Мұхтар Бекенұлы - Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің және Астана суретшілер одағының «Құрмет» медалінің иегері. Көрмені облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқар-масы басшысының орынбасары Сәуле Османова ашып, көрнекті қылқалам шеберіне шығармашылық табыс тіледі.

Алматыдағы Н.В.Гоголь көркем-сурет училищесінде бірге оқыған студенттік досы, Павлодар облыстық суретшілер одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өсербай Шоранов қылқалам иесінің табиғи туындыларды салудағы шеберлігін жан-жақты баяндады. Бұдан кейін «Туған өлке тарихынан» атты графикалық жұмыстарының сериясы туралы әріптесі әрі шәкірті Әнуар Игенбаев сыр шертті.

Мұхтар Бәкенұлының туындылары 1982 жылдан бастап Ленинград қаласындағы И.Е.Репин атындағы сурет көрмесінде, сондай-ақ әлемнің бірқатар елдерінде - Бангладеш, Сирия, АҚШ, Чехословакия, Югославия елдерінде көрсетілгенін мақтанышпен әңгімеледі. Оның табиғи талантының қуатымен салынған туындылары Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде, ҚР Президентінің резиденциясы мен Қазақстан, Ресей, Түркия және Еуропа елдерінің жеке коллекцияларында сақтаулы.

Көрмеге келушілер Қазақстанның графикасын дамытып жүрген суретші шеберлігінің пластикалық формаларды жасауда өзіндік қайталанбас қолтаңбасы бар еңбектерін асқан қызығушылықпен тамашалады. Ол бүгінгі заманның кейіпкерлерін ерекше талғаммен бейнелеген. Шығармашылық мақсатын заман, мәдениет және халықтық дәстүрлер негізінде қазіргі адамның рухани әлеміне көзқарасын ашатын тұжырымдарды жасауды көздегені айқын көрінеді. Көрмеге келгендер талантты суретшінің туған жер табиғатын – Баянауыл, Жасыбай туралы графикасы мен қазақтың ұлы тұлғасы - Мәшһүр Жүсіпті бейнелеудегі шеберлігін ерекше атады.

Құрметті өнер сүйер қауым, рухани азық алып, демалып қайтқыларыңыз келсе, музейге келіңіздер.

 

Тұрсынбай ИБАДУЛЛИН, Қазақстанның Құрметті журналисі.

Суреттерді түсірген - Владимир Бугаев.

saryarka-samaly.kz