ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей басшысы Владимир Путиннің алдында сөз сөйлеген Павлодар облысының әкімі табысты шекаралық әріп-тестік үшін халықаралық көлік дәліздерін бірлесіп тиімді пайдалану маңызды роль атқаратынын атап өтті.

- Әсіресе, су көліктерінің қатынасына баса назар аудару қажет, - деді Болат Бақауов. – Өткен ғасырдың 70-80 жылдарындағы жағдайды еске алсақ, ішкі су көліктері Ертіс өзені арқылы жылына тоғыз миллион тоннаға дейін жүк тасымалдайтын еді. Қазіргі кезде кемелердің көлемінің артуы мен өзен арнасының таяздығының салдарынан өзендегі жүк тасымалы дұрыс дамымай жатыр.

Аймақ басшысы Ертіс өзеніндегі жүк тасымалына Қазақстандағы Үрлітүп пен Ресейдегі Омбы арасындағы өзен арнасының тиісті деңгейде терең болмауы кедергі жасап отырғанын айтты. Осыған байланысты Болат Бақауов ресейлік әріптестерін аталмыш мәселені үкіметаралық деңгейде шешуді сұрады.

- Өзеннің әлеуетін тиімді пайдаланудың жарқын мысалы ретінде Павлодар мұнай-химия зауытындағы жаңғырту жұмыстарына қажет болған салмағы 500 тоннадан астам екі реакторды су жолы арқылы жеткізу болып табылады, - деді Павлодар облысының әкімі. – Оңтүстік Кореяның Ульсан қаласынан шыққан жүк Солтүстік теңіз жолымен Каменный мүйісіне дейін, одан әрі Жаңа Порттан Салехард, Ханты-Мансийск, Тобольск және Омбы арқылы жеткізілді. Осы көлік дәлізін қалпына келтіру аса маңызды деп санаймын. Бұл әсіресе, Ұлы Жібек жолының жаңғыруы мен «Бір белдеу – бір жол» бастамасын жүзеге асыру аясында аса өзекті болып табылады.

Ресейлік БАҚ-қа берген сұхбатында Болат Бақауов өзен жолы арқылы Павлодардан Омбыға қиыршық тас жеткізуге болатынын атап өтті. Омбы облысының қиыршық тасқа деген қажеттілігі жылына екі миллион тоннаға жуықтайды.

Сонымен бірге пленарлық отырыста Павлодар облысының әкімі Ресей Федерациясының шекаралық өткізу бекеттерінен жүк пен жолаушылар өтуінің қарқыны төмен екендігін айтты.

- Тез бүлінетін жүктерді тасымалдайтын кәсіпкерлер шекарадағы тексеріс қызметтерінің, яғни, ветеринарлық, фитосанитарлық және көлік инспекциясы, салық органдарының арасында белгіленген іс-қимыл регламентінің болмауынан зардап шегуде, - деді аймақ басшысы. – Әр көлік жіті тексеріліп, құжаттар ұзақ уақыт сканерден өткізіледі. Кейбір ауыр жүк көліктерін талаптарды сақтамағаны үшін кері қайтарады. Осы мәселені шешу бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет.

Сонымен қатар, Болат Бақауов ресейлік әріптестерін энергетика және көмір өнеркәсібі саласындағы әріптестікке шақырды. Ол Павлодар облысында электр энергиясының бір кВт-ы 2 рубльден сатылатын энергия тасымалдауыштардың артық қоры бар екендігін айтты.

Форум қорытындысында облыс әкімі Болат Бақауов Новосібір облысының губернаторы Андрей Травниковпен және Қорған облысының басшысы Владимир Шумковпен өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Меморандум аймақтар арасындағы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, білім беру, медицина салаларындағы байланыстарды және ғылыми зерттеу мен тәжірибе алмасу бағыттарын қамтыды.

 

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі.

saryarka-samaly.kz