Абай ТАСБОЛАТОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: (пікір ғаламтордан әзірленді) - Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Кәсіпорын-дарда, зауыттар мен мекемелерде жаттығу жасауға арналған уақыт қарастырылса, жас мамандар қолға алған дене шынықтыру-сауықтыру жұмыстарына қомақты қаржы бөлінсе, бұқаралық спорттың дамуына жол ашамыз. Қазіргі бозбалалардың денсаулығы алаңдатады. Еліміз бойынша 5 облыс әскерге шақыру науқанына қатысты жоспарды орындай алмады. Оған ер балалар денсаулығының жарамсыздығы себеп. Жыл сайын елімізде 30-35 мың сарбаз қорғаныс министрлігіне іріктеліп алынады. Кеңес үкіметі кезінде дәрігерлер ұл балаларды 14 жастан бастап толық медициналық тексеруден өткізетін. Бұл үрдіс 2011 жылға дейін ғана жалғасып, тоқтап қалды. Салдарынан қазіргі таңда 17 жастағы бозбаланың бойында сырқат көп. Өткен жылы 400 адам денсаулығындағы кінәратынан ұлттық гвардия қатарынан босатылған. Сондықтан ұл балаларды медициналық тексеруден ерте өткізіп, дене жаттығуын жасауға көңіл бөлуді ұсынамын. Бұл қадам ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға жол ашпақ.


Зейнеп БОРАНБАЕВА, Павлодар қалалық №4 емхананың педиатры: - Медицина саласында 31 жыл тәжірибесі бар 1 санаттағы дәрігермін. Өз басым 7 жыл Павлодар аудандық әскери-дәрігерлік комиссиясының құрамында жұмыс істедім. Көп жағдайда жасөспірімдер арасында миопия, салмақтың аздығы, қан қысымының төмендігі, қан аздығы, семіздік сынды аурулар жиі кездесетін. Ал әскерге денсаулығында ешбір кінәраты жоқ бозбала ғана жіберілуі тиіс. Сондықтан іріктеу кезінде дәрігерлерге зор жауапкершілік жүктеледі. Өйткені жолдама берген сарбаздар әскерден қайтарылуы мүмкін. Мұндай жағдай комиссия мүшелері үшін біліксіздіктің, жауапсыздықтың белгісі. Біздің қызметте мұндай жағдай тіркелген жоқ. Бірақ бекітілген жоспарды орындай алмаймыз ба деген үрей жыл сайын туындайтын. Өйткені жігіттердің денсаулығы жоғарыдағы ауру салдарынан жарай бермейтін. Сондықтан мектептерге, жұмыс орындарында жаттығу жасауды міндеттеу ісін қолдаймын. Өйткені оқушылар мектепте партада отырса, үйде телефонға телміреді. Спортпен айналысып жүрген жастардың қатарын толықтыру қажет. Ал скрининг мәселесін енгізуде нақты қандай сырқат түрін тексеру керектігін анықтау қажет. Біздің емхананың қарамағында 8 мектеп бар. Мекеме дәрігерлері білім ошақтарындағы оқушыларды медициналық тексерістен өткізіп тұрады. Бұл ретте әскерге жіберілмей қалғандар мен қайтып келгендердің арасында белең алған сырқат түріне ғана скрининг өткізген дұрыс деп ойлаймын.


Сәндігүл СОҢҒЫБАЙҚЫЗЫ, Павлодар қаласының тұрғыны: - Бұл бастама ата-аналар тарапынан қолдауға ие болады деген ойдамын. Бұрындары әскер қатарына алынғандар туған елінен жырақта жүріп, Отан алдындағы борышын өтеген еді. Ол уақыттарда сарбаздарды шақыру науқаны мәртебе болып көрінетін. Ал қазір бейбіт заманда еліміздің аумағынан шықпай-ақ, бар болғаны 1 жылдың ішінде Отан алдындағы борышты өтеуге болады. 40 күндік тағы бар. Өкінішке қарай, мұндай жеңілдіктерге қарамастан әскерден бас тартып жүргендер туралы жиі естиміз. Қатарға ілінгісі келетіндердің денсаулығы жарамсыз болып жатады. Отбасымызда 3 ұл тәрбиеленіп келеді. Балаларымның ержетіп, спортқа жақын болғанын қалаймын. Жоғарыдағы бастама қолға алынса, аяқсыз қалмаса екен деген тілегім бар. Талаптың орындалуына бақылау күшейтілсе екен деймін. Өйткені ерте тексерудің өзі көз ауруы, сколиоз сынды аурулардың ерте алдын алуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта гаджеттердің салдарынан қаншама баланың жүйке жүйесі әлсіреп, буындары сырқырауда. Сондықтан бұл істе ата-аналар да белсенділік танытуы керек. Ол үшін баланың телефон, планшет, компьютерге «байланған» уақытын қысқартып, қадағалауды қатаңдатқан жөн. Бірлескен істен нәтиже шығады деген ойдамын.

 

«Алаңды» үйлестірген - Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz