Өткенге көз салатын болсақ, турнир алғаш рет 2008 жылдың желтоқсан айында «Saryarqa samaly» газетінің 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Алғашқы турнирдің қорытынды бәсекесінде 180-нен астам тоғызқұмалақшы өнер көрсетті. Жыл өткен сайын турнирге қатысушылардың саны артып, соңғы жылдарда 400-ден астам спортшы бір мезетте басылым жүлдесін сарапқа салу дәстүрге айналды. 2017 жылы басылым жүлдесі үшін өткен X турнир тұңғыш рет республикалық дәрежеде ұйымдастырылды. Оған қазақстандық спортшылармен бірге, Қырғыз елінің кәсіпқой тоғызқұмалақшылары да қатысты. Былтыр өткен дәстүрлі додада әлемнің 6 мемлекетінен (Ауғанстан, Әзербайжан, Түркия, Моңғолия, Ресей, Қазақстан) тоғызқұмалақшылар келіп, басылым жүлдесін сарапқа салды. Биыл да еліміздің батысы мен шығысынан, оңтүстігі мен теріскейінен келген тоғызқұма-лақшылар бәсекенің көрігін қыздыруда.

- Дәстүрлі турнир тартысқа толы өтуде. Басылым жүлдесіне арналған додаға жыл сайын қатысушылар көп келеді. Әсіресе, балалар. Биыл мен Шығыс Қазақстан облысынан 11 тоғызқұмалақшыны дайындап әкелдім. Олардың қатарында республикалық додаларда жүлде алып жүрген спортшылар бар. Мәселен, Аяна Исахан осыдан 2 жыл бұрын «Saryarqa samaly» газетінің жүлдесі үшін өткен турнирде топ жарған еді. Биыл ел чемпионатында күміс жүлде жеңіп алды. Сондай-ақ, Мәлика Әсімхановадан да жақсы нәтиже күтемін. Басқа шәкірттерім де оңай шағылар жаңғақ емес, - дейді Шығыс Қазақстан облысының аға жаттықтырушысы Жарас Исаханов.

Дәстүрлі турнирге қатысушылар жас ерекшелігі бойынша 5 топқа бөлініп (8, 10, 12, 15 және 16 жастан асқан) өнер көрсетуде. Қызыққа толы өрбіген республикалық жарыс туралы толығырақ мағлұматты газетіміздің алдағы нөмірінен оқи аласыздар.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz