Кітапханаға тарту жаңашылдықтан басталады

Кітапханалардан бұрынғыдай қалың кезекті қайта ұшыратуымыз мүмкін бе? Әрине, кесіп айту қиын. Дегенмен, «талапты жетер мұратқа» дейді атам қазақ. Бұл мақсатта облысымыздың кітапханаларында жаңашыл істер қолға алынуда. Олардан қандай нәтиже күтіледі? Бұл туралы облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуеновпен сұхбат барысында сұрап-білген едік.

- Ернұр Нұрланұлы, өзіңіз облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер ісі басқармасының басшысы болып келгелі осы салада, әсіресе кітапхана жүйесін ілгерілету бағытында жаңаша істер қолға алынып жатқанын байқаймыз. Қазіргі қоғамды алаңдататыны – ғаламтор атты әлемдік тор игілігі қолжетімді болған сайын бұрынғы кітапхана оқырмандары азая түскені. Бұл уақытша құбылыс па әрі оны жеңу үшін қандай міндеттер қойылуда?

- Әрине, бұл - аса ауқымды мәселе. Бұл тек біздің елдің алдында кесе-көлденең тұрған проблема емес. Көптеген мемлекеттердің басында бар жағдай. Десе де, жағдай соншалықты ушыққан жоқ. Жаңа ақпараттық технологиялардың пайда болуымен дәстүрлі баспа кітаптар өзінің маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Олар фундаменталды білімдердің қайнар көзі болып қалады. Сондықтан да қазіргі қоғамда кітапхананың рөлі тек жоғарылайды. Қазіргі кітапханалар - бұл тек ілім-білім қойнауы ғана емес, олар жаңа функцияларды орындайтын мәдени-ағарту орталықтары болып өзгеруде.

Кітапханалар қоғамдастығы қазіргі түбегейлі өзгерістерге бейімделуге мәжбүр болып отыр. Жаңа ақпараттық заманның пайда болуы кітапханаға жаңа міндеттер мен мақсаттар жүктеуде. Осындай жағдайда кітапхана дәстүрлі, оқырманға бұрыннан таныс, қалыпты келбетін сақтай ала ма?... Айтқандай, қазірде өзгерістер барлық саланы қамтып отыр. Өкінішке қарай, оның жақсы қырларымен бірге жағымсыз тұстары да бой көрсетуде. Қазіргі жастар, жасөспірімдер кітап оқудан мүлдем тыс қалып, заманауи «гаджеттерге» тәуелді болып қалды, соның әсерінен ойлау қабілеттері төмендеп барады деуге болады. Осы орайда айта кетейін, жуырда Нұр-Сұлтан қаласында өткен Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесінің отырысында мәдениетке қатысты көптеген өзекті мәселелер қозғалды. Арасында кітапхана мен кітап оқу мәселесі бар. Сол жиында танымал кинорежиссер, қаламгер Ермек Тұрсынов: «Қазіргі жастардың ойлау қабілеті жоқ... Бүгінгі мектеп түлегі цифрлық әлемге, жаһандық ғаламторға шырмалуда. Оның өз ойын жинақтауға шамасы жоқ. Ол тек қас қағым сәтті ғана ойлайды. Ол ұғынықты тілмен түсіндіре алмайды. Өйткені ол виртуалды әлемде өмір сүреді...», - деген еді. Міне сөйтіп, жастардың кітап оқымауы, рухани дамымауы өз «жемісін» беріп отыр. Жаңа ақпараттық технологиялардың дамуы өзінің кері әсерін де тигізуде. Осы жағымсыз тұсын азайту барысында кітапханаларға жаңа мақсаттар жүктеліп, жаңа форматта жұмыс жасау міндеті артылып отыр.

- Көпшілігімізді алаңдатқан мұндай сындарлы жағдайға қалай қарсы тұруымыз керек деп есептейсіз?

- Басты мақсат - кітапханада дәстүрлілік пен жаңашылдықты сақтап қалып, барлық жағдайды жасау. Әрине, қазір әр кітапхананың мойнындағы міндет - ғаламдық жаңа технологияларды пайдалана отырып, дәстүрлі кітап оқу мәдениетін жоғалтпау. Оқырманымызды көбейту үшін кітапханаға келген пайдаланушыға барлық жағдайды жасау керек.

Кітапханалық саланы модернизациялау және кітапхана маманының санасын өзгерту, кітапханалық кеңістікті жасап, интеллектуалды ортаны қалыптастыру бағытына бет бұру - заман талабы.

Қазіргі таңда сандық технологиялар кітапхана сияқты қоғамдық институттың мәнін өзгертіп, барлық жұмысты сандық жүйеге келтіруде. Заманауи кітапханалар - ол тек білімді сақтау ордасы ғана емес, одан гөрі зор, едәуір кең түсінік. Уақыт өткен сайын әлемде кітапханалар өзгертіліп, ақпараттық ресурстарға қолжетімді ақысыз қызмет көрсететін, сонымен қатар компьютерге, Интернетке, жалпы ыңғайлы жұмыс жасау кеңістігіне айналған интеллектуалды және технологиялық орталықтар пайда болуда. Жалпы айтқанда, кітапхана қазір тек дәстүрлі кітапхана ретінде ғана емес, демалыс орталығы ретінде жұмыс жасауды қадағалайды.

- Қазіргі кезде облыста нақты қандай бастамалар, бірегей жобалар іске аса бастады?

- Қазіргі уақытта Павлодар өңірінің аймақтық кітапханалары көбірек сұранысқа ие болатындай, қызықты, заманауи мәдени ошақтарды қалыптастыруға бет бұруда.

С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапхананың кітапханалық қызметі де заман өзгерісіне бейімделуде. Осы бағытта міндеттер белгіленіп, көп жұмыс жоспарлануда. Кітапханада біршама жобалар әзірленіп, оңтайлы іске асуда. Олар жайлы тоқталып айтуға да болады. Мысалы, жергілікті тұрғындарға кітапхана қызметі толық қолжетімді, тиімді болу барысында «Библиотерапия» жобасы іске асты. Бұл жобаның негізгі мақсаты – кітапты әр оқырманға жеткізу. Жобаны іске асыруда көп мәселе шешіледі. Атап айтқанда, қызметтің қолжетімділігі артады, сұраныстарды уақытында және жедел орындау мүмкіндігі туады, ақпараттылығы және мазмұнының тереңдігі артады деген сенім бар.

Кітап және кітапхана - жанұяның рухани іргетасын қалаушы ретінде қараластырылады. Жанұяда адам және оның рухани мәдениеті қалыптасады. «Жанұяның сиқырлы жылуы» және «Ұрпақтар диалогы» жобалары осы құндылықтарды көздейді. Қазіргі кезде қоғамда жанұяның бүтіндігі мәселесі көкейтесті болып тұр.

«Кітап қорын бірге қалыптастырамыз» жобасы қазіргі уақытта өте өзекті деп санаймыз. Бұл қаржыландыру мәселесінің туындауына байланысты өзекті болып есептеледі. Жобаның мақсаты – кітап қорын оқырманның сұранысына байланысты толықтыру. «Павлодар облысының баспасөзі сандық банкі» («Цифровой банк печати Павлодарской области») жобасын іске асыру, қайталанбас өлкетану қорын ұйымдастырып, сандық жүйеге көшіру мүмкіндігін тудыруда. Жастарға арналған «ZhaStar» жобасы шеңберінде кітапхана барлық топтағы жастарды біріктіріп, олардың әр саладағы, өнердегі, ғылым және бизнестегі жетістіктерін көрсету мақсатын көздеп отыр.

Жаңа ақпараттық технологиялар өзгертіліп, жаңарып отыратыны бәрімізге мәлім, соның бір айғағы - өздеріңізге таныс, жаңартылған Web-РАБИС бағдарламасы. Біздің кітапханада Web-РАБИС бағдарламасының 5 модулі де, яғни, «Кітап қорын толықтыру», «Каталогизатор», «Іздеу және тапсырыс беру», «Кітап беру» және «Оқырмандарды тіркеу» жүйелері оқырмандарымызға қызмет көрсетуде.

Павлодар өңірінің экономикасына, мәдениетіне, өнеріне және әдебиетіне арналған электронды ресурстар оқырмандардың көңілінен шығуда, олар: «Шекарадағы кездесу» жобасы, «Павлодар облысының үдемелі индустриалды-инновациялық дамуы», «С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана баспа беттерінде», «Есімдердің шоқжұлдызы», «Павлодар облысының ғалымдары» цифрлық энциклопедиясы», «Павлодар өңірінің әдеби картасы», «Сұлтанмахмұт Торайғыров» виртуалды кітапханасы», «Павлодар өңірінің қазіргі авторлары» QR-кітапханасы. Өлкетану әдебиеттерді сандық жүйеге келтіріп, сирек және бағалы кітаптардың электрондық коллекцияларын келешек ұрпаққа жеткізу баға жетпес дүние деп санаймыз.

- Оқырмандар мен авторларды тарту мақсатында ғаламтор игілігі қаншалықты тиімді пайдаланылуда? Нәтиже бар ма?

- Интернет жүйесін пайдаланып, бейнеконференциялар, онлайн режимінде вебинарлар өткізу дәстүрге айналып отыр. Республика және елден тыс жерде өтетін шараларға қашықтықтан қатысу оқырмандарымызға керекті ақпараттар алуда, білім деңгейін көтеруде тиімді жол болып келеді.

Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры», «Цифрлы Қазақстан» бағдарламалары шеңберінде өткізіліп жатқан талай шаралар, тарихи-патриоттық акциялар, іске асып жатқан жобалар әрине өз жемісін беруде. Жаңалықты игере отырып, дәстүрлілікті шет қалдырмау - бәріміздің басты міндетіміз. Елбасы Н.Назарбаев: «Өзінің биік, таза, рухани қасиетімен Кітап мәдениет пен руханиятты қорғауда теңдесі жоқ қару болып табылады...», - дегендей, кітаптың орны әрқашан бөлек деп санаймыз.

- Әңгімеңізге рақмет! Кітапхана қызметі ұлт игілігіне арналған өзінің даму шыңына көтеріледі деп сенеміз.

 

Сұхбаттасқан – Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.

saryarka-samaly.kz