«Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» арнайы жобасы негізінде қазіргі заман талабына сай винил күйтабағынан көшірілген дискіде «Ақындар айтысы», «Жар-жар», «Бесік жыры», «Арқаның алқасы» атты халық әндерінен тізбектелген 17 трек жазылған. Шафер музей-үйінің жетекшісі Ажар Сағындықованың айтуынша, бұл - сандық форматқа көшірілген 61-інші диск. 20 данамен жарық көрген туындыны кез келген адам музей-үйге келіп, тегін көшіріп алуына болады.

- Біз музей қорындағы әуендерді зерттеу мен цифрландыру жұмыстарын толықтай қолға алдық. Қазір «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында фольклорға көп көңіл бөлінуде. Қазақстанның халық әуендерін жастардың біліп жүруі үшін мұндай бай қорды халықтың арасына таратқымыз келеді. Бұл дискіні үш ай дайындадық. Себебі, оның авторлары мен орындаушыларының тарихын толық зерттейміз, - дейді А.Сағындықова.

Танымал музыка зерттеушісі, жазушы, ғалым, 27 мың күйтабақты жинап, сақтаушы Наум Шафер тұсаукесерде қазақ салт-дәстүрі әндерінің қоры қалай қалыптасқанын және оның тарихына кеңінен тоқталып өтті.

- Біздің қорда Англия, Америка, Франция, Түркия, Жапония сияқты әлемдегі әртүрлі елдердің граммофондары мен жеке меншік топтамалары бар. Дегенмен оның ішінде қазақ әуені ерекше орын алады. Оның барлығы ең үздік үлгіде топтастырылған. Ағылшындар бізде өткен ғасырдың 20-шы жылдары шыққан пластинкаларды көріп, таң қалған болатын. Қазір қордағы барлық 27 мың күйтабақты цифрландыруға асық-паймын. Себебі, күйтабақ дыбысты мәңгі сақтайды, ал қазіргі дыбыс тасымалдау-шылар белгілі бір мерзімге ғана есептелген. Кассеталар мен дискілер, флешкалар 15-20 жылға ғана жарамды. Ал күйтабақтар барлық ережені сақтайтын болса, дыбысты мәңгі сақтайды. Бізде ХІХ ғасырдың соңындағы күйтабақтар бар. 1898 жылғы күйтабақ сақтаулы. Сол кезде қалай болса, қазір де сол күйінде. Түпнұсқасын сақтау маңызды. Қазіргі таңда халық жазбаларын цифрландыруға көшірудің маңыздылығы туындап отыр, - дейді Наум Шафер.

Айта кетелік, «Қазақтың салт-дәстүр жырлары» дискісіне енген 17 тректің зерттеу жұмыстарын әзірлегендер - профессор Наум Шафер, дыбыс режиссері Виктор Сакин, әдіскер Динара Накенова мен Ажар Сағындықова болған.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz