Бәйкен СЕРІКЖАН, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:

- Менің пікірімше, ағылшын тілін балабақша бағдарламасынан алып тастаған жөн. Жасыратыны жоқ, мектепке дейінгі мекемелерде тілі әлі жетік шықпаған балғындар бар. Міне, осындай балаларға ағылшын тілін үйрету ақылға қонбайды. Сондықтан әлі оңы мен солын танып білмеген бүлдіршіндеріміздің тілі алдымен ана тілінде шығып, ана тілінде оқуды, жазуды меңгергені дұрыс деп ойлаймын. Содан кейін ғана ағылшын тілін үйретуге болады. Тіпті, мектепте де ағылшын тілін 5-сыныптан бастап енгізу қажет дер едім. Себебі, бірде мен бастауыш сыныптың оқушыларына сабақ бердім. Сосын «А» әрпін «эй» деп үйретіп жатсам, оқушылар маған: «Бізге мұғалім бұл әріпті «А» деп үйреткен, сіз қателесіп тұрсыз» дейді. Мұндайда не айтуға болады? Осылай балаларды шатастырып қойғанымызға өзіміз кінәліміз. Жалпы, бұл мәселені, яғни, ағылшын тілін 5-сыныптан бастап оқытудың орынды екенін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та мұғалімдердің тамыз кеңесінде көтерді. Өте орынды. Онсыз да мектеп бағдарламасы күрделі екенін ескерсек, балаларды орынсыз қинай бергеніміз жарамас.


Майра БАЙМҰРАТ, ата-ана:

- Бір жылдары мектепке дейінгі мекемелердің бағдарламасына ағылшын тілін енгізуге көпшілік қарсылық танытқаны есімізде. Ата-аналарда қорқыныш болғаны рас. Кейін уақыт өте келе бұл реформа тиімділігін дәлелдегендей болды. Олай дейтінім, кейбір талапты балалар ағылшынша еркін сөйлей бастады. Мұндай деңгейге бір күнде жеткен жоқ. Сол балабақшадағы білімнің ықпал еткені сөзсіз. Кейін «Үш тілде оқытуға» басымдық берілді. Қазіргі таңда дарынды балаларға арналған білім ордаларында көптеген сабақтар ағылшын тілінде өтуде. Осы тұрғыдан алғанда балабақша бағдарламасынан ағылшын тілін алып тастау дұрыс емес. Тек балаларға салмақ түспеуі үшін ағылшын тілін үйрету әдістемесін өзгерту керек деп ойлаймын. Әр ата-ана өз баласының шет тілін білгенін қалайды. Тіпті, кейбіреулер ағылшын тілін үйрететін репетитор жалдап жүр. Сол үшін балаға балабақшадан бастап тегін ағылшын тілін үйретіп, білімін дамыта беру еш артықтық етпейді деп есептеймін. Егер балабақшадан ағылшын тілі міндетті түрде алынып тасталуы қажет болса, тым болмаса шет тілін үйрететін үйірме ашқан жөн сияқты. Яғни, шет тілін білуге құштар балғындарға да қолдау көрсету керек.


Динара БАҚТЫБАЕВА, Павлодар қаласындағы №122 мектепке дейінгі гимназияның әдіскері, шет тілі маманы:

- Өз басым мектепке дейінгі мекемелерде ағылшын тілін алып тастағанға қарсымын. Керісінше, балабақшадан бастап шет тілін үйрету арқылы балаларымыз үлкен жетістікке жетер еді деп ойлаймын. Шыны керек, қазіргі заманның балғындары өте зерек. Кез келген жаңалықты, ақпаратты тез қабылдап, меңгеріп алады. Сол сияқты ағылшын тілін де еш қиналмай, жылдам үйренеді. Мұны өз тәжірибемде көріп те жүрмін. Бұл - бақшадағы балаға бірден ағылшын тілін тереңдетіп үйретіп шығарамыз деген сөз емес, әрқайсысының қабілет-қарымына сай жұмыс істеп, түрлі әдіс-тәсілдер арқылы шет тіліне деген қызығушылығын оятып, дамытуға басымдық береміз. Сонымен қатар, бүгінде балабақшаларда балғындарға шет тілін нәтижелі үйрету үшін барлық жағдай жасалған. Мәселен, біздің мекемеде мультимедиа кабинеті, интербелсенді тақта, басқа да заманауи құрылғылар бар. Яғни, балалардың сапалы білім алуы үшін мемлекет тарапынан жан-жақты мүмкіндік қарастырылған. Сондықтан біз осы жағдайды дұрыс пайдаланып, алға қарай ұмтыла беруіміз керек. Бала неғұрлым көп білсе, көп үйренсе, соғұрлым білімді, ақылды болып өседі. Демек, ағылшын тілін балабақшадан бастап үйретуден ұтпасақ, ұтылмаймыз.

 

«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.

saryarka-samaly.kz