- Қарлығаш Рүстембек-қызы, әкеңіз отбасында қандай адам еді?

- Менің әкем әркез өте көңілді жүретін адам еді. Ол кісі үшін мұңаю, қабақ түйіп ренжу деген әдеттер жат еді. Ата-анасынан тым ерте жетім қалған. Үнемі өзінің ерте ер жетіп, қайсар да табанды болып өсуіне балалар үйінде алған тәрбиемнен деп айтып отыратын. Семей қаласындағы балалар үйінде өскен. Әкемнің бойындағы тура мінезі, қарапайымдылығы, мақтаншақтықтан, менмендіктен алыс тұруы біздің өмірлік азығымызға айналды. Анам Гүлсағира - Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Ол кісі де өнерге жақын еді. Өкінішке қарай, менің 8 айлығымда анам өмірден өтті. Әкем мен шешемнің көзінің ағы мен қарасындай болған 4 қызы болдық. Олар - Мақпал, Гүлжан, Шәмшінұр есімді әпкелерім және мен кенжесімін. Әкеден төртеу болғанымызбен тағдырдың жазуымен қазір жалғызбын. Үш әпкем де бақилық болған. Құдайға шүкір, әкемнің артында 4 немересі мен 2 шөбересі бар. Әкемізді үйде жиі көрмейтін едік. Ол кісі жиі гастрольдік сапарлармен Ресей, Қытай және тағы басқа елдерге шығатын. Үнемі сағынысып жүретінбіз.

Әкеміз ән мен күй тыңдаудан, оны орындаудан жалықпайтын. Сондықтан болар, үйімізде үнемі әуен қосылып тұратын. Бірақ әкем өзінің жеке шығармашылығына кірісіп, домбырада ойнаған кезде біз үнсіз ғана тыңдайтынбыз. Үйдің ішінен тек домбыраның шанағынан төгілген күйдің ғана күмбірі естілетін еді ғой. Қазір ол күндер тәтті сағыныш болып, есте қалды.

- Қазақ даласынан шыққан алғашқы кәсіби домбырашының өнерге келу жолы қалай басталған еді?

- Әкем небары 4 жасынан бастап домбырада ойнап үйренген. Алғашқы ұстазы - өзінің әкесі Бейсен атамыз. Баласының өнерге деген құштарлығын көрген атамыз (Рүстембек Омаровтың әкесі) өз қолымен кішкентай домбыра жасап берген екен. Сол домбырасымен түрлі шығармаларды үйрене жүріп, қазақтың дәулескер күйшісі Дина Нұрпейісованың назарына ілінеді. Әкемнің алғашқы ұстазы әрі өнер әлеміне жетелеп, домбырада жетік ойнауына жол ашқан да - Дина апамыз. Кейіннен әкемнің ерекше қабілеті мен дарынын байқаған қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер Ахмет Жұбанов оны Ленинград музыкалық колледжінде білім алуына жол ашып береді. Сөйтіп, ол кісі алғашқы кәсіби домбырашы атанады.

- Рүстембек Бейсенұлы тек домбырашы ғана емес, сонымен қатар, ұстаз болған екен...

- Иә, әкем орындаушылықпен бірге ұстаздық қызметті де қатар алып жүрді. Алдына келіп, домбыраға қызығушылық танытқан кез келген адамға бағыт-бағдар беруге ынтық болатын. Ол кісіден тәлім алған шәкірттердің қатарында қазір көпке әйгілі болып жүрген қазақ күй өнерінің бүгінгі қарлығаштары - Әзидолла Есқалиев, Боздақ Рзаханов, Рысбай Ғабдиев, Қаршыға Ахмедияровтар бар.

- Рүстембек ата қазақтың маңдайына біткен бірқатар дәулескер күйшілердің шығар-маларын нақышына келтіре орындап, жалпақ жұртқа таныта білді. Өзінің де авторлық шығармасы бар. Қазір осы құнды мұралар тек архивте сақталып қалған жоқ па?

- Жоқ, әкемнің орындауындағы күйлердің барлығы қазақ сахнасынан түскен жоқ. Негізі, ол кісі ұзақ уақыт Құрманғазы күйлерін жинақтап, оны қаз-қалпында тыңдармандарына ұсына білді. «Алтын қорда» оның домбырамен орындаған өзінің авторлық шығармасы «Жастық шақ», Құрманғазының «Ілме» күйі, Евгений Брусиловскийдің «Исаның желдірмесі», Дина Нұрпейісова мен Тәттімбеттің күйлері сақтаулы. Кейбір әндері Павлодардағы архив- терде бар. Өкінішке қарай, Алматы қаласындағы мұрағат- тарда оның дауысы сақталғанымен, қолымызға түспеді. Ал менің қолымда әкемнің суреттері мен газет-журналдардағы мақалалары ғана бар.

- Әкеңізге «Қазақ КСР-ның Халық артисі» атағы берілгенін дәлел-дейтін құжаттың жоғал- ғаны рас па?

- Ол рас. Ұзақ уақытқа дейін осы құжат із-түссіз жоғалып кетті де, таппай қалдық. Араға 47 жыл салып әкемізге «Қазақ КСР-ның Халық артисі» атағы шынымен де берілгенін дәлелдейтін құжатқа қол жеткіздік. Бұл күнді мен ешқашан ұмытпаспын. Сол кездегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Негізі әкем өз заманында атақ-даңқтан кенде болған жан емес. Оған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумынан берілген көптеген марапаттары дәлел болды. Бірақ солардың көбі сақталмай қалды. Осы күні қолымызда бар марапаттарды көзіміздің қарашығындай сақтап келеміз.

- Сіздерге қандай ақыл айтатын еді?

- Кез келген іске аса байыппен қарайтын, бір нәрсе туралы жеңіл-желпі ойлаған кезі болған емес. Қыздарына өнегелі тәлім-тәрбие берді. Менің жанымда болғанда «Жан баласын алдаушы болма. Өмірге сен, адамдарға сен. Сенім керек» деп айтып отыратын.

- «Әкеден төртеу едік...» дедіңіз ғой. Әке жолын жалғаған ұрпағы бар ма?

- Біздің үйдің қыздарының барлығы да өнерлі болды. Өкініштісі, әкеміз тәрізді жарқы- рап, қазақ мәдениетіне үлес қосқанымыз жоқ. Дегенмен, менің қазіргі қызметім де өнерден алыс емес. Бүгінде мен Алматы қаласында ательеде конструктор-технолог болып жұмыс істеймін. Әкем бізден гөрі жиендерін өнерге баулып отыратын.

- Бар ғұмырын өнерге арнаған Қазақ КСР-ның Халық артисі бүгінгі таңда қаншалықты ұлықталып жатыр?

- Қолымыздан келгенше ол кісінің атын қайта жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа таныту жолында еңбектеніп жатырмыз. Оған жерлестерінің де қосып жатқан үлесі зор. Мәселен, 2017 жылы осындағы бірқатар ел ағаларының, өнер қайраткерлерінің бастама көтеруімен Иса Байзақов атындағы облыстық филар-мониясының қазақ ұлт аспаптар оркестріне Рүстембек Омаровтың есімі берілді. Әкемнің есімін жаңғыртып, барынша құрмет көрсетіп жатқанын көргенде төбем көкке жетті. Дәл осы сәтте қазақ ұлт аспаптар оркестрі «Жастық шақ» атты концертін қойып, әкемнің төл туындысын оркестрге лайықтап, тыңдарман назарына ұсынған еді. Бұл ретте оркестрдің дирижері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, күйші Талғат Кәрімовтің еңбегін атап өтпеске болмайды. Қазір Рүстембектің ұрпағы, біз де қарап отырған жоқпыз. Оның мұрасын насихаттау, кейінгі ұрпақтарға таныту жолында еңбектеніп, ізденіп келеміз.

Тағы бір атап өтетін тарихи дерек ол - алғаш күй сандықтың сүйемелдеуімен Сергей Шабель-скийдің әдейі әкеме арнап жазған «Тойбастар» атты шығармасы бүгінгі күнге дейін еліміздегі домбырашылардың репертуарынан түспей келеді. Осы шығарманың үлгісінде қазақстандық кәсіби композиторлар домбыраға арнап күрделі шығармалар жазуды қолға алды. Сондай-ақ, әкем орындаған халық күйі «Ақсақ құлан», Құрманғазының «Ақсақ киік», «Жима», «Машина», «Қызық қайың», «Серпер», Динаның «Байжұма», Кәуеннің «Сәнау», Абылдың «Нарату» күйлерінің нұсқалары кең таралып, домбырашылардың репертуарына енді.

- Арманыңыз қандай?

- Адамның арманы таусылған ба? Негізі әкем өз есімін тарихта алтын әріппен жазып кеткен адам ғой. Енді сол тек құжат жүзінде, кітап бетінде, архивтерде ғана қалмай, кейінгі жастар да біліп жүрсе деген арманым бар. Ол үшін шығармашылығын жаңғыртып, күй орындаушыларына беріп жүрміз.

- Әңгімеңізге рақмет!


Дерек:

* Рүстембек Омаров 1919 жылы Лебяжі ауданының Шарбақты ауылында дүниеге келген.

* 1934 жылы Ахмет Жұбановпен танысып, жаңадан құрылып жатқан қазақ ұлт аспаптар оркестрінің құрамына алғашқы домбырашылардың бірі болып қабылданды.

* Өзінің орындаушылық шеберлігін жетілдіріп, Дина және Оқап Қабиғожиндардан Құрманғазы күйлерін, Қали Жантілеуовтен Мәменнің күйлерін, Жәлекеш Айпақовтан Қазанғап күйлерін, Әбікен Хасеновтен Тәттімбет күйлерін тартуды үйренеді.

* 1939 жылы Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, Финляндия, Латвия елдерін қорғау шайқастарына қатысқан.

* Ахмет Жұбановтың қолдауымен Алматы консерваториясына оқуға түсіп, 1951 жылы тәмамдады.


Ахмет ЖҰБАНОВ, қазақ музыкасын зерттеуші ғалым, Қазақстанның Халық артисі «Ғасырлар пернесі» атты еңбегінде: - Рүстембек күйді «шегелеп», шапшаң, жай келетін буындарының бәрін де тастай түйіп, екпінін ауыстырмайды. Орташа ұзындықтағы саусақтарымен бір нотаны жаза баспай, бәрін де өз орнында етіп орындайды. Аты алып қашқан кісідей домбырасының «тізгініне» ие бола алмайтын кейбір домбырашылардай күйді баста алған екпінінен қуып кетіп, аяғында кей жерлерінде сүрініп қалатын әдет Рүстембекте болмайды.

 

Сұхбаттасқан – Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ.

saryarka-samaly.kz