2019-2021 жылдарға арналған бюджетті нақтылау жобасымен таныстырған облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаев республикалық бюджетке жүргізілген өзге-рістер ескерілгенін атап өтті. Нәтижесінде, облыс қазынасы республикадан қосымша 2,7 млрд. теңге алады. Оның 2,4 млрд. теңгесі аймағымызда жүзеге асатын жобаларды республикалық бюджеттен қосымша қаржыландыру бойынша бөлінбек. Яғни, облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды жөндеуге, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төлеуге, мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға, еңбек нарығын, сумен қамту жүйесін дамытуға бағытталмақ. Сонымен қатар, білім беру, денсаулық сақтау, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған мақсатты трансферттердің азайтылғаны да айтылды.

Мақсат Қайратұлы облыс деңгейінде де бюджетте бірқатар өзгерістер орын алғанын атады. Нақтысы, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша іс-шаралар қарастырылып отыр. Сондай-ақ, шұғыл шешуді қажет ететін мәселелер ескерілген.

Бұл ретте, бюджеттің кіріс бөлігі нақтыланған. М.Тұрлыбаевтың айтуынша, Павлодар және Екібастұз қалалары бюджеттеріне қосымша қаржы түседі. Яғни, Павлодар қаласы қазынасына дизельді отын акциздері бойынша жоғалтылған түсім көлемі облыс бюджеті арқылы толтырылмақ. Ол үшін облыстық бюджетке аударылатын жеке кіріс және әлеуметтік салықтар бойынша норматив өзгертілмек. Мәселен, жеке кіріс салығының бұрын 51,4 пайызы облыс қазынасына аударылып келсе, енді 45,7 пайызы түседі. Нәтижесінде, Павлодар қаласының қазынасы 718,6 млн. теңгеге толығады. Екібастұзға да осындай жеңілдік жасалып отыр. Сөйтіп, кеншілер шаһарының бюджетіне қосымша 720,3 млн. теңге түспек.

Тағы бір қуантарлығы, республикалық трансферттердің көбеюінен облыстық қазынада жол жөндеуге қарастырылған 2,4 млрд. теңге босады. Сонымен қатар, объективті себептерге байланысты 1,9 млрд. теңге қайта бөлуді қажет етеді. Яғни, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мерзімдерінің жылжытылуына, кей бағдарламалар бойынша нақты өтінімдердің болмауынан қаржыландыру көлемін өзгерту ұсынылған. Биыл тоғыз айда мемлекеттік сатып алулар қорытындысы бойынша қаржы үнемделген. Міне, аталған қаржыны ең қажетті бағыттарға жұмсау ұйғарылып отыр. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, босап қалған қаржының 60 пайызға жуығы, бұл дегеніңіз 1,4 млрд. теңге әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, инфрақұрылым салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталады.

Тарқатып айтсақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға 1000-нан астам көмекші құралдар, 183 бірлік арба сатып алынбақ. Бұл мақсатқа 146,4 млн. теңге қарастырылып отыр. 210,4 млн. теңге облыстық кардиологиялық орталыққа ангиографиялық жабдық сатып алуға бағытталмақ. Аталмыш аппаратты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде мемлекеттік кепілдікті орындау мақсатында сатып алу қажет көрінеді. Сондай-ақ, 100 млн. теңге Павлодар қаласында екі мектеп құрылысын бастауға және Ақсуда қара металлургия колледжі жанындағы жатақхана құрылысын аяқтауға бөлінбек. Облыс орталығындағы қос мектептің бірі Сарыарқа, екіншісі Затон шағын аудандарында бой көтермек. Павлодар және Ақсу шаһарларында екі кәріз коллекторының құрылысына 625 млн. теңге бағытталып отыр. Екібастұз бен Ақсуда 8 үйдің құрылысын жалғастыруға 280 млн. теңге қарастырылды. 432, млн. теңге Ақтоғай ауданының Шолақсор ауылына кіреберіс жолды жөндеуге жұмсалмақ. Бұл жұмыс су тасқыны қауіптерінің алдын алуға және жоюға бағытталған, 2017-2020 жылдарға арналған жол картасын жүзеге асыру аясында қолға алынуда. 230 млн. теңге қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында кәдеге жаратылмақ. Бұл қаржыға 10 аудандық полиция бөлімшесінде 10 фронт-кеңсе ашуға, Павлодар қаласында стационарлық екі бекет орнатуға, жергілікті полиция қызметіне 179 бірлік бейнежетон сатып алуға жұмсалады. 300 млн. теңге ауыл шаруашылығының көсегесін көгертуге қосымша бөлініп отыр. Оған 8,5 мың тонна сүт өндірісін субсидия-лау көзделген. Нәтижесінде сүт өндірісі 13,7 пайызға артады деп күтілуде.

Сессияға төрағалық еткен облыстық мәслихаттың хатшысы Бақыт Бексейітова бюджеттің жобасы тиісті тұрақты комиссия отырысында егжей-тегжейлі талқыланғанын атап өтті. Мәслихаттың экономика және бюджетті жоспарлау жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Анатолий Бойчин облыстық қазына республикалық бюджеттен 2,7 млрд. теңгеге толығуы аймағымызда бірқатар мәселелерді оң шешуге септігін тигізетініне сенім білдірді. Қолданылып жатқан шаралар облыстың әлеуметтік маңызы бар түйткілдерінің түйінін тарқатары сөзсіз, деді.

Енгізілген өзгертулерді қоса алғанда, облыс бюджетінің нақтыланған көлемі 214,1 млрд. теңгені құрады. Оның 88,2 млрд. теңгесі - республикалық бюджеттен мақсатты трансферттер мен кредиттер.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz