Елімізде жүргізіліп жатқан «Қыс – 2019» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу аясында төтенше жағдайды шұғыл жою жасақтарының дайындығы мен қар жинайтын техниканың жағдайы тексерілді. Мамандар берілген тапсырманы аз уақыттың ішінде орындап, жеделдік танытты. Байқауға ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің өкілі, азаматтық қорғау подполковнигі Ө.Тұқышев, облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі А.Двинянин қатысты. Шара барысында қысқы кезеңдегі апаттар және төтенше жағдайлардың нәтижесінде зардап шеккендерге өз уақытында көмек көрсетуге арналған техника мен құрал-жабдықтардың жарамдылығына ерекше назар аударылды. Департамент бөлімшелерінде жанар-жағармай, азық-түлікті жеткізу, іздеу-құтқару, қысқы кезеңде өрттерді жою жұмыстарын жүргізетін техникалардың жағдайы таныстырылды.

Ауқымды шараға департаменттен 4 бірлік техника, облыстық денсаулық сақтау басқармасынан 1 медициналық жедел жәрдем бригадасы, апаттар медицинасы орталығынан 1 бірлік техника, «Павлодар жылу желілері» ЖШС-нен 3 бірлік техника, «Павлодар - Водоканал» ЖШС су құбыры және кәріз желілері бойынша авариялық-техникалық командасынан 2 бірлік техника қатыстырылды. Жергілікті ірі кәсіпорындар мен зауыттар атсалысқан оқуға жалпы саны 48 техника тартылды. Жеке құрамнан 128 адам қызмет көрсетті.

Мамандар қыс мезгілінде жекеменшік сектордағы үйлердің тұрғындары от жаққанда барынша сақтық шараларын ұстануы керектігін айтады. Ағымдағы жылдың 10 айы ішінде облыста 868 өрт фактісі тіркелген. Материалдық шығын көлемі 268 млн. 330 мың теңгені құрайды. Тілсіз жаудың салдарынан 22 адам бақилық болған. 23 адам түрлі деңгейдегі дене жарақатын алған. 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 30 пайызға көп. Қызыл жалын салдарынан орын алған адам өлімі де 4 пайызға артқан. Тіркелген өрттердің 61 пайызы жеке сектордағы үйлерде орын алған. Мамандар ауа райының өзгеруін тұрғындарға түрлі жолдармен хабарлап отыратынын айтты. Бұл ретте ауа райының бұзылуына орай, дауылды күндері телеарналар мен радио арқылы хабарландырулар және жүгіртпе жолдар беріледі. Ұялы телефонға SMS хабарламалар келеді. Бұл уақытта ескертпелерді тыңдап, алыс жолға шықпаған жөн.

- Оқу-жаттығу кезінде қысқы мерзімде қызмет атқаратын техникалардың дайындығы тексерілді. Әзірлік өз деңгейінде жүргізілуде. Жол мен ауа райын талғамайтын 3 «Трэкол» техникамыз бар. Бұл көліктер қалың қарда, сақылдаған сары аязда жолда қалған адамдарды құтқаруға мүмкіндік бермек. Апат орнына 12 құтқарушыны жеткізе алатын бұл машина Баянауыл мен Ақтоғай аудандарында болған топан суда өзінің тиімділігін көрсетті. Қыста төтенше жағдайдың алдын алуда жеке құрам барын салатын болады, - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті авариялық-құтқару жасағының жетекшісі Владимир Власов.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

Суреттерді түсірген - Дастан Ысқақов.

saryarka-samaly.kz