С.Қайыртаев Самарқанд марафоны жолының үйреншікті жазық емес, керісінше бұралаңдары, өрлері мен ылдилары көп күрделі де ауыр жолдары арқылы есте қалғанын айтады. Дегенмен, барлық қиындықтарға қарамастан, әлем елдерінің 500-ден астам өкілі қатысқан марафонда ақтоғайлық желаяқ 21 шақырымдық қашықтықты 1 сағат 25 минут 34 секундта жүгіріп өтіп, 35-39 жас аралығындағы марафоншылар арасында екінші орынды жеңіп алды.

Спорттық жолын бала кезде күрестен бастаған Сұңғат Қайыртаев өсе келе жеңіл атлетикаға ден қойды. Ол тұңғыш рет 2012 жылы Ресейдің Омбы қаласында өткен марафонға қатысты. Содан бері республикалық, халықаралық жарыстардың талайына қатысып, жақсы нәтижелерімен қуантып келеді. Мәселен 2017-2018 жылдары Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында өткен «BAKAI BANK JAZ DEMI» марафонында екі мәрте топ жарды. Сондай-ақ, 42.195 км қашықты құрайтын классикалық және 21.097 шақырымдық жартылай марафондарға үнемі қатысады. Спортшы бүгінге дейін отыздан астам ірі жарыста бақ сынады.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz