- Риза Шайхықызы, «Ауыл клубы 4.0» жобасының мақсаты қандай?

- «Ауыл клубы 4.0» жобасы «Модернизация 4.0», яғни даму деңгейіне жету, өндірістің дамуы мен мәдениет саласының дамуын сәйкестендіру бағытында туындап отыр. Жобаның негізгі мақсаты - ауыл клубтары мен мәдениет үйлерінің жұмысына жаңа серпіліс беру. Мұнда әр ауыл тұрғынының мәдениетті дамытуға жауапкершілігін арттыру және өздігінен бастамашыл ұсыныстар білдіріп, кез келген іске белсене қатысуға жағдай жасауды қамтамасыз ету. Негізі бұл жоба 7 бағыт бойынша іске асырылады.

- Олар қандай бағыттар?

- Ауыл клубтары мен мәдениет үйлерінің жұмысына жаңа қарқын беруді мақсат еткен жаңа жобаның бағыттары әралуандылығымен ерекше. Атап айтқанда, «Dancing», «Ауыл туралы кино», «Домбыраны ұлықта», «Қолөнер – зор өнер», «Таңғажайып ауылым» фотокөрмесі, «Ауыл кеші қызықты», «Мәдениет еріктілері» бағыттары.

- Осы бағыттардың бірне-шеуіне кеңінен тоқталып өтсеңіз...

- Әр бағыттың өзіне тән міндеттері бар. Мысалы, «Dancing» ауыл тұрғындарының жаппай би флэшмобына қатысуын, әр көшеден театрландырылған көрініс қойылып, ауыл кештерін ұйымдастыруын және мәдениет үйінің жанынан би үйірмелерін ашуды көздесе, «Ауыл туралы кино» бағытында туған жердің қасиетті жерлерін, әдемі көріністерін, сол өлкеден шыққан батырлар туралы бейнефильмдер, видеоконтент жасау және презентациялық байқаулар ұйымдастыру керек. «Домбыраны ұлықта» да ұлттық аспаптың қадірін асқақтатып, әр үйдің төрінен орын алуына ықпал ету, ауыл тұрғындарын домбыра ойнауға қызығушылығын арттыру, мектептегі домбыра үйірмесін жандандыру және 14-29 жас аралығындағы жастарға домбыра шертуді үйрету көзделген.

- Жобаға кімдер қатыса алады?

- Ең бірінші, әр ауданда қанша ауыл клубы мен мәдениет үйі бар солардың барлығын қамтуды мақсат етіп отырмыз. Сонымен қатар, әр ауылдың адамдарымен жұмыс істеп, ниет білдірген кез келген тұрғын қатысуы шарт.

- Жеңімпаздарды қалай анықтайсыздар?

- Біз мониторинг жасап, барлық ауылдық клубтар мен мәдениет үйлерін бақылап отырамыз. Қазіргі таңда осыған орай арнайы кесте құрылды. Осы кесте бойынша біз атқарушы ұйымдардан фото, видео есептерін алып, жыл бойы анализ жасап, соңында қорытындысын жасайтын боламыз. Қызықты жоба ұсынған ауылдық клубтарға арнайы барып, өзіміз көретін боламыз.

- Жоба қашан іске асады?

- Бұл 2020 жылы қаңтарда басталып, жылдың соңына дейін жүргізілетін болады.

 

Сұхбаттасқан – Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz