Талапты сақтамаса...

Ауыл мен ауылды, қала мен қаланы жалғайтын жол бойында жанар-жағармай бекеті мен көлік жөндеу орнын, дәмхана мен қонақ үйді, тіпті жылы дәретхананы жиі кездестіру екіталай. Бұл жағдай жолаушыларға қолайсыздық тудырмай қоймайды.

- Биыл ақпан айында қақаған суықта отбасылық жағдайға байланысты Ертіс ауданына жеңіл көлікпен жолға шықтық. Ақтоғай ауданының шекарасынан өте берген кезде дөңгелек жарылып, тоқтап қалдық. Жақын маңда дөңгелек ауыстыратын бірде-бір орын жоқ. Абырой болғанда, өзге жүргізушілердің бірі тоқтап, қол ұшын созды. Әйтпегенде сақылдаған сары аязда үсіп қалар ма едік, кім білсін?! Осындай жағдайлардың алдын алу үшін тым құрығанда 30-50 шақырым сайын көлік жөндеу, жанармай құю, тамақтану орындары жұмыс істесе жақсы болар еді, - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Дәулет Сансызбаев.

Облыс орталығының тағы бір тұрғыны – Азамат Омаров жұмыс бабымен елордаға жиі қатынайды. «Сондықтан, жол бойындағы сервистің жағдайын жақсы білемін» дейді.

- Кейде аптасына бірнеше рет Нұр-Сұлтан қаласына барамын. Сол кезде Қалқаман, Шідерті, Ерейментаудың қасында тоқтап, тамақтанамын, жанармай құямын. Осы орайда біздің облыстағы екі бірдей сервистің айырмашылығы жер мен көктей екенін айтқым келеді. Биыл Екібастұз қаласына қарасты Шідертіде жаңа кешен салынып, жүргізушілерге қолайлы жағдай жасалды. Не керектің бәрі бар. Ал Ақсу қаласының аумағына кіретін Қалқаман кентінің жанындағы қызмет көрсету орындарындағы жағдай бөлек. Әрине, жақсы дәмханалар мен жанармай бекеттері жұмыс істейді, бірақ бәрінің бірдей сапасы жоғары деуге келмейді. Мәселен, бір станциядағы жанармай көлемін есептеуіш құрылғылар кеңестік дәуірден қалған сияқты. Әбден тозығы жетіп, ескірген. Кейде істен шығатыны тағы бар. Жылы дәретхана да жоқ. Осындай жайтты бірнеше рет көрген соң аталмыш жанармай құю орнынан айналып өтетін болдым, - деді ол.

Кейін белгілі болғандай, тұрғын айтып отырған жанармай бекеті Ақсу қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Қанапия Әліповке тиесілі екен. Оның Ақсу қаласындағы тағы бір жанармай бекетінің жағдайы сын көтермейтін көрінеді. Бұл мәселеге қатысты кәсіпкердің айтар уәжін білмек болып өзіне хабарласқанымызда тілдесу мүмкін болмады.

Айтпақшы, жылы дәретханалар мәселесіне ерекше тоқталмасқа болмайды. Ұлттық стандартқа сәйкес, жол бойында қызмет көрсететін нысандарда жылы дәретханалар болуы тиіс. Бірақ бұл талапты кәсіпкерлердің барлығы бірдей ескере бермейді. Айталық, Ақсу қаласының аумағындағы 17 қызмет көрсету орнының жетеуінде ғана жылы дәретхана бар. Тағы екеуі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты ісін уақытша тоқтатса, сегізінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Жергілікті билік өкілдері апта сайын кәсіпкерлермен кездесіп, жол бойы сервисіне арнайы барып, жолаушыларға жақсы жағдай жасау қажеттігін үнемі ескертеді. Ал оған құлақ аспаса, сотқа жүгінуден басқа амал қалмайды.

Осы орайда «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы Павлодар облыстық филилалының директоры Ақылбек Қабылдиннің талапты орындамайтын кәсіпкерлердің нысандарына барар жолды жауып тастау керек деген пікірі ойға оралады.

- Бізге тұрғындар тарапынан «жылы дәретхана жоқ», «жылы дәретханаға кіргізбейді» деген арыздар жиі түседі. Мәселен, жол бойындағы жанар-жағармай құю бекетін алайық. Олардың басым бөлігінде жылы дәретхана жоқ. Ал оның болуы міндетті. Ұлттық стандартқа бағынбайтын осындай кәсіпкерлерге қатысты шара қолданатын кез келді. Мәселен, нысанға бұрылатын жолды жауып тастаса, клиенттен қағылған бизнес өкілдерінің талапты орындауына тура келеді, – деген болатын жиындардың бірінде облыстық филиалдың директоры.

Ақсудың ісі көш ілгері

Жол бойы сервисіндегі осы сынды олқылықтарды, тұрғындардың өтініш-тілектерін ескеріп, жергілікті билік іске мықтап кірісті. Кәсіпкерлермен кездесіп, инвесторлар іздеп, осы бағыттағы шағын және орта бизнес нысандарының санын көбейтудің амалдарын жасауда. Мәселен, биыл облыс аумағында жыл басынан бері 5 жол бойы сервисі нысаны өз жұмысын бастады. Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күні республикалық жолдың бойында 140, облысішілік жолда 24 нысан орналасқан.

Бұл ретте басқарма өкілдері Ақсу қаласының аумағында жол бойы сервисіне жан біткенін атап өтті. Иә, жұмыс істеп тұрған бірді-екілі жанармай бекетіне қатысты көңіл толмаушылық болғанымен, тұтас алғанда қала мен оған қарасты ауылдық аймақтарда істің алға басқанын байқауға болады. Соның дәлелі - соңғы үш жыл уақыт аралығында бірде-бір жол бойы сервисі салынбаған Ақсу қаласының аумағында биыл сең қозғалып, жұмыс қайта жанданды. Осы жылдың өзінде жол бойындағы төрт бірдей жаңа нысан пайдалануға берілмек. Олардың бірі – қонақ үй мен мейрамхана кешені. Жобаны қолға алған «ПСУ-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Азамат Ароновтың айтуынша, жаңа бағыттағы кәсіпті ашуға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетілді.

- Біздің компания негізінен құрылыс жұмыстарымен айналысады. Бұған дейін облыс көлемінде түрлі ғимарат салдық. Олардың қатарында жол бойы сервисінің нысандары да бар. Бұл бағыттағы жұмыстың болашағы зор екенін байқап, осы салада кәсіп бастауды ұйғардым. Сөйтіп, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 40 млн. теңге несие алдым. Аймақ басшысы Болат Жұмабекұлы құрылыс барысын арнайы келіп көріп, қолдау білдіретінін айтты. Оған қоса, таяуда облыстық мәслихат депутаттары мемлекеттік қазынадан инженерлік-коммуникациялық желілерді тартуға 34,8 млн. теңге беру туралы ұсынысты мақұлдады. Жобаның жалпы құны – 105 млн. теңге, - дейді А.Аронов.

Мамыр айында басталған құрылыс жұмыстары аяқталуға таяу. Бүгінде инфрақұрылым толық тартылып, негізгі жұмыстар жасалды. Енді ішкі әрлеу мен сыртқы қаптау ісі қалды. Тиісті жұмыстарды бір айдан астам уақыт аралығында атқарып, желтоқсан айында 80 орындық дәмхана мен 11 адамға арналған қонақ үйді ел игілігіне беру жоспарланып отыр. Осылайша, жаңа жол бойы сервисі нысанының іске қосылуы Ақсудағы бизнестің, қызмет көрсету саласының дамуына үлес қосып қана қоймай, 5 тұрғынның жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасалады. Одан бөлек, биыл Ақсуда екі дәмхана, дөңгелек жөндеу, жанар-жағармай бекеті пайдалануға беріледі.

Келесі жылы кеңейеді

Келесі жылы да Ақсу қаласының аумағында ірі жобалар жүзеге асады. Олардың қатарында «Нұрлы жол» көпірінің жанындағы Қарабай ауылы қасында қолданысқа берілетін ірі кешен ерекше атап өтуге тұрарлық. Былтыр «KazAsiaInvest» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ірі кешеннің құрылысын бастады. Мұнда қонақ үй, дәмхана, мини-маркет, жанар-жағармай бекеті, дәріхана, автокөлік жуу орны, монша ашылады. Яғни, Ұлттық стандарттағы ең жоғары «А» категориясына сай келетін сервис болмақ.

Жолаушылар легі көп Қалқаман кентінде де жаңа қызмет көрсету орындары тұрғындарды қабылдайды. Мақсат Тоқпанов есімді кәсіпкер дәмхана, қонақ үй, жанармай бекеті мен дүкенді біріктіретін кешен салмақ. «Азалия» дәмханасының басшысы Назигүл Сәдуақасова осы тамақтану орнының қасынан екі қабатты кешен тұрғызып, жүргізушілер мен жолаушыларға қазіргіден де қолайлы жағдай жасауды ойластырып отыр. Сол жолдың бойындағы Төртқұдық ауылының қасында «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы екі модуль орнатады. Оған ас ішетін орын, азық-түлік дүкені және жылы дәретхана кіреді. Сонымен қатар, Қарабай және Евгеньевка ауылдарының маңында тұрғындардың аялдап, тамақтануына арналған заманауи қызмет көрсету орындарын ашу жоспарда бар. Бұл ретте Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қонақбаев инвесторларға әрдайым қолдау жасалатынын атап өтті.

- Ақсу қаласы мен ауылдық аймағында кәсіп ашуға ниетті азаматтарға жан-жақты көмек көрсетуге әзірміз. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несиелер алу мүмкіндігі де бар. Біздің өңірден өтетін республикалық, облыстық маңыздағы жолдардың барын ескерсек, жол бойы сервисі – табысты іс. Сондықтан облыс тұрғындарын жүргізушілер мен жолаушыларға қызмет көрсететін орындар ашып, кәсіпті кеңейтуге шақырамыз, - дейді М.Қонақбаев.

Тұтас өңір көлемінде бұл бағыттағы жұмыстарды ілгерілету мақсатында Павлодар облысында жол бойы сервисін дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы әзірленуде.

- Облыстағы жолдардың аумағындағы кәсіпкерлік нысан-дарының бүгінгі жағдайы мен тұрғындардың талап-тілектерін саралай келе, жаңа бағдарлама дайындауды қолға алдық. Соның аясында жұмыс істеп тұрған нысандарды Ұлттық стандартқа сәйкестендіру, кәсіпкерлерді қаржылай қолдау, инвесторларды іздеу, жергілікті билік пен бизнес өкілдері арасындағы байланысты нығайту шаралары қамтылады. Бұл бағдарламаға кез келген адам қатыса алады. Сол арқылы бәсекелестік орта қалыптасып, сервис ісі оң бағытқа өзгереріне сенім мол, - дейді облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жайық Хасанов.


Түйін: Жол – негізгі күретамыр. Оның бойында қызмет көрсету орындары ашылса, жергілікті тұрғындарға да, кәсіпкерге де, жолаушыларға да тиімді болады. Яғни, жаңа жұмыс орындары құрылады, сапалы қызмет көрсетіледі, табыс пен салық түседі. Тек ол үшін көненің көзіндей көретін ескі құрылғылардан арылып, қазір жұмыс істеп тұрған сервисті одан әрі дамытып, тұтынушылардың талабына сай жаңа нысандар ашу керек.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz