманғазы оркестрі ашылған күннен бастап қызмет еткенін айтсақ, соның өзі біраз дүниені аңғартады. Өмірінің соңғы кезеңіне дейін біздің оркестрде жұмыс істеді. Ол кісінің әңгімесін тыңдағанымыздың өзін бақыт деп санаймын. Дина Нұрпейісованың көзін көрген. Сол кісінің қолынан домбырада ойнауды үйренген және бір көрсеткенде қағып алатын алғыр шәкірті бола білген. Ағамыз - өзі ағаштан домбыра ойып алып, Моцарттың шығармаларын ойнаған жан. Осындай дара тұлғаны ұлықтап, кейінгі ұрпаққа танытып жатқан павлодарлықтарға алғысымыз зор.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz