Бұл жөнінде облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында мәлім болды. Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Бауыржан Қапеновтің мәлімдеуінше, жалпы 1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күні мен 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай облыста 500-ден аса іс-шара өтеді. 300 мыңнан астам тұрғынды қамту көзделіп отыр. Тұңғыш Президент күні қарсаңында, яғни, 29 қарашада аймақтың барлық мектептерінде жаппай Елбасының көшбасшылық қырын паш ететін ашық сабақ өткізілмек. Бұл шараларда дәріс оқуға қоғамдық пікірдің беделді көшбасшылары тартылмақ. Сонымен қатар, Естай атындағы Мәдениет сарайында мерекелік концерт өтеді. Онда алғаш рет «Ертіс дарыны» жастар сыйлығы салтанатты түрде табысталмақ. Яғни, 10 аталым бойынша 20 жас марапатталады. Әрқайсысына 500 мың теңге берілмек. МузАрт тобының орындауындағы «Ертіс-Баян» музыкалық бейнебаянының тұсауы кесілмек. Тұңғыш Президенттің бес қырымен танысу үшін аймақ тұрғындары облыс орталығындағы бес мәдени ошақты аралап шығуы тиіс. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуеновтің айтуынша, Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде Елбасының балалық шағы, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде жастық шағы, облыстық көркемсурет музейінде басқару жылдары, оның ішінде облысымызға сапары туралы ақпарат алуға болады. Ал Шафердің музей-үйінде Елбасының сүйікті әндері шырқалмақ.

Тағы бір айта кетерлігі, «Мәдениет синергиясы» атты жоба іске қосылады. Яғни, бірнеше күн қатарынан тұрғындар түрлі жанрдағы ән-жырдан сусындайды. Облыс әкімі Болат Бақауов бір ғана концертпен шектелмей, бірнеше күн халықтың көңілін көтеру орынды бастама екенін атап өтті.

Тәуелсіздік күніне арналған іс-шаралар да аз емес. «Бабалар аманаты - Тәуелсіздік» атты салтанатты концерт ұйымдастырылады. Мұнда мемлекеттік наградалар табысталмақ. Кешті ҚР Еңбек сіңірген артисі Айгүл Иманбаева мен «24 кз» телеарнасының жүргізушісі Алмас Әшім жүргізеді деп жоспарлануда. Өңіріміздің 60 өнерпазы еліміздің Әнұранын орындайды. Жалпы, Тәуелсіздік күніне орай облыста 250-ден астам іс-шара өткізілмек.

Қос атаулы күнде облысымызда 20 шақты нысан ашылып, игілікке берілмек. Павлодар қаласында және Ақсуға қарасты Қалқаман кентінде көп қабатты үйлер қолданысқа беріледі. Павлодарда жеке тұрғын үйлер кешенінде 18 отбасы қоныс тойын тойламақ. Электроника және коммуникация колледжінің 200 орындық жатақханасы, Усолка шағын ауданында «Мечта» сауда үйі, Жастар және шығармашылық үйі ашылады. Онкологиялық диспансер, кірпіш зауыты, «Спорт-ситиде» футбол манежі қолданысқа беріледі. Соңғысын аймақ басшысы аудан-қала әкімдіктері қызметкерлері арасында футболдан турнирмен ашуды ұсынды.

Облыс әкімі кез келген шараның әлеуметтік бағыты басым болу керектігін қатаң тапсырды. Құзырлы органдарға мұқтаж жандарды анықтап, жақынға жәрдемдесу, «Қамқорлық» шарасын өткізудің маңыздылығын атады. Адамдардың көңілі көтеріңкі болмаса, мереке де сезілмейтінін ескеру керек, деді. Сонымен қатар, атаулы күндерге орай еліміз бен аймақ дамуына үлес қосып жүргендерді өндірістерде марапаттау, жоғары нәтижелері үшін сыйақы төлеп, ынталандыруға маңыз беруді атап өтті.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz