Бұл кездесуде «Ertis» клубының қорғанысқа көңіл бөлуі түсінікті жағдай еді. Дей тұрғанмен, Милан Милановичтен тәлім алатын жерлестеріміз қорғаныспен қатар шабуылға да иек арта білді. «Қайраттың» ойыншылары бірнеше мәрте жүйелі шабуыл ұйымдастыруға тырысқанымен «Ertis» командасының тас қамал қорғаушыларынан айласын асыра алмады. «Қайраттың» бастаған шабуылы үнемі аяқсыз қалып жатты. Қарымта шабуылға иек артқан павлодарлықтар жақсы ойын өрнегімен көзге түсті. Кездесудің 38-інші минутында «Ertis» күтпеген жерден есеп ашты. Голдың авторы - командамыздың жартылай қорғаушысы Сұлтан Сағынаев. «Қайрат» қанша қаһарына мінгенімен таразы басын теңестіре алмай әуре-сарсаңға түсті. Кездесудің бірінші бөлігі павлодарлықтардың басымдығымен аяқталды.

Ойынның екінші жартысында жанкүйер-лердің «Қайраттан» айтарлықтай қауіптенгені рас. Десе де, «Ertis» көсіліп ойнады. Кездесудің 61-інші минутында «Қайрат» бұрыштама добын орындауға мүмкіндік алды. Допқа таласта алматылық қорғаушы Раде Дугаличтің гол соғатын мүмкіндігі болған. Алайда, Руслан Есімов сауатты ойнап, қауіптің бетін қайтара білді. Жерлестеріміз уақыт өткен сайын шабуылды үдете түсті. Кездесудің 65-інші минутында «Ertis» футбол клубының жартылай қорғаушысы Жереми Манзорро есепті еселеді. Павлодарлықтар мұнымен тоқтап қалмай, тағы да өткір шабуыл ұйымдастыруға ден қойды. Жұдырықтай жұмылған команданың бұл жоспары жүзеге асты. Ойынның 81-інші минутында Милош Стаменкович алматылықтардың қақпасынан саңылау тапты. Есеп – 3:0. «Қайраттың» есепті қысқартуы мұң болды. Араға 5 минут салып жерлестеріміз тағы да жанкүйерлерге қуаныш сыйлады. Бұл жолы Арман Кеңесов есепті еселеді. Абдырап қалған алматылықтарға жерлестеріміз ес жиғызған жоқ. Төреші қосқан қосымша уақытта А.Кеңесов белсенді ойнап, ойынға енді араласқан Карлос Фонсеканың гол соғуына жақсы мүмкіндік жасады. Португалиялық футболшы мүлт кеткен жоқ. Есеп – 5:0!

Осылайша, «Ertis» биылғы маусымда өз алаңында өткен соңғы ойында жақсы нәтижеге қол жеткізді. «Ertis»-ке «Қайрат» есе жіберген соң елордалық «Астана» футбол командасы 6-ыншы мәрте ел чемпионы атанды. «Ertis» осы маусымдағы соңғы ойынын 9 қараша күні сырт алаңда «Астанаға» қарсы өткізеді.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz