Енді бұлай болмайды

2021 жылға дейін ауыл шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның барысы облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында кеңінен талқыланды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Сәдібеков бағдарламаның әр тармағына тоқталды. Айтуынша, Елбасының алға қойған мақсатын орындауға күш салынуда. Яғни, 5 жыл ішінде еңбек өнімділігін, экспорт пен өңделген өнім көлемін кем дегенде 2,5 есеге арттыру межеленген. Бүгінде ауыл шаруашылығы өндірісінің өңірдің жалпы ішкі өнім көлеміндегі үлесі 5 пайызға жуықтаған. Биыл жарты жылда еңбек өнімділігі 9,5 пайызға артқан. Ағымдағы жылы жалпы өнім көлемін 251,4 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артық болмақ.

- Мемлекеттік бағдарлама аясында облыс агроөнеркәсіп кешенін дамытуға соңғы үш жылда 86,4 млрд. теңге бөлінді. Оның 46,4 млрд. теңгесі бюджеттен, қалғаны - «ҚазАгро» құрылымдары арқылы берілген несиелер. Жалпы, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі артты. Былтыр 19 млрд. теңге салынса, биыл 9 айдың өзінде 26,4 млрд. теңге құйылған. 2017-2019 жылдар аралығында 141 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Биыл жыл соңына дейін 19 млрд. теңгенің 41 жобасы іске аспақ, - деді Н.Сәдібеков.

Ал мал шаруашылығын дамытуға соңғы үш жылда 12,4 млрд. теңге жұмсалыпты. Асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялаудың басым бөлігі ірі қара малын көбейтуге бағытталыпты. Осы ретте, депутаттар субсидияны үлестіруде жіберілген қателіктерді алға тартты. Мәселен, облыстық мәслихат депутаты Қарлығаш Түсіпбекова жүргізілген аудит бюджеттік субсидияларды шаруашылықтарға негізсіз жалпы сомасы 492 млн. теңгенің аударылғанын анықтағанын айтты. Ақыры қате аударылған ақша шаруашылықтар шотында бірнеше күннен бір жылға дейін жатқан жағдайлары бар көрінеді. Ал осы уақытта қаншама шаруашылық сол субсидияға зар болып отырды. Енді мұндай олқылықтарға жол берілмеу үшін қандай қарекет жасалып жатқанын сұрады депутат.

- Ағымдағы жылдың наурыз айына дейін субсидияға өтінімдер қағаз түрінде қабылданды. Облыс бойынша қаншама шаруашылықтан өтінім түседі. Оны компьютерге енгізу қажет болатын. Бүгінде бұл қызмет түрі толық цифрландырылды. Еліміз бойынша «Qolday» атты бағдарлама жасалған. Сондықтан, бұдан былай негізсіз, қате төлем төлеу жайттары тіркелмейді. Енді бұлай болмайды, - деп сендірді басқарма басшысы.

Облыстық мәслихат хатшысы Бақыт Бексейітова жыл соңында осы мәселе бойынша басқарманың егжей-тегжейлі мәслихатқа анықтама тапсыруын талап етті. Ал депутат Қайрат Әбішев асыл тұқымды қара малды субсидиялау бойынша шаруалар тарапынан сатып алынған малды сақтап қалу жөніндегі талап орындалмай, қазынаға қайтарылуы тиіс қаржы жайында сұрады. Н.Сәдібековтің айтуынша, ескерту хат жіберілгеннен кейін 60 шаруаның 15-і өз еркімен сақтай алмаған малға алынған субсидияны қайтарған. Қалғандарымен жұмыстар жүргізілуде.

Ведомство басшысы барлық мал басының биыл өскенін атап өтті. Ет бағытындағы мал басын көбейту үшін «Сыбаға» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жоспар бойынша биыл 10 мың бастан астам мал әкелінуі тиіс. Қазіргі таңда 3 123 бас жеткізіліпті. Мәслихат депутаты Гүлмира Нұрханова бұл көрсеткіштің орындалмай қалатынына алаңдаушылық танытты. Басқарма басшысы Нұрлан Сәдібеков қаржылық институттарда мақұлданған, қаралып жатқан өтінімдер барын, жоспар жыл соңына дейін орындалатынын айтты. Еш қауіп жоқ деп сендірді.

Экспортты еселеу

Егін шаруашылығының жайы да баяндалды. Н.Сәдібековтің мәлім-деуінше, соңғы үш жылда бұл салаға 6,6 млрд. теңге бөлініпті. Нәтижесі де байқалған. Өнім көлемі артқан. Мәселен, дәнді дақылдар өндірісі 13,2 пайызға, картоп 10,7 пайызға, бақша дақылдары 4,9, майлы дақылдар 6,5 пайызға өскен. Егін шаруашылығында суармалы алқаптың алар орны бөлек. Мұнда резерв те аз емес. Өңірлік бағдарлама мақсатының бірі 2022 жылға дейін суармалы алқап көлемін 145 мың гектарға жеткізу көзделген. Биылдың өзінде 30 мың гектарды айналымға енгізу жоспарланған.Сонымен қатар, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес құзырлы орган Ертіс өзені мен Қ.Сәтбаев атындағы канал бойында орналасқан жер телімдеріне талдау жүргізген. Нәтижесінде суармалы алқапты 141,4 мың гектарға ұлғайтуға мүмкіндіктің барын анықтаған.

Баяндамашы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің ірі жобалары – крахмал және қант зауыттарын атады. Депутат Гүлжан Әбішева құрылысы 2020 жылы басталуы тиіс қант зауытын салуға нақты инвестордың бар-жоғын сұрады.

- Қазіргі таңда «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бұл бағытта жұмыс жасауда. Жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп жатыр. Қытайлық және түркиялық инвес-торлар қызығушылық танытуда. Кездесулер өткізілуде. Бізге, әрине, сенімді әрі нысанды мерзімінде бастап, аяқтайтын инвестор қажет. Осы бағытта тыңғылықты жұмыс жүргізілуде. Яғни, ниет танытып отырған инвесторлар бар, арасынан таңдалады, - деді Нұрлан Майданұлы.

Мәслихат сессиясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты да қозғалды. Н.Сәдібековтің мәлімдеуінше, былтыр 31 пайызға өскен. Оның ішінде өңделген өнім экспорты 2,6 есеге артыпты. Өнімін экспортқа шығарушы кәсіпорындар саны да өскен. Олар биыл 25 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін шетелге жөнелткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,4 пайызға артық. Дегенмен, депутат Жанат Тұрлыбаев экспортталатын егін шаруашылығы өнімдерінің көлемі өскенімен, мал шаруашылығы өнімі кемігенін алға тартты. Н.Сәдібеков статистикалық мәліметтерде керісінше, өсім тіркеліп отырғанын атап өтті.

Жер жете ме?

Агроөнеркәсіпті өркендетудің тағы бір тармағы - кәдеге жаратылмай жатқан жерлерді қайта айналымға қосу. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Руслан Дәуітбаевтың мәліметіне сүйенсек, 2016 жылдан бері аудан-қала әкімдіктерімен арнайы меморандум жасалады. Яғни, әкімдіктегілер пайдаланылмай жатқан жер телімдерін айналымға тартуға күш салуы тиіс. Соңғы 3 жылда 1659,6 мың гектар жер конкурс бойынша және конкурс- тан тыс пайдалануға берілген. Депутат Анатолий Бойчин меморандумды кей аудандар жоспарды асыра, кейбірінде, керісінше, төмен болуының себебін сұрады. Басқарма басшысы Железин, Тереңкөл, Аққулы, Успен аудандарында, Ақсу қаласының ауылдық аймағында тиісті көрсеткішке әлі жетпегенін атап өтті. Десе де, жыл соңына дейін барлығы орындайды деп сендірді.

Депутаттар кейбір елді мекендерде тұрғындардың қорадағы малын жаюға жер жоқтығын айтып, шағымдану деректері барын айтты. Осы бағытта құзырлы орган әр азаматтың мәселесін жеке қарауы тиіс, деді Б.Бексейітова. Р.Дәуітбаевтың айтуынша, мұндай жер жетіспеушілігі Тереңкөл, Павлодар, Шарбақты аудандарында байқалуда. Дегенмен, мұндай мәселелер кейбір аудандардың географиялық орналасуына да байланысты болып отыр. Әйтпесе, облыс бойынша бос жатқан 2 млн. гектардан астам жер бар.

Жалпы, облыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Сайлау Оразбаев ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстарға оң бағасын берді.

Мақсатты жұмсалуы маңызды

Халық қалаулылары жер телімдерінің мақсатты жұмсалуына қадағалау күшею қажеттігін айтты. Облыстық қала құрылысы және жерді бақылау басқармасының басшысы Азамат Нығматов жер кодексіне сәйкес шаралар қолданылатынын атап өтті. Мәселен, пайдаланылмай жатқан жерлерге қатысты жоғарылатылған жер салығы қолданылады. Бұл салық бойынша биыл қазынаға 84 млн. теңге түсіпті. Былтырғыдан әлдеқайда көп көрінеді.

Облыстық мәслихат депутаты Орал Сартаев Жасыбай, Сабындыкөл көлдерінің маңында құрылыс жүргізуде талаптардың сақталмайтынын айтып, алаңдаушылық танытты. Яғни, суды қорғау белдеуі, қызыл сызық сияқты талаптар қаперге алынбайтын көрінеді. Жасыбай демалыс аймағында үйлер салуда өрт қауіпсіздігі талаптары ескерілмейді, деді. А.Нығматовтың айтуынша, Жасыбай демалыс аймағында 10 демалыс үйінің иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Айтуынша, мұнда жобасыз, рұқсатсыз құрылысқа кіріскен кәсіпкерлер болған. Бірақ, нақты заңсыз салынған нысанды сүріп тастау жағдайы болмағанын айтты. Облыстық мәслихат хатшысы Б.Бексейітова құзырлы органнан бұл бағытта бақылауды күшейтуді сұрады. Рұқсатсыз құрылыс бастағандардың біреуінің болсын ғимаратын сүріп, өзгеге сабақ болатындай әрекет жасалуы тиіс, деді.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz