Тестілеу сынағы «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында жүргізілуде. ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық тестілеу орталығының аға сарапшысы Нұрбек Батырханның сөзінше, «Қазтест» жүйесі арқылы мамандардың мемлекеттік тіл білу деңгейін анықтау шарасы барлық облыс-тарда жүргізілуде.

- Тестілеу сынағына барлық қалалардың және аудандар мен ауылдардың мамандары қатыстырылуда. Сонымен қатар, министрліктердің өкілдері тест тапсырып, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтауда. Мақсаты – мемлекеттік қызметкерлердің арасында қазақ тілді меңгеру және қолдану деңгейін арттыру. Сонымен қатар, тілдерді дамыту туралы бағдарламада белгіленген көрсеткіштерге жету. Мысалы, 2020 жылға дейін Қазақстан халқының 90 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі керек деген меже бар. Осы сынақты күшейту арқылы сол мақсатты көрсеткішті бағындыруға болады, - дейді Нұрбек Батырхан.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Османованың сөзінше, осы жолғы тест сынағына облыстық ішкі істер департаментінің, соттар мен прокуратураның және ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің мамандары көптеп қатысты. Бұдан бөлек, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен мұғалімдер бар. Ал тест сынағының жауабы екі аптадан кейін белгілі болады.

- «Қазтест» жүйесінің бірінші кезеңі диагностикалық тестілеу болса, екінші кезеңі – қазақ тілін меңгеру деңгейлерін бағалауға арналған сертификаттық тестілеу. Біздің өңірде осы екі кезең бойынша жыл сайын мыңдаған адам тест сынағынан өтеді. Содан кейін сертификат алу-алмауы өздерінің еркінде. Себебі, бұл ақылы жағдайда беріледі. Қажет болған жағдайда Ұлттық тестілеу орталығының есепшотына 4800 теңге аударады, одан кейін тесттің нәтижесін көрсетеді. Сертификат сынаққа қатысқандардың барлығына бірдей беріле бермейді. Яғни, ең жоғарғы «С» деңгейіне жеткізуі керек, - дейді С.Османова.

Айта кетейік, «Қазтест» жүйесі бойынша 2015-2017 жылдары аралығында бір жылда орта есеппен 70 мың адам тест тапсырса, одан кейінгі жылдары 30 мыңнан астам азамат өздерінің тіл меңгеру деңгейін анықтаған. Мамандардың сөзінше, «2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» аяқталуға жақын. Дегенмен, Үкіметте 2020-2025 жылдарға бағытталған жаңа бағдарлама әзірленуде. Келесі жылдан бастап жаңа жоба аясында тың жұмыс жүргізілетін болады.

 

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz