Облыс орталығындағы «Достық» үйінде ұйымдастырылған ауқымды шараға тіл жанашырлары, филолог ғалымдар және өңірдің түкпір-түкпіріндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері шақырылды. Форум қатысушылары мемлекеттік тіл мәртебесін көтеріп, қолданылу аясын кеңейтуге қатысты өз ойларын ортаға салып, кездесетін кедергілер жайын да сөз етті.

Форумда алғаш болып сөз алған облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Османова тіл тағдыры - ел тағдыры екенін айтып, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруда қазақ тілі мамандарының рөлі зор екенін атап өтті.

- Ел ертеңі – жастар. Өкінішке қарай, қазіргі жас буын әлеуметтік желілерде көп отырады. Бір-бірімен хат-хабар алмасады, сөйлеседі. Біз олардың тіл қасиетін онша сезіне бермейтінін байқаймыз. Тіл грамматикасын сақтамайды. Ал ұстаздар қауымы мұндай қателікке жол бермей, кемшін тұстарды түзетуге ынталы, мүдделі болуы тиіс. Сонда ғана біз оқушыларды тіл тазалығын сақтауға үйрете аламыз. Мемлекеттік тілге деген шынайы құрмет мектеп қабырғасында қалыптасуы тиіс, - деді. Бұдан соң Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекен Сағындықұлы «Ұстаз ұлағаты немесе рухани тектілік» деген тақырыпта баяндама жасап, қазіргі қазақ тілі пәні бағдарламасы мазмұнының сұйылып бара жатқанын сынға алды.

- Қазақта классикалық білім беру Ахмет Байтұрсыновтан басталды. Өзінің аты аталмаса да, оқытуындағы өзгешелік өткен ғасырдың аяғына дейін өмір сүрді. Қазақ білімінде бастауыш бастап, баяндауыш бақылап тұратын. Қазіргі білім беру үдерісінде анықтайтын ештеңе жоқ (анықтауышты айтам), бәрі Еуропадан толығып келген (толықтауышты айтам). Пысықтауыш та - өзінше бір әлем. Бүгінгі балаң сөйлем мүшелері деген түсініктен ада болудың алдында. Әдебиет - ардың ісі дейтінбіз. Біздің ұрпақ пен бізден бір-екі ұрпақ бұрынғылар ақын-жазушының түр-түсін түстемей-ақ, оны оқыған шығармасы арқылы танитын. Қой баққан шопаның мен темір тепкен тентегіңнің (тракторшыны айтып отырмын) қолтығында жүретін көркем шығармалар қазіргі уақытта кітапхана сөресінен ысырылып жатыр. Ескіріп қалыпты дейді есі кеткендер. Есі кіргендер интернеттен смартфонын алып, әлеуметтік желілердегі таралымдардың құлы болып отыр. Құлдық құрылғылар құртып бара жатқаны анық, - деді Бекен Сағындықұлы. Сондай-ақ, ол қазіргі жаңартылған білім беру жүйесіндегі соңғы талаптар қазақ тілі ғылымының дамуына тұсау болып, қолданылу аясын шектеп отырғанын да сөз етті.

- Жаңартылған жаңа оқулықтар қазақ тілі грамматикасы мен әдеби көркем шығармалар желісін мазмұны мен мәтініне көптеп кіргізуді ар санапты. Тек қазақ тілі оқулығынан тарихты, жаратылысты әрі эстетикалық мәнді мәтінді оқи отырып, қай пәннің мұғалімі екеніңе есеп бере алмайтын жағдайда жүрген әріптес шәкірттерімізге қандай жұбату айтарымызды білмей біз далмыз. Таңғалатын нәрсе ме? Осынша білімнің бәсі неге төмендеп кетті. Қазақ тілі мен әдебиеті сабағының сағат саны қысқарды. Бір жыл көлеміне артылатын Абай дәрісі бір аптаға жетпей түгесілетін болды. «Абай жолын» оқы деп айту былай тұрсын, бір өлеңін жаттатудың өзі мұң болды. Себебі мемстандарт солай сөйлейді, өкінішті! - деген қынжылысын да айтты.

Тіл жанашырлары бас қосқан шара барысында Ертіс-Баян өңіріндегі алғашқы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының 30 жылдығы да аталып өтті. Осы жылдар арасында аталмыш кафедрадан білім алып, бүгінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы атанған ұстаздар қауымы кафедраның ашылуына ұйытқы болған алғашқы меңгерушісі Ермек Өтебаевты бір минут үнсіздікпен еске алды.

Алқалы жиында түрлі ұлт өкіл-дері өмір сүріп жатқан өңірімізде өзгенің балаларына мемлекеттік тілді үйрету мәселесі де сөз болды. Бұл жөнінде баяндама жасаған Toraighyrov University қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айман Зейнуллина өзге ұлт өкілдері мен өз тілін білмейтін қандастарымызға мемлекеттік тілді оқытудың әдіс-тәсілдерін айтып, өз тәжірибесімен бөлісті.

- Қазақ тілін өзге тілді аудиторияда оқыту өте қиын болады. Десе де, осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде шала қазақтарымыз шүлдірлесе де қазақша түсініп, жаза білетін жағдайға жетті. Тіпті, түк түсінбейтін, жүрегіне жақындатпайтын өзге тілді ұлттар да амандасудан бастап, ары қарай ауызекі тілде тәп-тәуір сөйлей алатын деңгейге көтерілді. Тілге қатысты өткен республикалық олимпиада-ларда осы шәкірттеріміз топ жарып жүр. Бұл - тіл мамандарының еңбе- гінің жемісі. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге бағыт-талған шаралар мұнымен тоқтамауы тиіс, - деді Айман Файзоллақызы.

Павлодар мемлекеттік педа-гогикалық университетінің қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының профессоры Ырысгүл Шақаман бүгінгі форум қазақ тілі маманда-рының өз істеріне есеп беріп, қай бағытта жұмыс істеу керектігін түсінулеріне ықпал ететінін атап өтті.

- Жасыратыны жоқ, біздің өңірде түрлі ұлт өкілдері тұратындықтан, туған тіліміздің көлеңкеде қалып қойып жататын жайы бар. Сондықтан мемлекеттік тілдің қолданылу аясын дамытып отыру қажет. Ол үшін ұстаздардың үлесі зор. Жалпы, мемлекеттік тілді меңгеру жағынан білім беру жүйесінде қойылған талаптар мен стандартқа түскен форма бойынша облысымыз алдыңғы қатарда. Бірақ ішкі мазмұндық жүйесі жағынан артта қалушылық бар. Яғни, салиқалы тіл мәдениеті, қоғамдық ортада тарату, кеңес жүргізу тұрғысынан алғанда мемлекеттік тілдің деңгейі әлі де төмен. Осындай шаралар бұл олқылықтың орнын толтыруға септігін тигізеді, - дейді Ырысгүл Шақаман.

Форум соңында қатысушылар мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мәселесіне қатысты өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Сондай-ақ, тіл саясатын жүргізуге байланысты қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан бір топ тіл маманы Алғыс хаттармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды. Шара соңы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінде өңіріміздегі алғашқы қазақ кафед-расының 30 жылдығына арналған панельдік сессиямен жалғасын тапты.

 

Нұржайна ШОДЫР

saryarka-samaly.kz