ХІІ республикалық турнирдің ашылу салтанатына тоғызқұмалақтан мемлекеттік деңгейдегі жаттықтырушы Дастан Қапаев, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту, архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов, газет ұжымы және ардагерлері, ұлттық ойын жанашырлары қатысты. Басылымның бас редакторы Нұрбол Жайықбаев ұйымдастыруға қолдау білдірген «Ертіс Медиа» басшылығына, демеушілік көрсеткен «Нұрқай» сауда үйіне, «Шахмат үйіне» және өзге де төреші, жаттықтырушыларға алғыс білдірді. Қатысушыларға сәттілік тіледі.

Осымен XII мәрте ұйымдастырылған турнирге Павлодар өңірінің барлық аудан-қалаларымен қоса, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы, Ақмола, Қызылорда, Маңғыстау облыстарының және Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласының тоғызқұмалақшылары топқа түсті. Басылым жүлдесіне таласқан 379 спортшы жас ерекшелігіне қарай 5 топқа бөлініп (8, 10, 12, 15, 16 жастан жоғары) өнер көрсетті.

Төл ойында қарсылас шыдатпаған ойыншылар мен шеберлігімен көзге түскен тоғызқұмалақшылар назардан тыс қалған жоқ. Мерейі үстем болған 60-тан астам ойыншыға жүлде үлестірілсе, «Ең жас тоғызқұмалақшы», «Тәлімді бапкер» секілді номинациялар да өз иесін тапты. Сонымен қатар, ұлт жанашыры, облыстық тоғызқұмалақ спорты федерациясының бұрынғы президенті марқұм Ардақ Райымбеков атындағы арнайы жүлделер табыс етілді. Сондай-ақ, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы арнайы 10 жүлде тағайындады.

- Мен әріптесіммен бірге Алматы облысынан шәкірттерімді осы жарысқа алып келдім. Алматы облысының атынан осы турнирде 8 спортшымыз бақ сынады. Турнирге осыншалықты көп адамның қатысатынын күтпеген едім. Соңғы уақытта «Saryarqa samaly» газетінің аты тоғызқұмалақпен қатар айтылатындай көрінеді бізге. Неге дейсіз ғой? Жыл сайын аталған газеттің төл ойыннан турнир өткізетінін еліміздегі әр өңірдің тоғызқұмалақшылары біледі. Павлодарда жарыс өтеді десе, газеттің жүлдесіне арналған турнир емес пе екен? - деген сауал көкейге бірден оралады. Басылым ұжымы бастаған шара жалғаса берсін. Бұл - баршаға үлгі боларлықтай өнегелі іс, - дейді тоғызқұмалақтан спорт шебері, Алматы облысының аға жаттықтырушысы Ернұр Әлиакбаров.

- Басылым атындағы жүлдеге жыл сайын әуесқойлар мен кәсіби тоғызқұмалақшылар қатар сынға түседі. Жас мөлшеріне шектеу қойылмайтын турнирде соңғы жылдарда қатысушылар саны айтарлықтай өсті. Кейбір жылдарда турнирде бас қосқан тоғызқұмалақшылардың саны 400-ден асып жығылған кездер де болды. Мұндай ауқымды жарысты ұйымдастыруға тыңғы-лықты дайындық қажет. Тіпті, кейбір кезде орын мен тоғызқұмалақ тақталарының, спорттық сағаттардың жетіспей қалатын кездері де болады. Бұған біз түсіністікпен қарауға тырысамыз. Себебі, сан бар жерде сапаның да артатыны белгілі. Жыл сайын басылым ұжымы мен «Шахмат үйі» мамандарының, төрешілердің ауызбірлігінің арқасында жауапты шараны өз деңгейінде атқарудамыз. Ұйымдастыру мәселесіндегі азын-аулақ қиындықтар ештеңе емес, бастысы ұлттық ойынның дамуына үлес қосудамыз, - дейді ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, жарыстың бас төрешісі Шәріп Қашкенов.

Басылым додасында тоғызқұмалақтан спорт шеберлері, халықаралық, республикалық додалардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары да қатысып, жүлдеге таласып көрді. Бірақ олардың кейбірі ақтық сынға жетпей сүрініп жатты. Тартысқа толы өткен турнир жайлы газетіміздің алдағы нөмірлерінде кеңірек жазатын боламыз.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz