Самал тау, қайран елім, шалқар көлім,

Не болар солдат болып көрген күнім,

Есіме қайта-қайта түсе бердің,

Кір-жуып, кіндік кескен қайран жерім.

Ән басталар алдындағы қылқобыз сарынымен берілген қасқырдың ұлуы, әупілдей үрген ит дауысы қайран қалдырды. Бағзыда қобыз бен домбыраны адамша сөйлеткендер болған, бұл екі аспап кәдімгідей сөйлеген деген рас болар. Ғажайып дегеніңіз осы ғой.

Осынау арманды ән «Самал тауды» қазақ баласы Димаш Құдайберген Фучжоуда өткен VІ Жібек жолы халықаралық фестивалінің жабылу салтанатында үзілдіре орындап, әлемді тағы өзіне жалт қаратты. Жан дүниенің іркілісі мен сілкінісін, сары сағымдай кілкіген сағыныш, түпсіз аспандай түнерген көңілдің күйзелісін тап басатын бұл әнге «ойпырмай, осындай да әніміз бар екен ғой» деп өзіміз де, жат жұрттықтар да тамсанды. Тамсанған жұрт әннің сөзіне, жо-жоқ, ең алдымен тарихына үңілері хақ. Бұл кімнің әні еді? Қайдан шыққан? Бұған дейін орындалған ба еді? Тарихы қандай? Міне, қазақты, оның тарихын, қасиетті қобызын әлемге таныту дегеннің құдіреті осындай болса керек-ті.

«Самал тау» қайсыбір жылы Бекболат Тілеуханның орындауында естілді. Қазір қытай қазақтары да, әншілері де орындайды екен. Ал, Димаштың орындауында тыңдап отырып, сыр аулайсың, сары күздегі жетім қурайдың ызыңындай өкініш кеуде кернейді.

Иә, әннің шығу тарихы қызықтырды. Әлеуметтік желілерден іздестірдік. «Самал тау» қазақ тарихына қатысты, нақтырақ айтқанда халық басынан кешкен нәубетті жылдардың еншісі екен.

1916 жыл. Бірінші Дүниежүзілік соғыс. Бұл айқас 1914 жылы жазда, 19 шілдеде ірі империалистік мемлекеттердің арасында шықты. Олардың арасында Ресей де болды. Сол кезеңде экономикасы ілгері басқан бұл елдің соғысқа дайындығы нашар болып шықты. Ресей патшасы ІІ Николайдың 1916 жылдың 25 маусымында майданның қара жұмысына отар елдер – Орта Азия, Қазақстан мен Сібірдегі «бұратана халықтардан» 19 бен 43 жас аралығындағы азаматтарды алу жөніндегі Жарлығы шықты. Бұл қазаққа ашық күнде жай түскендей болғандығы даусыз. Ел ішінде дүрбелең туды. Әр аймақтан жас жігіттерді майданға окоп қазу жұмысына топтап әкетті. «Самал тауыңыз» сол майданның қара жұмысына еріксіз кетіп бара жатқан жас жігіттің мұң-зарынан туған ән екен.

Әннің сөзі былай келеді:

Самал тау, қайран елім, шалқар көлім,

Не болар солдат болып көрген күнім,

Есіме қайта-қайта түсе бердің,

Кір жуып, кіндік кескен қайран жерім.

 

Атты емеспіз, жаяумыз,

Жаяудан да баяумыз,

Он бес күндей жүргенде,

Омбы жаққа таяумыз.

 

Жасым бар қос мүшелдей, жылым – Сиыр,

Тағдырдың айдауымен кеттім қиыр.

Самал тау, қайран жерім артта қалды

Адасқан өрісінен біз бір үйір.

 

Атты емеспіз, жаяумыз,

Жаяудан да баяумыз,

Он бес күндей (сөтке) жүргенде,

Омбы жаққа таяумыз.

 

Әке-шешем бар еді,

Жасы жеткен кәрі еді,

Осынау әнге салдырған,

Он алтының зары еді...

Әнде айтылған «Самал тау» қай өңірде? Дәстүрлі ән орындаушы Ерлан Төлеутай әнді Арқа жақтың жігіті шығарғанға ұқсайды дейді. «Бірақ қанша іздегеніммен, әнде айтылатын «Самал тау» деген жерді таппадым. Жердің де аты ұмытылып кеткен болуы керек. Тіпті осыны шығарған әншінің өзі де сол кеткеннен оралмаған болу керек» депті. Тағы бір деректе Самал тау – Солтүстік Қазақстан жеріндегі елді мекен делінеді. Әндегі «Он бес күндей жүргенде, Омбы жаққа таяумыз» деуі сол жақтан Омбыға жаяу шыққандарына он бес күндей болып, қалаға жақындап қалғандарын баян етеді. Әннің сөзіне үңілгендер автор жасының 28-де, яғни 1888 жылы туған. Ән 1916 жылы шыққан дейді. («Жасым бар қос мүшелдей, жылым – Сиыр»).

«Самал тау» орындалған күннен бастап, әлеуметтік желілерге жылы лебіздер бірден тарады. Әрине, барлығы да Димашқа алғыс айтуда. Әншіге қандай ризашылық айтса да лайық.

Иә, «Самал тау»! Айрықша дауысы, орындаушылық мәнері - өнерімен әлемді тамсандырып жүрген Димаш замана тозаңының астында қалып бара жатқан, халық тарихына қатысты тағы бір әнді жарқ еткізді. Бұған дейін Димаштың орындауында «Қарағым-ай», «Айқаракөз» әндері қалай қайта жаңғырса, бұл ән де дәл қазір ел аузында жүр.

Өнердің құдіретінде шек жоқ. Қай саласы болса да, халық тарихымен, қуаныш, мұң-зарымен байланыса өрнектелері анық. Толыбай сыншының ұлы Қожаберген жыраудың «Елім-айы», халық әні (зары) «Қаратаудың басынан көш келеді», сан жылдар Абай туған жерді тас-талқан етіп, халқын айықпас дертке душар қылған қасіретке арналған «Заман-ай» әні, әр заманғы небір күйлер, басқа да өнер туындылары, бәрі-бәрі ел тарихына қатысты жарыққа шыққан. «Самал тау» да соның бірі.

Бексұлтан Нұржекейдің «Күтумен кешкен ғұмыр» атты романында өнерімен таңдай қақтырған Әтікенің мынадай ән-өлеңі бар:

Атыңнан айналайын, атамекен,

Кім сені «Баркөрнеу» деп атады екен.

Қайғы мен қапаны да көремісің,

Саған да соның зілі бата ма екен?

Бір-бірімен айтысып, тартысып жүрген талай бастар төмен қарап ойланып қалды, «Ойпырмай, тап іргемізде өзіміздің «Баркөрнеуіміз» бар екен ғой, қайтіп ұмытқанбыз» дегендей. Шығарма осылай баяндалады.

Жазушының сипаттауына қарағанда, бұл өлеңнің әні де керемет болса керек. Романда 1916 жылғы оқиға суреттеледі. Әтіке мен Қайныкеш қыздың махаббаты. Қытайға қашу... арада ондаған жылдар өтсе де, үйлі-баранды болған Қайныкеш Әтікені күтумен ғұмыр кешеді. Кейуана жасқа жеткенде қытайдағы қазақтар орала бастады дегенді естіп: «Әтіке-ші, Әтіке де бері өтті ме екен?» деп елегізумен жүргенде «ар жақтан бір жас әнші өтіпті, «Баркөрнеу» деген әнді керемет орындайды» дегенді естігенде, елең етеді. Кешегі байдың бұраңдаған базарлы қызы болған Қайныкеш, арада отыз-қырық жыл өткенде әншіні іздеп барып, «Баркөрнеуді» елжіреп отырып тыңдайды. Ғашығы Әтікенің сол қашып бара жатқан күні-ақ оққа ұшқанын естіп, өзегі өртеніп, аһ ұрады. Бір-ақ сәтте үміт жібі үзілді. Қаралы хабар қарияны бүк түсірді. «Басы айналып, қара жерге жақындап бара жатты». Аянышты тағдыр. «Күтумен кешкен ғұмыр» көркем дүние болғанымен, бұл да - ел тарихы, жер тарихы, халықтың зар-мұңы. Не деуге болады?

«Самал тау» да солай! Ал Димаш болса, қай тілде болса да, осы секілді саф дүниелерді орындауымен өнер шыңына өрлеп кетті...

 

Сая МОЛДАЙЫП

saryarka-samaly.kz