Облыс әкімі Болат Бақауов бастаған жұмыс тобы сенбі күні Павлодар қаласындағы бірқатар көмір сату орнына арнайы барды. Кәсіпкерлердің айтуынша, биыл тұрғындардың дені қыркүйек, қазан айларында қысқы дайындықты бастап, қажетті көмірлерін сатып алды. Былтырғыдай сағаттап күтетін кезек жоқ.

- Қазіргі кезде қоймамызда Майкөбе көмірінің тұтынушылық түрінің 1873 тоннасы бар. Күніне шамамен 150 тонна көмір сатылады. Бағасы – 10 мың теңге. Өткен жылы бір тоннасы 10500 теңге болған еді. Кеніштегі босату құны төмендеген соң біз де бағаны арзандаттық. Ал екібастұздық «Богатырь Көмір» кенішінен шыққан көмірдің бір тоннасының бағасы – 7200 теңге, - дейді «А-Вест Павлодар» ЖШС менеджері Олег Сайко.

Облыстық энергетика және тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, өңір тұрғындарының қыстан тарықпай шығуы үшін шамамен 430 мың тонна қатты отын қажет. Қазіргі уақытта тұрғындар бұл көлемнің 71,5 пайызын, яғни 306 мың тоннаны сатып алған көрінеді. Ресми тіркелген орындарда көмірдің бір тоннасы 7 мың теңгеден 12 мың теңгеге дейін сатылады. Бұл ретте облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек заңсыз сату орындарымен күрес жүргізілетінін айтты.

- Әдетте тиісті рұқсатқағаздары жоқ делдалдар бағаны негізсіз өсіріп жатады. Осындай жайт-тардың алдын алу үшін құзырлы органдардың өкілдерімен бірге тұрақты түрде мониторинг жүргі-зіледі. Әзірше заңсыз сатушылар анықталған жоқ. Егер бірнеше жеке кәсіпкер өзара келісіп, бағаны негізсіз өсірсе, тиісті шаралар қолданылатын болады. Бүгінде Павлодар қаласында 4 және әр аудан-қалада 1 ресми сату орындары бар. Жалпы, облыстың қоймаларында 16,5 мың тонна көмір сақтаулы. Ешқандай тапшылық жоқ, - дейді Ұ.Жазылбек.

Жергілікті билік өкілдері қатты отынның бағасын өсіруге еш негіз жоқ екенін атап өтті. Сонымен қатар, тұрғындарға қазірден-ақ көмір сатып алуға кеңес берді.

 

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz