Бұл кездесуде маусым аяқталмай жатып-ақ ел чемпионатының алтын жүлдесін 6-ншы рет иеленген «Астана» футбол клубы өз жанкүйерлеріне жақсы көңіл-күй сыйлауы керек еді. Алайда, олай болмай шықты. Атағы дардай «Астана» ойыншылары алаңда сылбыр қимылдап, кездесуді сүреңсіз бастады. Тіпті, елордалық клубтың гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болғанымен Дорин Ротариу, Марин Томасов, Рангело Янга секілді ойыншылар есеп аша алмай дал болды. Жерлестеріміз бұл жолы да өткендегідей «Қайратқа» қарсы кездесудегі ойын мәнерін пайдаланып, қорғаныста сауатты ойнады. Әрі қарымта шабуылдарды да жүйелі ұйымдастыра білді. Кездесудің бірінші бөлігі аяқталар тұста елордалықтардың қателігін тиімді пайдаланған Руслан Мингазов қапталдасы Жереми Манзорроның аяғына допты салып берді. Есеп – 0:1.

Үзілістен соң да ойын өрнегі өзгерген жоқ. Алаң иелері допқа көбірек иелік еткенімен таразы басын теңестіре алмады. Ұрымтал сәттің бірінде «Ertis» ойыншысы Руслан Мингазов допты қарсыластардан тартып алып Арман Нүсіпке сәтті жеткізді. Арман да қарап қалмай, допты Карлос Фонсекоға асырды. К.Фонсеканың соққысын қақпашы қайтарып үлгерді. Алайда, Руслан Мингазов қайта серпілген допты голға айналдырды. Есеп – 0:2! Қалған уақытта ел чемпиондары қалайда қарымта қайтаруға тырысқан. Бірақ көбінесе алыстан соққы бағыттап, қателіктерге жиі бой алдырды. Бірін-бірі түсіне алмаған елордалық ойыншылар шабуылды соңына дейін жеткізе алмай іштен тынды. Кездесудің соңына қарай «Астана» ойыншысы Роман Мұртазаев «Ertis» қақпасын нысанаға алды. Бұл жолы қақпашы Андрей Пасеченко қауіптің бетін сейілтіп, қақпасын голдан аман алып қалды. «Астананы» сырт алаңда жеңген жерлестеріміз турнир кестесінде бір сатыға жоғары көтеріліп, ел чемпионатын 8-інші орынмен аяқтады.

Биылғы маусымда өзі деңгейлес командалардан жиі жеңілетін «Ertis» үздіктердің барлығын тізерлетті. Бұл - қызық жағдай. Мәселен, жерлестеріміз бұған дейін ел Кубогының иегері «Қайсарды» ұтқан еді. Сондай-ақ өткен ойында еліміздегі үздік команданың бірі Алматының «Қайратын» 5:0 есебімен жеңген болатын.

 

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz