Елордадағы «Ерекше» театры ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және Ұлттық дельфий комитетінің қолдауымен құрылған. Бұл – ерекше балалармен жұмыс істейтін еліміздегі алғашқы жоба. Театрдың «Ерекше» деп аталуының өзіндік себебі бар. Құрамында ерекше күтімді қажет ететін, яғни, мүмкіндігі шектеулі балалар ғана ойнайды. Мысалы, сөйлеу қабілеті дамымай қалған, көзі көрмейтін және нашар көретін, құлағы естімейтін, тірек қимыл аппараты бұзылған жандар. Театр ұжымының жас ерекшеліктері – 11-26 жас аралығында. Біз мұндай адамдарды «мүмкіндігі шектеулі» деп жатамыз. Анығында бұлардың бойына Алла шексіз мүмкіндік, өзгелерден ерекше қабілет сыйлаған. Тіпті, он екі мүшесі бүтін адамның қолынан келмейтін образдарды сомдап, өз міндеттерін асқан шеберлікпен атқарып шықты. Павлодарлық көрермендерге ұсынылған «Екеуіміздің қанымыз бір» атты әлеуметтік драмасы Д.Р.Киплингтің аңызға айналған «Джунглилер кітабына» негізделіп алынған. Қойылым көрермендерге керең-мылқау бала мен социум арасындағы шиеленісті суреттейді. Қойылым желісі абырой мен ерлік, адалдық пен шыншылдық сынды игі қасиеттерді дәріптейді. Актерлер қойылымды көрермендерге сахналық бейнемен және ым- ишара тілімен жеткізеді.

Ұлттық дельфий комитетінің атқарушы директоры Дәулет Ырыскеновтің сөзінше, театр екі труппамен жұмыс істейді. Оның біріншісі Нұр-Сұлтан қаласында болса, екіншісі Петропавл қаласында орналасқан. Өнер ұжымы бұған дейін еліміздің солтүстік облыс-тарын аралаған. Осы қойылымнан кейін он күн үзіліс жасап, оңтүстік және батыс өңірлерге аттанады.

- Біз облыстарға барған сапарымызда қойылыммен ғана шектелмейміз. Түске дейін мүмкіндігі шектеулі балалармен жүздесіп, оларға арасында шеберлік сыныбын өткіземіз. Мақсатымыз – өзіміздің тәжірибемізбен бөлісіп, мүмкіндігі шектеулі балалардың өнерге, соның ішінде театр саласына келуіне ықпал ету. Себебі, мұндай балалар көбінде қарапайым кәсіппен айналысып, өнер, мәдениет саласына көп бара бермейді, - дейді Дәулет Ырыскенов.

Қойылым соңында залға еркін микрофон қойылып, көрермендер де өз әсерлерімен бөлісті.

 

Т.САХАБА.

saryarka-samaly.kz