Болашағын байланыстырмады...

Бұған дейін мектеп бітіруші түлектердің белгілі бір пәннен репетитор жалдап, білімін арттырып жүргенін еститінбіз. Өйткені олар болашақ мамандықтарына жол ашатын ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалады. Қазіргі уақытта 6 жасқа толмағандар да, мектеп қабырғасында оқып жүргендер де қосымша білімге зәру. Облыс орталығында қанша репетитор мен оқу орталығы барын нақты біле алмадық. Өйткені ешқайда тіркелмей, үйде отырып қана табыс тауып отырғандар жетерлік. Жарнамадан да көз сүрінеді. Сондықтан болар, мұғалімдіктен осы салаға ауысып, жеке кәсіптің жемісін көріп жүргендер де көп. Солардың бірі – Павлодар қаласының тұрғыны Дана Бадеспаева. 2012 жылы жоғары оқу орнын тәмамдаған жас маман 4 жылдан астам уақыт өз саласы бойынша қызмет етіп, мектепте бала оқытады. 2017 жылдан бері репетитор болып жұмыс істейді.

- Бала тәрбиесімен айналысу оңай іс емес. Зор жауапкершілікті талап етеді. Алғаш рет мұғалім қатарына қосылғанымда сағатым, жалақым да аз болатын. Кейін репетиторлықпен айналысуға көштім. Облыс орталығында бір ғимаратты жалға алып, балаларға қазақ тілі пәнінен сабақ бердім. Кейбір оқушыларға үй тапсырмасын орындауға көмектестім. Бір топта 5 бала оқиды. Әрқайсысы айына 30 мың теңге төлейді. Осылайша, жұмыс кестесін өзім белгілеп қызмет етудемін, - дейді Д.Бадеспаева.

Дана Маратқызының айтуынша, қазіргі уақытта репетиторларға сұраныс өте жоғары. Бұл салаға бет бұрғанда күндізгі сағат 10.00-ден кешкі 20.00-ге дейін демалыссыз жұмыс істеуге тура келген. Бала саны көп болғандықтан, қосымша маман жалдап, еңбекақымен қамтыған.

- Оқушыларды жалғыз оқытуға үлгермегендіктен, мұғалімдерді шақырдым. Олар мектепте сабағы біткеннен кейін оқу орталығына келіп, қосымша білім берумен айналысады. Балаларға арналған жеке әдістемелік құралдарымыз да бар. Бастысы, ата-аналар бізден білім алған ұл-қыздарының оқу үлгерімінің алға басқанын айтып, ризашылықтарын білдіруде, - дейді ол.

Қазіргі уақытта сұранысы жоғары пәндердің бірі – ағылшын тілі. Балаларға шет тілін меңгеруде көмек көрсетіп жүргендердің қатарында Эльмира Болатова да бар. Әу баста 2-курста оқып жүріп, мектеп жасындағы балаларды үйде қабылдай бастайды. Қазіргі уақытта жеке тіл орталығын ашқан.

- Кез келген ұстаз оқушысының оқу үлгерімінен нәтиже көргісі келетіні белгілі. Мамандығым бойынша мектепте жұмыс істеп көрдім. Бірақ болашағымды білім ошағымен байланыстыра алмадым. Өйткені бір сыныптағы 30 балаға тақырыпты толық түсіндіріп шығу қиын. Олардың қабілеттері де әртүрлі. Бірі меңгерсе, екіншісі сабақты тыңдамауы мүмкін. Жаңартылған білім беру мазмұны да зор жауапкершілікті жүктейді. Ашық сабақтың өзіне де ерекше дайындық қажет. Сондықтан репетиторлық жолды таңдауға шешім қабылдадым, - дейді Э.Болатова.

Эльмира Болатова алдымен облыс орталығындағы «YES» деп аталатын тілдер орталығына қызметке тұрған. Оның сөзінше, мұндай мекемедегі мамандар таңғы сағат 9.00-ден кешкі сағат 21.00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді. Әр баладан кем дегенде сағатына – 1500 теңге алады екен. Топтық сабақтар айына 10 мың теңгені құрайды.

Қазіргі уақытта Эльмира Болатова өзінің жеке орталығын ашып, балалармен жұмыс істеуде. Ағылшын тілінен білімін арттырғысы келетіндер сағатына 2-3 мың теңге ақша төлейді екен.

«Оқу жүйесінің олқылығы»

Жаңартылған білім беру мазмұны оқушылармен қатар ата-аналарға да салмақ салып отыр. Әр тақырыптан кейін тапсырылатын бөлімдік жиынтық бақылау (БЖБ) мен қорытынды тоқсандық жиынтық бақылау (ТЖБ) ұстаздарды да әбігерге салуда. Осы екеуінің бағасы электронды күнделікке енгізілгеннен кейін баланың оқу үлгерімі белгілі болады екен. Бағалаудағы мұндай жаңашылдық баланың сабаққа деген қызығушылығын төмендетіп отыр дейді мамандар.

- Оқушыға бұрынғыдай күнде баға қойылмағандықтан, пәнге деген ынтасы, жігері баяулайды. Сондықтан олар жоғарыдағы БЖБ мен ТЖБ-ны ғана күтеді. Тақырыпты толық меңгермеген бала мұндай бақылауды тапсыра алмайды. Осы жағдайда ата-ана баласы үшін репетитор іздей бастайды. Көпшілігі оқытып жүрген ұстаздарынан ақылы түрде қосымша сабақ өткізуді өтінеді. Ал мұғалімнің бос уақыты жоқ. Сондықтан оларға репетиторлық қызметті ақылы негізде жүргізуге тура келеді. Бұл жерде бар мәселе оқу жүйесінде деп ойлаймын. Өйткені бөлімдік және жиынтық бақылаулар тоқсан соңында жазылады. Бұрындары баланы күнделікті дайындалып келген сабағына қарап бағалайтын едік. Өз басым Қазақстан тарихы пәнінен аптасына екі мәрте сабақ беремін. Тақырып бойынша сабақ сұралмағаннан кейін, бала тоқсан соңына дейін бірнеше тақырыптың басын қоса алмайды. Өйткені ТЖБ-ға дейін оқушылар оқыған сабақтарын ұмытып қалып жатады. Сондықтан оқу жүйесіндегі олқылық үшін оқушыларға да, ұстаздарға да кінә арту артық деп ойлаймын, - дейді Айгүл (тегін жасыруды сұрады) есімді мұғалім.

Қазіргі уақытта елімізде мыңдаған ата-ана БЖБ мен ТЖБ-ға қарсылық білдіріп, ескі бағдарламаны қайтару жөнінде петиция дайындап жатқанын атап өтейік.

Ата-аналар да алаңдаулы

Баласын қатарластарынан кем қылмауы үшін жанын салатын – ата-ана. Репетитор қызметі үшін де қалтасынан қаржы төлеп, ұл-қызының білімді болғанын қалайтындар да - солар.

Павлодар қаласының тұрғыны Майгүл Дүйсенова 3 баланың анасы. Жұбайы екеуі - жеке кәсіппен айналысатындықтан, балаларының сабақ үлгерімін қадағалай алмайтындарын айтады.

- Жолдасым екеуіміз сауда саласында қызмет етеміз. Таңнан кешке дейін жұмыстамыз. 2 балам мектепке барады. Олармен бірге үй тапсырмасын орындауға уақытымыз жетпейді. Бұдан бөлек, қазіргі оқу бағдарламасы жаңартылған. Сондықтан ескі жүйемен білім алған бізге оны түсіну қиын. Бастауыш сыныпта оқитын қызыма репетитор жалдаймыз. Түстен кейін қосымша білім беретін маманмен үй тапсырмасын қарайды. Түсінбеген тақырыбын сұрайды. Ұлым - 9-сынып оқушысы. Химия пәнін ерекше жақсы көреді. Болашағын да осы саламен байланыстырғысы келеді. Сондықтан химиядан білімін арттыру үшін аптасына 2 мәрте репетиторға барады. Сабақтан тыс қосымша білім беретін ұстаздардың да барын білеміз. Бұл ата-аналар үшін де ыңғайлы деп ойлаймын. Өйткені бала мектепте ғана сабағын оқып, үйге қайтады. Оны мектептен кейін, репетитордың үйіне тасудың қажеті болмайды, - дейді Майгүл Дүйсенова.

Марат Досжанов есімді қала тұрғыны қазіргі оқу жүйесі балаларға салмақ салып отырғанын айтады. ТЖБ мен БЖБ-ны тапсыру үшін ғаламтордан көшіріп, дайын жауапты жаттап өскен ұрпақтың болашағына алаңдайды.

- Қазіргі бөлімдік және тоқсандық жиынтық бақылаулар – репетиторлардың білімін тексеру десем қателеспеймін. Ұлымның сабаққа деген қызығушылығы күн сайын төмендеп бара жатқандай. Күнделікті баға қойылмағандықтан, сабағыңды оқы деп айта алмаймыз. Бұрынғыдай өлең жаттап, мазмұндама, шығарма жазбайды. Өйткені оқу үлгерімін жоғарыдағы бақылаулар шешеді. Сондықтан ескі оқу жүйесі қайтып келсе екен, - дейді ол.

Бұл мәселе жөнінде облыстық білім беру басқармасына хабарласқан едік. Бас маман Ләззат Жанкенің айтуынша, ҚР «Білім туралы» Заңының 63-бабы 3-тармағына сәйкес, мемлекеттік білім беру ұйымдары ақылы қызметтер көрсету туралы шартты жасай отырып, қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыруға, оқу жоспары бойынша білім алушылармен қосымша сабақтар ұйымдастыруға құқылы. Ал бөлімдік және тоқсандық бақылауды ақылы негізде өткізу заңсыз әрекет болып табылады. Білім беру басқармасына ата-аналар тарапынан арыз, өтініш түспеген.

Қазақстанда репетиторлық қызмет лицензиялауға жатпайды. Қосымша білім алған оқушыдан нәтиже шықпаса, босқа кеткен уақыттың сұрауын кімнен аламыз? Түпкі мағынасына келетін болсақ, «репетитор» деген сөз қайталау дегенді білдіретінін естен шығармайық.


Түйін: Мамандардың пікірінен репетитор қызметіне сұраныс жоғары екенін көреміз. Мұндай қажеттілік неден туындап отыр? Қомақты қаржы алып, қосымша білім берумен айналысатындар ұстаздар сияқты мектеп бағдарламасы бойынша оқытады. Бала меңгере алмаған тақырыпты түсіндіреді. Білім ошағында тегін берілетін оқуды қайталаудан не ұтамыз? Әлде мұғалімдердің қызметінде кемшілік бар ма? Қосымша күнкөрістің салдарынан балалар жапа шегіп, білім саласы құлдырап кетпесе игі.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz