У.Шекспирдің бұл шығармасы бұған дейін облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының репертуарында болған. Уақыт ағынымен сахнадан ұзақ жылдар көрінбей кеткен қойылымды театрдың бас режиссері Әділет Ақанов жаңаша сипатта көрермен назарына ұсынуды жөн көрген.

- «Король Лир» трагедиясын 2001 жылы 19 қаңтарда елімізге белгілі режиссер, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Тәпенов ағамыз толық нұсқада қойған екен. Спектакль 2005 жылдың мамыр айына дейін сахналанып, кейін репертуардан алынып қалған көп қойылымның біріне айналған. Қазіргі уақытта әлем театрларында моноспектакль жанры ерекше қарқынмен дамып келе жатыр. Көштен қалмай менде осы шығарманы қайта қоюды жөн көрдім, - дейді Әділет.

Е.Тәпенов қойған «Король Лирде» де Корольдің образын сомдаған Бейбіт Шәнімге аталмыш бейнені жалғыз сомдау еш қиындық тудырмайтын тәрізді.

- Әр режиссердің өзіндік қолтаңбасы мен жеке көзқарасы болады. Дейтұрғанмен, қос режиссер де маған үлкен сенім артып отыр. Ерсайын Тәпенов сахналаған қойылымда Король Лирдің отбасындағы оқиғалар толығымен қамтылатын болса, мұнда Корольдің тағдыры ғана болады, - дейді Бейбіт Шәнім.

Араға 14 жыл салып сахнаға қайта оралған «Король Лир» қойылымында айтылмаған сырлар әлі де жетерлік. Аталған қойы- лымды тамашалаймын десеңіз, 21 қараша күні сағат 18.30-да театрға келіңіз!

Айта кетелік, Бейбіт Шәнім Ресейдің Омбы қаласында Бекежан образы үшін губернатор Полежаев тағайын-даған жүлдеге ие болған. Сондай-ақ, Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен Халықаралық театр фестивалінде дәл осы Король Лир рөлімен «Көрермендердің көңілінен шыққан бейне» аталымына ие болған болатын.

 

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

Сурет театр мұрағатынан алынды.

saryarka-samaly.kz