Жастармен кездесу Қазақстан Жастары конгресінің күндері шеңберінде ұйымдастырылды. Сенат спикері, Конгресс кеңесінің төрағасы Дариға Назарбаева пленарлық отырысқа қатысып, жастар ұйымдарының өкілдерімен емін-еркін әңгіме құрды. Кездесу кезінде Жастар конгресінің мүшелеріне медальдар мен Алғыс хаттар табыстады. Айта кету керек, облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Асхат Оралов еліміздің жастар саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін «Қазақстан жастар конгресінің» медалімен марапатталды.

Сонымен қатар, Toraighyrov University-інде (С.Торайғыров атындағы ПМУ) өткен «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XV маусымының жабылу салтанатына қатысты. Úzdіk sarbaz, Úzdіk jasaq, Úzdіk jetekshі, Úzdіk komandir және басқа да арнайы номинациялар бойынша үздік сарбаздар мен үздік жасақтар марапатталды. Естеріңізге сала кетейік, бұл бағдарламаны құру Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы болатын. Д.Назарбаева «Жасыл ел» жастар қозғалысы дарынды да болашағына бейжай қарамайтын азаматтар үшін жетістікке жетелейтін алғашқы баспалдақтың бірі екенін атап өтті.

- Сіздердің жасап жатқан жұмыстарыңызға таңданыспен қараймын. Бүгінге дейін еліміз бойынша қаншама ағаш отырғызылды?! Соның жарқын көрінісі – елордамыздың айналасына егілген жасыл белдеу дер едім. Бүгінде жайқалған орманға айналды. Әлем бойынша жүздеген мың гектарға адам қолымен ағаш егіліп, орманға айналған мұндай мысалды өз басым кездестірмеппін. Жасыл желектің нәтижесінде қаланың климаты өзгерді, табиғат жанданды. Орманшылар мен орман күзетшілері жұмыс ауқымының артқанын айтып отыр. Мұның бәрі өз қолымызбен жасалды, - деді Дариға Назарбаева.

Жастарды маусымның жабылуы- мен құттықтап, JASYL EL AWARDS жеңімпаздарын атауға облыс әкімі Болат Бақауов, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабының жетекшісі Азамат Данияр қатысты.

Кездесу соңында Дариға Назарбаева осыдан 18 жыл бұрын 2001 жылы Сара Назарбаева отырғызған ағаштың жанына шырша ағашын екті. Сонымен қатар, университетке еліміздегі ең әдемі ғимараттардың бірі - Қазақстан Парламенті Сенатының макетін тарту етті. Сапардан естелік ретінде Toraighyrov University ұжымы мәртебелі мейманға достық шарж сыйлады.

Жастар бастамаларын дамыту орталығында Сенат Төрағасы Ұлттық еріктілер желісінің волонтерлік бастамаларының көрмесін де тамашалады. Jomart Jurek республикалық сыйлығының «Жыл еріктісі» аталымының иегері Аяжан Құрманова меймандарды өңіріміздің волонтерлік қызметімен таныстырды. «28 ілгек» шала туған балаларға көмек көрсететін қайырымдылық клубының, «Vita» іздестіру тобының, Қызыл жарты ай қоғамының жергілікті филиалының, «Әлеуметтік-волон- терлік орталығының», «Павлодар мейірімділер клубының» жұмыс-тарына жекелей тоқталды. Айта кету керек, өткен жылы «Мейірімділік керуені» байқау-акциясының қатысушысы «Павлодар мейірімділер клубы» Д.Назарбаеваның қолы қойылған Алғыс хатқа ие болған. Үш жыл ішінде аталмыш клуб 300-ден астам түрлі акция ұйымдастырып үлгерген. Үш жылда облыс мектептерін тарта отырып, 16 тонна пластмассалық қақпақтар жинап, ауырып жатқан балалардың еміне жәрдемдесті. Ал Vita еріктілердің іздестіру тобы құрамында 50 адам бар. Олар соңғы жарты жылда 13 адамның табылып, үйіне оралуына ықпал еткен. 50 адам волонтерлердің таратқан ақпаратынан кейін үйіне қайтқан.

Сенат спикері, облыс әкімі, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары М.Катаев атындағы оқушылар сарайында «Жас ұлан» және «Жас қыран» ұйымдары қатарына озат оқушыларды қабылдау салтанатына қатысты. Олар жас өрендерге көгілдір галстуктарын тағып, оқуда сәттілік тіледі. Ал оқушылар Отанға адал қызмет етуге, үлкендерді құрметтеуге, табиғатты аялауға уәде берді. Сонымен қатар, «Жас ұлан» ұйымының әнұранын орындады.

- Алдарыңызға мақсат қойып, оларға қол жеткізуге тырысыңыздар. Бұл таным жолы бақыттарыңызға қол жеткізуде және Отанымыздың гүлденуіне үлес қосар жемісті болсын. Дарындарыңыз бен табанды еңбектеріңіз нағыз көшбасшы болуға көмектесіп қана қоймай, ел дамуының кепіліне айналуына тілектеспін, - деді балаларға Д.Назарбаева. Бұл күні 50 оқушы «Жас ұлан», 20 оқушы «Жас қыран» қатарына алынды.

 

Өз тілшіміз.

saryarka-samaly.kz