- Нәзигүл Төлешқызы, «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысудың басты талаптары қандай?

- Бағдарламаға төрт және одан көп баласы бар, толық емес (қанша баласы бары маңызды емес), мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады. Негізгі талаптар – тұрғын үй кезегінде тұруы және айлық табыстың жан басына шаққанда 42500 теңгеден аспауы. Табысы төмен осындай отбасылар жергілікті әкімдіктен тиісті жолдама алады. Жолдаманы, отбасы мүшелерінің туу куәліктері мен жеке куәліктерін, неке қию немесе бұзу туралы куәлікті, соңғы 6 ай аралығындағы табысты растайтын құжатты «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» тапсырады. Банк 10 күн аралығында өтінішті қарастырып, төлем қабілеттілігін анықтайды. Айта кетерлігі, егер өтініш берушінің табысы төлем қабілеттілігін растауға жеткіліксіз болса, жолдасы, басқа да жақын туысы қосалқы қарыз алушы бола алады.

- Несие қандай мерзімге және қандай пайыздық мөлшерлемемен беріледі?

- «Бақытты отбасы» бағдарламасының артықшылығы сол, ол өте төмен пайыздық мөлшерлеме – 2 пайызбен 20 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Алғашқы жарна пәтер құнының 10 пайызын құрайды. Яғни, баспана 10 млн. теңгеге бағаланса, қарыз алушы 1 млн. теңге көлемінде бастапқы жарна төлесе болғаны. Қалған 90 пайызды банк береді. Ай сайынғы төлем пәтер бағасы мен бастапқы жарнаның көлеміне тікелей байланысты. Бағдарлама талабына сәйкес, өтініші мақұлданған азаматтың құны 10 млн. теңгеден аспайтын жаңа үйді, екінші нарықтағы үйді немесе жеке үйді алу мүмкіндігі бар.

- Бағдарлама басталғалы қанша павлодарлық баспаналы болды?

- Шілде айынан бастап бізге шамамен 350 өтініш келіп түсті. Оның ішінде мақұлданып, оң жауап алып жатқандар қатары күннен-күнге артуда. Бүгінгі таңда 169 отбасы өз үйлеріне қол жеткізді. Тағы 83 өтініш иесі пәтер таңдап, қарастырып жүр. Осылайша, жыл соңына дейін 252 павлодарлық баспаналы болады. Олардың қатарында 50 көпбалалы отбасы, 160 толық емес отбасы және мүмкіндігі шектеулі баласы бар 42 отбасы бар. Осы орайда 212 пәтердің Павлодар қаласында, ал 40 үйдің аудандарда сатып алынғанын атап өту керек. Яғни, «Бақытты отбасы» бағдарламасы ауылдықтардың да баспаналы болуына мол мүмкіндік беріп отыр.

- Тұрғын үй алуды қалайтын азаматтар қай уақытта өтініш беріп, бағдарламаға қатыса алады?

- Жалпы, бұл бағдарлама үш жылға жоспарланған. Жоғарыда аталған үш топтың баспаналы болуы үшін жыл сайын елімізде 50 млрд. теңге қарастырылады. Биылғы жоспар орындалды. Ендігі ретте құжаттарды қабылдау келесі жылдың ақпан айында басталмақ. Оған дейін «Бақытты отбасы» арқылы баспана алуға ниеттілер тұрғын үй кезегіне тұрып, мерзімі өтіп кеткен несиелерін өтеп, пәтердің бастапқы жарнасын жинап, құжаттарды дайындаса құба-құп. Біздің банк қызметкерлері кез келген уақытта тұрғындарды қабылдап, сұрақтарына жауап беруге әзір.

- Сұхбатыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.

saryarka-samaly.kz