Облыс әкімдігінде туризмді дамыту тақырыбы талқыланған аппараттық жиында аймақ басшысы Болат Бақауов осылай деді. Биыл Жасыбай демалыс аумағына жазғы маусымда 200 мыңнан астам демалушы келген. Торайғыр мен Сабындыкөл көлдерінде тыныққандарға нақты есеп жүргізілмепті. Сондықтан, көрікті мекенді көріп қайтқандар қатары әлдеқайда көп болуы әбден мүмкін. Жиында Баянауыл ауданы аумағында туризмді дамыту жан-жақты талқыланды. Облыстық туризмді және спортты дамыту басқармасының басшысы Марат Айдашевтің айтуынша, еліміздің туристік орындар картасының ондығына енген Баянауылды көркейтуге арналған 2019-2025 жоспарда 10 бағыт бойынша 32 жоба қарастырылған. Әрбір бағыт Баянауылға туристі көптеп тартуды көздейді. Мәселен, Жасыбайда электр қуатына деген тапшылық жойылады. Себебі, электр желісі тартылуда. Мұнда сумен қамту ісі де жүзеге асады. Баянауыл ауданының орталығында кәріз жүйесі мен тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының құрылысы қолға алынбақ. Талшықты-оптикалық байланыс желісін тартудың тетіктері қарастырылуда. Келесі жылы Торайғыр көлі және Мырзашоқы тауы айналасын ұялы байланыспен қамту үшін екі мұнара орнатылмақ. Торайғыр ауылына және Жасыбай көліне апаратын кіре-беріс жолдарға орташа жөндеу жүргізіледі. Жасыбайдан Қоңырәулие үңгіріне апаратын жол жөнделеді. Бұл ретте, облыс әкімі жобада су өткізу құбырларын қарастыру қажеттігін еске салды.

Оған қоса, Шарбақты ауданындағы Маралды көліне келушілер де көбейген. Бұл демалыс аумағында да жұмыс қарқын алған. Алдағы жылы көлге апаратын 3,3 шақырым жол ретке келтіріледі. Жолдың жайын туристер де көтеріпті. Арнайы сауалнама нәтижесінде мұнда тынығушылардың 75 пайызы қызмет сапасына көңілдері толғанын білдірсе, 22 пайызы қанағаттанбаған. Баянауылдың курорттық аймағында тыныққандардың 35 пайызы қызмет сапасын әлі де жетілдіру қажеттігін алға тартыпты.

Облыс әкімі Б.Бақауов саладағы олқылықтарды сынға алды. Мәселен, Жасыбай көлі маңында аяқсыз қалған құрылыстармен күресті күшейтуді тапсырды. Яғни, иесі істі соңына жеткізбесе, жерді кері қайтаруға дейін қарекет қажет.

Тағы бір айта кетерлігі, Баянауылдағы шағын әуежайдың барлық жұмыстары алдағы жылы толық аяқталып, облыстық жолау-шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының балансына өткізілмек. Бұл ретте, аймақ басшысы Павлодар мен Баянауылға әуе арқылы қатынау құнын бюджеттен субсидиялауға қаржы қарастыруды тапсырды. Яғни, алдағы демалыс маусымында туристер Баянауыл жеріне ұшақпен жетуге мүмкіндік алуы қажет.

Қысқы туризмнің мол мүмкіндігі бар Мырзашоқының жайы да қаралды. Облыс әкімі жұмыстардың 95 пайызы тәмамдалып, су жеткізу ісі ғана аяқсыз қалғанын сынға алды. Сонымен қатар, бірнеше күнге баратын жандарға «Факел» демалыс орнынан Мырзашоқы басына қатынайтын автобус мәселесін шешуді жүктеді. Шаңғы базасы жайында бейнероликтер жасап, көрші облыстарға дейін таратуды, тау басында желдің қаттылығын ескеріп, қорғайтын қалқан қарастыруды тапсырды. Қазіргі таңда мұнда жабдықтар мен арнайы киімдерді жалға алып, шаңғы теуіп, арқанды жолмен тау басына жетуге жағдай жасалған. Тамақтанатын орындар да қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, қар қалың болса, таза ауада тынығып, қыс қызығын көруге асығатындар қарасы аз болмасы анық.

Сондай-ақ, сакралды орындарға апаратын жолдарды ретке келтіру айтылды. Айтпақшы, алдағы уақытта ауылдың тіршілігімен етене танысқысы келетін қалалықтарға жағдай жасалмақ. Облыс әкімі әлемдік тәжірибені алға тартып, аудан әкімдеріне демалыстың осы бір бағытын дамытуды қолға алу қажеттігін атап өтті. Ал облыс орталығының көрікті жерлерін көрсетіп, аралайтын арнайы экскурсиялық автобус шығарылмақ. Павлодар қаласының әкімі Қайрат Нүкеновтің мәлімдеуінше, медициналық туризмді дамытудың да мүмкіндіктері бар. Мәселен, Мойылды шипажайына алыстан ағылатын ағайын аз емес. Бірақ, орын жетіспеушілігі байқалып отыр. Сондықтан, шипажай аумағында жаңа корпустың құрылысын аяқтауға инвестор іздестірілуде.

Аймақ басшысы облыс орталығында қонақүй бизнесінің әлі де жетілдіруді қажет ететінін атап өтті. Бұл ретте, 4 жұлдызды қонақүй салуды қолға алуды айтты. Ол үшін алдымен он күн ішінде лайықты жер телімін табуды тапсырды. Бұл қонақүйден Ертіс өзенінің әсем көрінісі көрініп тұруы тиіс. Қонақүй бизнесі қысқа мерзімде өзін ақтайтын бағыт емес, сондықтан, жер телімін белгілеп, инженерлік желі тартып, содан кейін инвесторға ұсыну керек, деді Б.Бақауов. Сондай-ақ, облыс әкімі триатлон базасы құрылысының да көпшіліктің сұрап жүрген жобасы екенін еске салды.

Аймақ басшысы әр аудан-қалада өзіндік туристік бағыт барын атап өтті. Тек оларды анықтап, дамытуға күш салынуы тиіс.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

Суретті түсірген - Владимир Бугаев.

saryarka-samaly.kz