- Алтынбек Нухұлы, әңгімемізді күні кеше С.Торайғыров университетінде өткен конференцияда Сіздің Сұлтанмахмұт ақын есімін ұлықтау жөнінде жасаған тың ұсыныстарыңыздан бастасақ... Бұл - меніңше, көптің көңілінен шығатын толғағы жеткен мәселе. Осыған кеңірек тоқталсаңыз...

- Әрине, Сұлтанмахмұт есімі күллі Алаштың жүрегінде. Бірақ, біз осы Алаш ақынын толық таныдық па, түсіндік пе деген мәселе алдымызда тұрғаны анық. Бүгінгі ұрпақ Сұлтанмахмұт есімімен, шығармашылығымен толық таныс па? Осыған байланысты менің бірінші ұсынысым: магистранттар мен докторанттарға тереңдете зерттеу үшін, болашақ ұрпаққа заңғар алыптарымызды насихаттау үшін, дайын ғылыми тақырып ретінде ұсыну және зерттеу болды.

Екінші ұсынысым, келесі 2020 жылдың 20 мамырында Сұлтанмахмұттың өмірден өткеніне 100 жыл толады. Қазақ айтады ғой, «Өлі риза болмай, тірі байымайды», – деп. Үлкен ас беріп, ақиық ақынды еске алайық. Соған сәйкес іс-шараларды өткізейік. Бұл да Сұлтанмахмұт есімін, шығармашылығын таныта түсуге үлкен әсері болатын шара. Үшіншісі - бүгінде Торайғыровқа қойылған ескерткіштер мен ашылған музейлер аз емес. Еліміздің әр қаласында есімі берілген көшелер де баршылық. Алайда жаңа астанамыз Нұр-Сұлтанда жаңа көшелердің бірінің атын беруге ұсыныс жасасақ. Көше берілсе, аржағында ескерткіш көтеру жұмысы да менмұндалап тұр. Тіпті бұл насихат жұмысын мынадан бастауға да болар еді: жаңа теміржол «Нұрлы жол» вокзалы жақта - Баянауыл атты көше бар. Міне, осы көшені ешбір қалада жоқ стильмен абаттандырудың жолын ұсынсақ. Баянауыл көшесі болғандықтан, басынан аяғына дейін сол елдің мақтаныштары - ұлы адамдары Сұлтанмахмұттан бастап, сұлу табиғатының суреттерімен әсемдесек! Бұл бір ғажап та керемет дүние болар еді. Әрине, түсінем, бұл - жоғары жақта шешілетін мәселе. Төртінші ұсынысым - келесі жыл Ұлы Абайдың 175 жылдығы тойланбақшы. Осы Абай елінде Сұлтанмахмұттың еңбек етіп, біраз жылдарын өткізгені белгілі, тіпті атақты өлеңмен жазылған «Қамар сұлу» романын да осы елде тудырған. Семейде қызмет етіп, Қатонқарағайд ағы Шыңғыстайда мектепте сабақ та берген. Сол ауылдағы мектеп бүгінгі күні Сұлтекеңнің есімін алып отыр. Осы елге Елтану немесе Өлкетану, Сұлтанмахмұттану экспедициясын ұйымдастырсақ.

Ең соңғы бесінші ұсынысым: осыдан 16 жыл бұрын Торайғыров университетінің алдына Сұлтанмахмұттан бастап 9 тарихи тұлғаға ескерткіш орнатылды. Қандай мықты еңбектер жасалды. Ол да міне, тарихқа айналып бара жатыр. Оның алдында 2002 жылы біздің оқу орнымыз, ол кездегі педагогикалық институттың алдында Әбікей Сәтбаев пен Мұса Шормановқа да ескерткіштер ашылған болатын. Сондықтан, сол үрдісті жалғастыру мақсатында екі университет атынан үлкен бір бағдарлама құрсақ деген ұсыныс болды. Осы арқылы өңірімізде көптеген жұмыстарды іске асыруға әбден болады.

- Бәрекелді! Іске асса, игілік дегеніңіз осы болмақ. «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды» көксеген Сұлтанмахмұт ақынның мәртебесі қырық қатпарлы саясат ұстанған кеңестік кезеңде толыққанды дәріптелді дей алмаймыз. Уақыт үлгісі мен замана үрдісін тамыршыдай тап басқан ақын шығармалары бүгін де тұғырынан түскен жоқ. Шерхан Мұртаза айтқан «Бір кем дүние» демекші, бүгінгі ахуал да көңіл көншітпейді. Сондықтан білім ордасының биік мінберінен айтылған ұсыныстарыңыз елді елеңдетпес еді ғой...

- Дұрыс айтасыз. Менің ұсыныстарымның да мақсаты - осылардың орнын толтыру. Сол конференцияда жиналған өңірдің зиялы қауым өкілдері мен әдебиеттанушылары, жастар жағы бұл ұсынысты қуанышпен қабылдаған сияқты. Сұлтанмахмұт - Алаш жұртының азаттығын көксеген ақын. Шығармашылығы да қазақ халқы өркениетке жетсе, ғылымды игерсе деген мақсатта Тәуелсіздік идеяларын насихаттайды. Бұл - Абай шығармашылығының дәстүрлі жалғасы. Жерлесіміз, ақын Мұзафар Әлімбаев ағамыздың сөзімен айтқанда, «Пайғамбар ақын Абайдан кейінгі талассыз даусыз заңғар тұлға - Сұлтанмахмұт ақын». Шынында да 27 жасының өзінде 100-дегі абыз ақсақалдың сөзін сөйлеген. Әрі ұлттың рухын оятатын, тарихынан сыр шертетін:

Ер түрік ұрпағымын даңқы кеткен,

Бір кезде Европаңды тітіреткен,

Кешегі хан Шыңғыстың ұрпағына,

Талай царь, талай князь тәжім еткен, - деген өлеңдер жазған. Мұндай өлеңдер, әрине, отаршылдық ниеттегі халықтарға ұнамады. Бірақ Сұлтанмахмұт айтып кеткен бұл сөз халықтың жүрегінде мәңгі сақталды. Бүгінгі Тәуелсіздік таңында осындай тұлғалардың есімін қалай ұлықтасақ та әбден лайық.

- «Сүйгенім - қазақ өмірі, өзім - қазақ, Мен неге қазақтықтан сақтанамын» деп заманынан озық туған ақынның осы бір өлеңі бүгінгі орыстілді қазақтарды толғандыра ма екен? Сіздің ойыңыз қалай?

- Біз көп уақыт отар болған халықпыз. Қанша уақытымыз бостандық жолындағы күреспен өтті. Тіліміз, тарихымыз бен мәдениетіміз үшін «күн күлкі, түн ұйқы» көрмеген ұлтпыз. Кеңестік кезеңде қазақ тілінің аясы тіпті тарылды. Соның нәтижесінде өз тілін білмейтін, менсінбейтін өз мәдениеті мен тарихына жат болып кеткен ұрпақ тәрбиеленді. Бүгін енді Тәуелсіз елміз ғой. Олқылықтың орнын толтыруға тырысудамыз. Бұл жолда тіпті мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралар атқарылуда. Қазақстанда қазақ тілі байырғы әрі мемлекеттік тіл екендігін күн сайын халқымыз түсінуде деп ойлаймын. Сондықтан, қазақ тілін білмейтіндер өз қаракөздеріміз болсын, өзге ұлттар болсын осы мемлекеттің мыңдаған жылдарғы тарихын жасаушы әрі бүгінгі мемлекеттің ұйытқысы, заңды иесі болып отырған халықтың тілін міндетті түрде толығынан игереді деп ойлаймын. «Уақыт бәріне емші» деп халықтың өзі айтқан ғой.

- Сұлтанмахмұттың жақын туысы Қамар Қасымовтың есімі ел жадынан өшпеуі тиіс. Қ.Қасымовтың шеберлігін кезінде одақ былай тұрыпты, Моңғолия сынды елдердің басшылары мойындаған. Ол елдерге де ұлттық аспаптарын дайындап берген. Ол кісі өзінің жеке өміріндегі ауыр жағдайды айтып Д.Қонаевқа хат жазып көмек сұраған. Сіз басқарып отырған университет музыка мамандарын дайындайды. Олардағы прима қобыз, қылқобыз, басқа да ұлттық аспаптарды кезінде (А.Жұбановпен бірігіп) Қамар ағамыз оркестрге лайықтап қайта жасап шыққан. Сол үлгідегі музыка аспаптары қазір барлық жерде қолданылатынын білеміз. Осы ретте Қ.Қасымовтың еңбектерін зерттеу, шығармашылығын насихаттау ісі неге Сіздің оқу орнынан бастау алмасқа?

- Жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдары академик Ахмет Жұбановтың ұйымдастыруымен құрылған қазақ ұлт аспаптары оркестріне 10 жыл толуына орай 1944 жылы Құрманғазы есімі берілген болатын. Қазақ музыка тарихында музыкалық аспапта жеке орындау өте биік деңгейде дамығанмен, оркестрлік жүйе қалыптаспаған болатын. Бұл іске ең лайықты аспап жасаушы, шебер Қамар Қасымов білек сыбана кірісті. Деректерде көне қылқобызды, сал-серілердің он тоғыз пернелі қара домбырасын, дауылпаз бен шыңдауылды, сыбызғыны классикалық аспап дәрежесіне дейін жетілдіріп, оркестрлік шығармаларды орындауға лайықтап жасады. Ол кісі жасаған музыкалық аспаптар Мәскеу, Санкт-Петербург, Алматы, Семей қалаларындағы мұражайларда құнды мұра ретінде сақтаулы. Жоғарыда өзіңіз атап өткендей, Моңғолия үкіметінің ең жоғарғы «Алтын гадс» орденімен марапатталған, «Баян-Өлгей аймағының құрметті азаматы.

Енді бүгінгі таңда бұл тұлғалардың танылу, зерттеу мәселесіне келетін болсақ, расымен де әр жерлерде там-тұмдап жазылған мақалалар болғанымен, Қамар Қасымовтың орнитолог ретіндегі еңбегіне ғылыми бағасы берілген жоқ. Алдағы уақытта біз міндетті түрде бұл бағытта жұмыс істейміз деп ойлаймын. Қамар Қасымовты зерттеп, тұщымды дүниелер жасаймын деген мамандарға әрдайым қолдау көрсетуге әзірміз.

- 2014 жылы қазіргі Сіз басқарып отырған білім ордасы Сәбит Дөнентаевқа қатысты үлкен іс тындырды. Сол кездегі ректор ғалым Нұрғали Аршабековтің тапсырмасымен Алматы, Семей кітапханаларынан қаламгердің ұмытылған бірқатар дүниелерін жиып-теріп, аз таралыммен жинақ шығарды. Жалпы, Сәбит Дөнентаевтың есімін жаңғырта түсу бағытында қандай істер атқарылуы тиіс деп ойлайсыз?

- Сәбит Дөнентаев та - жиырмасыншы ғасырдың басында шығармашылыққа келген қазақтың маңдайалды ақындарының бірі. Сұлтанмахмұт секілді Абай поэзиясының сарынымен, Абай поэзиясының көркемдік қуатынан нәр алған жерлес ақынымыз. Сәбит Дөнентаевты дәріптеу мақсатында енді ақынның шығармашылығын, өмірін тереңінен зерттеу жұмыстары тұр. Бұл жерде қайталап айта кетейін, ғылыми тұрғыда кешенді түрде жүргізілген ауқымды жұмыстар болуы керек. Ол үшін әрине, ғалымдар мен жергілікті биліктің бірлескен қадамдары қажет. Мұндай жұмыстарға әсіресе жастарды тарта білу керек деп ойлаймын. Бұрын да біраз жұмыстар атқарылды, әрине. Осындай шаралар арқылы Сәбит Дөнентаев өмірі мен шығармашылығын толықтай зерттеуге, насихаттауға мүмкіндіктер зор.

- Сіз басқарып отырған Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті өңіріміздің рухани-мәдени шараларына белсене атсалысуда. Көптеген ауқымды істердің атқарылып жатқанын бұл күнде жұрт айтып та, жазып та жүр. Солардың бірқатарына тоқталып өтсеңіз...

- Барша Қазақстан халқына белгілі 2017 жылы сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына сәйкес біздің университет бұл бағыттағы ауқымды жобаларды қолға ала бастады. ПМПУ құрамындағы «Margulan centre» археологиялық орталығы өңір тарихын зерттеу ісінде тұтастай бір ғылыми институттың жұмысын атқарып отыр. Мәселен, «Қазақ-станның қасиетті географиясы» арнайы жобасы аясында «Margulan centre» орталығының ғалымдары аймақтың киелі нысандары туралы барлық ақпаратты анықтап, жүйелеп, тарихи-этнографиялық, археологиялық экспедициялар ұйымдастырды. Орталық аумағында XVIII ғасырда өмір сүрген әйгілі Сұлтанбет сұлтанның үй-жайы қалпына келтірілді. «Ақкелін тарихи-мемориалды кешені» бүгінде рухани мәдениетіміздің ескерткіші деп атауға болады. Мұса Шорманұлының 200 жылдық мерейтойын өткізіп, қайраткер тұлғаның туған жерінде үлкен кесенесін салдырдық. Мұны, өзіңіз де кеңінен насихаттадыңыз.

Бір жылдан бері «Ертіс-Баян өңірінің 100 тарихи тұлғасы» атты қазақ және орыс тілдерінде тарихи-танымдық қысқаметражды фильмдер сериясын түсіруді қолға алдық. Оның алғашқы кезеңі аяқталып, яғни, 25 фильмнің тұсаукесері болып өтті. Екінші кезеңді бұйырса қараша айына жоспарлап отырмыз. Жоғарыда өзіңіз сұраған Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Қамар Қасымов туралы жеке-жеке фильмдер бар. Міне, әңгімеміздегі тарихи тұлғаларға арналған еңбектер осындай фильмдер арқылы бастау алған. Бұдан бөлек, Бұқар жырау, Малайсары, Жасыбай, Олжабай, Баян батырлар, Сұлтанбет сұлтан, Мұса Шорманұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Естай Беркімбайұлы, Григорий Потанин, Қаныш Сәтбаев, Шапық Шөкин, Әлкей Марғұлан, Ермұхан Бекмаханов, Шәкен Айманов, Кемел Ақышев және тағы басқа көптеген жерлес тарихи тұлғаларымыз туралы фильмдер жарық көрмекші. Осы фильмдерді 5-6-7-сыныптарға арналған «Өлкетану-Краеведение» оқулықтарына қосым- ша ретінде мектеп бағдарламасына енгізуді жоспарлаудамыз. Мұндағы мақсат - жасөспірім ұрпақтың тарихи тұлғалардың өмірінен хабардар болу ғана емес, оларға ұқсау, тәлімін алу, нағыз ұлтжанды мемлекетшіл патриот болуына септігімізді тигізу. Орыс тілінде де шығаруымыз басқа ұлт өкілдеріне ұлт мақтаныштарын кеңінен насихаттап, олардың халық үшін аянбай еткен ерен еңбектерін толыққанды көрсете білу! Бар болу мен ел болудың ақ жолы осындай істер арқылы жалғасын таба берер деп ойлаймын. Бұл - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» аясында атқарылған жұмыстардың бірі. Ал күнделікті оқу процесінде де көп өзгерістер бар. Қазақстан бойынша педагогикалық оқу орындарының ішінде алғашқы болып Назарбаев Университетінің жүйесін енгізуді қолға алдық. Оқу ордамыздың бас ғимаратының іші толықтай жаңарып жатыр. Студенттерді жатақханамен қамту мақсатында да биыл жаңадан 176 орындық жатақхананы пайдалануға бердік. Келесі оқу жылында тағы 550 студентті құрылысы жүріп жатқан жатақханаға орналастыру жоспарымызда бар. Мұның бәрі болашақ ұрпақ үшін, еліміздің қарқынды дамуы үшін деп білемін.

- Істеріңізге сәттілік тіледік!

 

Сұхбаттасқан - Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz