Естай атындағы мәдениет сарайында 1-2 қараша күндері өткен өнер кешін тамашалауға келген жерлестеріміздің қарасы мол болды. Көрермен қатарында облыс әкімі Болат Бақауов та отырды.

Астаналық өнер ұжымы неоклассикалық бағыттағы үш бір актілі балеттен тұратын арнайы бағдарламасын ел назарына ұсынды. Мұнда павлодарлық көрермен алғаш рет америкалық балет негізін қалаушы Джордж Баланчиннің әлемге әйгілі «Серенадасын» тамашалады. Сонымен қатар, театрдың шақырылған хореографы Рикардо Амарантенің «Love Fear Loss» және «A Fuego Lento» атты екі туындысы бар.

«Астана Балет» театрының бас балетмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мукарам Авахридің айтуынша, Джордж Баланчиннің «Серенадасының» премьерасы 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен. «Астана Балет» театры - Д.Баланчиннің балеттерін сахналаған Орта Азиядағы жалғыз театр.

- Чайковскийдің музыкасымен үндескен «Серенада» - көз тоймас хореографиялық өрнектер, мұнтаздай таза би иірімдері және санаңызды сергітіп, таным көкжиегін кеңейтіп, нағыз рухани азық боларлық туынды. Оның үстіне, бұл спектакль екі ғажайып құрамда қойылады. Әртістердің кәсіби деңгейі өте жоғары. Олар - еуропалық сахналарды бағындырып жүрген өнерпаздар, - деді Мукарам Авахри.

Кештің екінші бөлімінде бразилиялық хореограф Рикардо Амарантенің «Love Fear Loss» (Махаббат Үрей Айырылу) және «A Fuego Lento» (Баяу жалын) туындылары көрсетілді. Көрермен қауым әртістердің техникалық шеберлігі мен көңіл тебірентер эмоциялық күш-қуатына тәнті болды.

Мұндағы «A Fuego Lento» - аргентина композиторларының туындылары мен бразилиялық самбо элементтерінен өрнектелген балет. Дәл осы балет қойылымы Лондон қаласындағы Ковент-Гарден Корольдік театрында, Нью-Йорктің Линкольн орталығында, Монте-Карло қаласында Монакодағы Гримальди Форумының және өзге де әйгілі театрлардың сахнасында қойылған.

«Астана Балет» театры желтоқсан айында ХІХ-ХХІ ғасыр композиторларының музыкасына қойылған екі актілі «Күлше қыз» балетінің премьерасын елордалықтардың назарына ұсынбақ. Балеттің қоюшы-хореографы – ресейлік балетмейстер Надежда Калинина.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz